(мақала 2011 жылы жазылған)
ХХ ғасырда жасап өткен ұлт зиялыларының ішінде өзінің лайықты бағасын алып, халыққа бар бітім-болмысымен таныла алмай келе жатқан тұлғалардың бірі – Сәдуақас (Сәкен) халфе Ғылмани. Оның кім болғанын аз сөзбен түйіндеп айтар болсақ: Қазақстан мұсылмандары қазиатының Бас қазиы (1952-1972), ғұлама дінтанушы, қоғам қайраткері, ақын, ағартушы-күрескер, аудармашы, фольклоршы. Орта Азия және Қазақстан діни басқармасының алқа мүшесі болған.
«Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы» атты кітап, «Ел аузынан жиған-тергендер» (би-шешендер сөзі) жинағын даярлаған. Құран-Кәрім аяттары мен хадистердің қазақша тәфсірлерін, мәуліт өлеңдерін, діни сауалдарға жауаптар мен уағыздар әзірлеген. Әйгілі шығыс дастаны «Кәлилә мен Димнаны» қазашаға аударған. Қазақстан Ғылым академиясының тапсырмасымен әл-Фараби шығармаларын тікелей араб тілінен қазақшаға аударуға ат салысқан. Олжабай Нұралыұлы екеуі Л.Толстойдың «Адамның ақыл парасаты» атты еңбегін өлеңмен аударған. Ең батысы, тұңғыш рет 110 мыңға жуық сөзден тұратын арабша-қазақша түсіндірме сөздік құраған.
Өкінішке орай, өзінің жерлестері мен жақын танитын қайсыбір адамдар және дінге қатысты орта болмаса, былайғы жұрт Сәкен Ғылманиды біле бермейді. Оның себебі, Сәкен шығармалары кеңес уағында әдеби айналымға түсіп, ақын ретінде танылған кісі емес. Өлеңдерінен басқа, діни тақырыпқа жазған тәрбиелік-танымдық еңбектері, аудармалары мен арабша-қазақша сөздігінің өзін жарыққа шығара алмаған. Сәкен халфенің бұқара көпшілікке танылмауының тағы бір себебі, ол уақытта мешіт төңірегіндегі адамдарға көпшілік жұрт тек діни уағыздаған молла деп қана қараған.
Сәкен Ғылмани жоғарыда айтқанымыздай, тек ислам ілімі мен сара сөздің ғана көрнекті өкілі емес, сондай-ақ, «замана күйісінен жаңылған» аласапыранды уақыттың бар трагедиясын бастан өткеріп, топас саясаттың тоқпағын жеп, соқтықпалы соқпақтан өткен тұлға.
Осы арада бірер ауыз сөзбен Сәкен халфенің қысқаша өмірбаянына тоқтала кетсек. Ол кісі 1890 жылы Ақмола облысы, Ерейментау ауданының Малтабар ауылында туған. Арғы аталары тағдыр айдауымен башқұрт елінен Арқа жеріне келген діндарлар болса керек. Кейін Ереймендегі қанжығалы ішіне «естек» деген бір ата боп біржола сіңісіп кетеді. Бұл жөнінде халфе өзі:
Бабамыз – башқұрт ру, түрік заты,
Еуропалық Бұлғаның дәмін татты.
Гүберне Самар деген – зор бір шаһар,
Үйезге қарайтұғын Бүгілме атты.
Ауылды Деніс деген мекен етіп,
Тағдырдың басқа жазған бәрін күтіп.
Ғази атты атадан тарап өскен,
Сегіз туыс қатардан бәрі ержетіп.
Сол сегіздің біреуі біздің баба,
Шашқан ырызық тергізіп Хақ тағала.
Сарыарқаға дәм айдап кеткен шығар,
Тағдырдың айдауына бар ма шара?
Башқұрт, ноғай, түрік пен қазақ туыс,
Тарих жүзін көргенге бәрі – әшкәрә.
Бәрі ағайын, бірін де бөтендік жоқ,
Жаралан бір зат емес жеке дара, – деп өзінің арғы түбі Бұлға (Волга) бойынан, Самара шаһары жағынан, Бүгілме (Бугульма) уезі, Деніс деген ауылдан екенін білдіреді. Ғази деп отырған арғы бір аталары Уфада мүфти болған екен дейді қайсыбір жазбаларда.
Осылай жазмыш айдап Ереймен жеріне келген Сәкеннің үшінші атасы Мұхамедияр ел ішінде Сармолла атанып, үйлі-баранды болып, кейін паташа заманында Ерейментаудағы екі болыс елдің «указной молласы» болып тағайындалып, халықтың бір сыйлы адамына айналады. Сармолладан – Ахмет, Сәлмен, Рүстем атты үш ұл дүниеге келіп, оның Сәлменінен – Ғылман, Шапақ, Рахметолла атты үш бала тағы туады. Осы Ғылман – Сәкен халфенің әкесі.
Бір айта кетерлігі, қазір Сәдуақас Ғылмани деп жазылып жүргенімен, Омбыдан бері қарайғы ел іші бұл кісіні Сәкен халфе деп біледі. Өзінің есімі жайлы халфе 1970 жылдары бір фотосуреттің сыртына мынадай өлең жолдарын жазған екен:
Мен қария – сексен асқан ақын Сәкен,
Еркелетіп атапты солай әкем.
Шын атым азан айтқан – Сағирақадыр,
Мекенім – Ерейментау өсіп-жеткен, – дейді.
Осыған қарап бұл кісінің шын есімі Сағирақадыр шығар деп топшылап жүргенбіз. Дегенмен, өзі өмірбаяндық жазбасында: «Лақап атым – Сәкен, азан айтылып қойған атым – Сәдуақас» – деп жазады. Сол себептен, жоғарыдағы фотосуретке жазылған бір шумақ өлеңнің сыры әзірше белгісіз.
Енді жоғарыдағы әңгімеге қайтадан оралсақ, тағдырдың айдауымен Ереймен жеріне келген Сәкеннің үшінші атасы Мұхамедияр ел ішінде Сармолла атанып, үйлі-баранды болып, кейінен Ерейментаудағы екі болыс елдің «указной молласы» болып, сол елдің бір сыйлы адамына айналады. «Указной молла» – заңмен бекітілген діни қызмет, яғни діни жұмыстардан басқа, ел ішіндегі туған, өлген адамдарды тізімдеп жазып отырады. Сәкен халфенің арғы аталары Ереймен жерінде «указной молла» болды дегенді бұрында әр жерден оқып жүретінбіз. Бірақ нақты дерек кездеспеп еді. Дегенмен, тарихи құжаттар іздестіріп жүріп, Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұрағаттан «Дело о допуске казахов к исполнению должности мулл по волостям» деп аталатын құжат тауып алдық. Осы кезде Ақмола сыртқы округінде ахун болған Әбділменев деген кісі екен. Аты жазылмапты. Болыстардағы указной моллалар: Ысқақ Юсупов, Қожахмет Хамзин, Меңке Меңгелов, Мешітбай Бердіқожин, Мұхамедияр Мұхтаров. Осы Мұхамедияр Сәкен халфенің үшінші атасы. (ООМ. 345 қор.1тізбе. 1772 іс. 1859-1864)
Мұхамедияр-Сарымолладан – Ахмет, Сәлмен, Рүстем атты үш ұл дүниеге келіп, оның Сәлменінен – Ғылман, Шапақ, Рахметолла атты үш бала тағы туады. Осы Ғылман – Сәкен халфенің әкесі. Бұл кісі өзінің өмірбаяндық өлеңінде былай дейді:
Туған жерім – Ереймен,
Малтабардың саласы.
Қоныс қылған арғы атам,
Жарлыкөлдің жаағсы.
Өскен елім Жапардың,
Бәрі қандас баласы.
Кірме болған арғы атам,
Жетірудың арасы.
1890 жыл,
Мен туғанның шамасы.
Он жеті жас мезгілде,
Іздедім ғылым расы.
Ахмет халфе ұстазым,
Оспан қажы баласы.
Төлеңгіт деген рудан,
Үздік шыққан қарасы.
Үзбей түстім оқудың,
Кездеспей бос күн шамасы.
Алты жарым жыл оқып,
Хатым еттім, қарашы.
Мың шүкірлік Иеме,
Жоқ ниғматтың шаласы.
Бліген менен білместің,
Көк пен жердей арасы.
Содан кейін өмірдің,
Жұмсадым бәрін сол жолға.
Ұстаздың айтқан ақылы,
Ризалығым деп онда.
Үйретумен қанша жыл,
Медресе ашып дін жолда.
Шәкірт жиып топтады,
Тәңірім, бетті деп оңда.
Оған кесел туған соң,
Үгіт жағын ап қолға.
Жұмаға жидым ер-әйел,
Сауап көп қой деп мұнда.
Қалмай елім жиналды,
Мешітке сыймай кеп онда.
Сонда жоқ қып бұл тұрмыс,
Бас қашырдық жон-жонға.
Одан да тірлік таба алмай,
Ұзақ сапар боп жолда.
Тарлық көрдім тұтқын боп,
Кездесіп құрған бір торға.
Аштық пәле тағы кеп,
Қалды үйім мол сорда.
Үш-төрт жаным қаза боп,
Қаналдым тіпті бұл жолда.
Екі балам ғұрпатпен,
Көзі жаудырап бір қолда.
Бес жүз шақырым жерге ауып,
Бірі тоғызда, бірі онда.
Қаңғып кеттік бас қорғап,
Айтайын халқым, кел, тыңда.
Бір әйелмен, бір басым,
Ауып келдік біз мұнда.
Қандасым деп мекендеп,
Мырзекең* ауылын бір жылда.
Бала, атамен бас қостық,
Құралып, мәз боп біз мұнда.
Тәңірім сақтап, қосылдық,
Кездесіп түрлі зор сынға.
Серік әйел тағы өтті,
Қаза жетіп қыршынға.
Жер-жерінде көме сап,
Баттық сондай «мыршымға».
*Мырзеңең ауылы – Омбы облысындағы қанжығалалардың Мырзаболат ауылы.
Осы өлеңінде халфе: «Кірме болған арғы атам, Жетірудың арасы» – дейді. Ерейментауда Жетіру-Қанжығалы, Қамажапар-Қанжығалы деген екі болыс ел болған. Байқасақ, Сәкен халфенің арғы аталары әуелде Жетіру болысының ішіне келіп орныққан екен. Бірақ халфе өзі Қоржынкөл болысының қазағы болып есептеледі. Осы себептен, неліктен бір болыстан екіншісіне ауысып кетті екен деп ойладық. Оның себебін Сәкен халфенің өз жазбасы 2010 жылы шыққан «Сәдуақас Ғылмани» атты кітаптың алғы сөзінде берілген. Онда былай дейді: «С. Ғылманидың таратуы бойынша, бұлға (Волга) бойындағы Бүгілмедегі (Бугульма) Ғази атты бабасынан – Мұхтар, одан – Мұхамедияр туады. Мұхамедиярдың ұстазы Болгарияда дін оқуын оқыған Ғабдурахим деген ғұлама екен. Ол сол ұстазынан Бұхараға барып оқуға рұхсат алады. Сөйтіп, Орталық Азияға бір серігін ертіп аттанады. Бірақ жолда бұларды қарақшылар ұстап тонайды. Жұрдай болған екеуіне керуеншілер жолығады. Бұлар керуен тартқан Баянауыл-Қызылтау жерінің адамдары екен. Екі шәкірт керуеншілерден көмектесуін сұрап, әлгілерге ілесіп, қазақ жеріне жетеді. Сөйтіп жүріп Қанжығалы ішінде Құдайберді-Киікбай табынан Бозайұлы Қожаберген деген кісіге кездесіпті. Әжептәуір оқуы бар Мұхамедияр осы байдың молласы болып қалады. Екі жігіттің ойы – азғана уақыт моллалық құрып, қаражат жинап, әрі қарай Бұхараға аттану. Бірақ келесі жылы жұт болары сезіледі. Ел адамдары Мұхамедиярға жинаған малың текке қырылады, оданда үйленіп отау бол деген кеңес береді. Сөйтіп, жас молла Ереймен ішін жайлап жүрген айдабол елінің бір байының Ырыс атты қызын алады. Мұхамедиярды өз баласындай етіп отау түсірген Қожаберген: «Енді менің бес балам бар, үлкендері – Жандыр, Байсерке, ортаншысы Сармолла (Мұхамедияр), кішілері – Азынабек, Жұмабек» – депті.
Осы Сарымоладан – Ахмет, Сәлмен, Рүстем туады деп жоғарыда айтып кеттік. Ереймен елінің төресі Нұрхан Сыздықұлы (Уәли ханның немересі) Қожабергенге өкіл күйеу бала екен. Сол төре балам Сәмекені оқытам деп, Сармолланы сұрайды. Сөйтіп, Мұхамедияр Қызылшіліктегі Нұрхан ауылына көшеді. Ақыры топырақ Сармоллаға сол Қызылшіліктен бұйырған екен. Бұдан кейін оның орнына молла болып Сәлмен атты баласы отырады. Бірақ бертінгі уақытта оған Жетіру-Қанжығалы елінің белгілі Кәрібай болысы қысым жасап, Сармолланың жерін тартып алып, Мұхамедияр ұрпағы амалсыз Қоржынкөл болысының жеріне көшеді». Міне, Сәкеннің аталарының Жетірудан кетіп, Қоржынкөл болысынаң жеріне көшу себебі осы екен.
Тағы бір айта кетені жайт, біздер 2009 жылы шыққан тарихи-танымдық «Ерейментау» атты кітабымызда Сәкен халфенің арғы аталары туралы сәл басқаша дерек бергеміз. Ол деректі Сәкен халфенің замандасы Ниғмат Ғабдырахманұлы деген адамның жазбаларынан алып едік. Бір қызығы, Ниғмат марқұм аталмыш деректерді Сәкеннің өз жазбаларынан алдым деп көрсетеді. Онда былай делінеді:«1650-1700 жылдар шамасында Қазан қаласының мүфтиі Ғази деген адам болған екен. Ол кісі қайтыс болғасын, орнын баласы Мұхтар басады. Осы Мұхтардың Тухфатулла деген бір баласы Уфадағы «Ғалия» медресесін бітірген уақытта, сол жаққа сапарлап саудамен барған Қанжығалы елінің адамдары оны осы елге аз уақытқа қолқалап сұрап әкеледі. Елге әкеліп, Қоржынкөлде медресе ашып, бала оқыттырады. Тухфатулланы ел адамдары өңінің сарғыштығына байланысты «Сармолла» деп атап кетіпті. Сол заманда жасы жиырмалар шамасында екен дейді. Қыстың күні киіз үйде тұрып үйренбеген адамға паналау қиын болғасын, басына шымнан үй тұрғызып, жанына бір қызды қосыпты. Ол қыз жүкті болып, молла еліне қайта алмай қалып қояды» – делінеді.
Бір таңқаларлығы, Сәкен Ғылманұлының қайраткерлік еңбегіне келсек, ол әрідегі Троицк пен Уфаға, тіпті іргедегі Қызылжарға немесе мына жақтағы Бұқарай-Шәріпке барып, үлкен діни білім алған адам емес. Ол бар болғаны, Ерейментаудың Тойғанкөліндегі Ахмет (Ақтамақ халфе) Ғосманұлы деген адам ашқан діни медреседе 6-7 жыл ғана оқыған. Бірақ туа-бітті табиғи дарыны иесі, зердесі зерек бұл адамның көзі жұмылғанша бір академияның жасайтын жұмысына пара-пар іс атқарған ғұламалығы мен қажыр-қайратына таңдай қақпасқа амалың жоқ. Бұл жөнінде Ерейментау жерінің тумасы, Сәкеннің өз замандасы Ақтан халфе Жақияұлы деген кісінің: «Біз ғылымның есігін қос қолымызбен итеріп ашсақ, ол есік Сәкеннің алдынан өзі ашылатын» – деген сөзінен Ғылманидың табиғи дарынды, аса алғыр, көкірек көзі ашық адам екенін байқауға болады.
Ақтамақ халфенің медресесінен шыққан соң ел ішінде моллалық құрып, өзі де медресе ашып бала оқытып жүрген (мүмкін үлкен оқуға бармаққа қаржы жинағысы келді ме) жас Сәкен Ерейментау еліне үлкен қасірет әкелген 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске килігеді. Жазалаушы әскердің ауыл-ауылды аралап, халықты қалай қан-жоса еткенін көзімен көреді. Жазықсыз ажал құшқандардың арасында патша солдаттарының оғынан өлген Сәкеннің өз ағасы Мұқан да бар еді. Бұл кезде оның ұстазы, әрі ақылшысы Ақтамақ халфеге ел ішіндегі есерсоқтардың қолы тиіп, ол біржола Ақмолаға қоныс аударып кетеді…
Бұдан соң іле-шала төңкеріс келіп, дала төсінде тағы да алмағайып күндер орнап, ақ қашып, қызыл қуған заман жеттті. Тағы да жазықсыз төгілген қан, тағы да шулаған ел, даланы шаңдатқан қарулы әскер…
Осы аласапыранның аяғы 1928 жылғы кәмпескеге ұласып, оның соңы ел ішіндегі қожа-молла атанған адамдарды аяусыз қуғындауға жалғасып, ақыры аты шулы ашаршылыққа барып тіреледі. Аштықтан есі кеткен Ереймендегі елдің біразы жаяу-жалпылап Омбы ауды. Бұл кезде үйлі-баранды болып, Төренің ауылында мешіт-медресе ұстап отырған Сәкен Ғылманұлы да амалсыздан бас сауғалап, отбасын ертіп Ақмолаға бет түзейді.
Осы бір қасіретті күндер жайлы Сәкен халфенің қызы, тоқсан жастан асып қайтыс болған Үкіжан апа былай деп әңгімелейтін: «…Қысым күшейген соң, мешіт-медіресенің есігін жіппен байлап, үйімізден түк зат алмай, 1931 жылы 9 адам болып екі атпен ғана шыққанбыз. Ақмола қаласына келген күні екінті намазында әкемді ұстап алып кетті. Тамағымызға дейін тартып алды. Сол жереде 5 адамымыз аштан өлді. Анам да ісіп-кеуіп қайтты. Әкем 57 күн түрмеге қамалып қалды. Анам марқұмды орыс зиратының жанына көмдік. Ең болмаса балалары аман қалсын деп, бізді Жаңаарқадағы туыстарымыз алып кетті. Әкем түрмеге түскенде, қасында Мусимов Әбдікерім деген бір адам болған екен. Сол кісі түрмеде қайтыс болғанда, Алланың әмірімен әкемнің бес уақыт намаз оқитынын біліп, иманы оянған түрме күзетшілері өлген адамның құжаттарын әкемнің қолына беріп, оны босатып жібереді. Соның себебінен, мен ұзақ уақыт Мусимова Мүмина Әбдікерімқызы болып жүрдім. Әкем де сол атпен елден қиырда, жасырынып тірлік кешіпті» – дейді.
Омбы жағына барып, осылай бөтен біреудің есімімен бой тасалап жүрген Сәкен Ғылманұлы бірер жылдан соң ел іші тынышталды-ау деген кезде Ерейментауға қайта оралып, Еңбек деген ауылда ұсталық етіп жүрсе керек. Бірақ бұл да ұзаққа бармайды. Түннің ортасында жанашыр бір адам келіп: «Шамаң келсе қазір кет, әйтпесе құрисың» – деген суық хабар жеткізеді. Амал бар ма? Тағы да түнделете жаяулап, Омбыға тартады. Осындай аласапыранды тірлік 1946 жылға дейін созылған екен.
Кеңес өкіметі 1943 жылы исламға қабағы сәл жібіп, Ташкентте Орта Азия мұсылмандарының діни басқармасын ашуға рхсат бергенін білеміз. Әрине, дінге бүйрегі бұрғандықтан емес, бұның артында үлкен саясат тұрған еді. 1946 жылы осы жақтан жылы хабар барғасын, Сәкен Омбыдан елге оралып, Ақмола мешітінің имамы болып тағайындалады. (Бұл қазіргі Астанадағы өзінің атындағы мешіт). 1952 жылы Қазақстан мұсылмандарының Бас қазиы, яғни аталмыш діни басқарманың біздің республикадағы өкілі болып тағайындалып, Алматыға қоныс аударады.
«Ештен-кеш жақсы» дегендей, осы Сәкен Ғылмани секілді ескерусіз қалған ерен тұлғаға кейінгі 4-5 жылда тарихшылар мен дінтанушылардың, әдебиетшілердің назары шындап ауа бастағанын қуана байқап жүрміз. 2005 жылы арабтанушы Мұхит Салқынбайдың жетекшілігімен Ғылманидың арабша-қазақша сөздігінің бір томы кітап болып жарық көрді. Ана бір жылы белгілі алаштанушы ғалым, «Алаш» мәдени және рухани даму институтының директоры Дихан Қамзебекұлы Сәкен Ғылманидың соңында қалған поэзиялық мұрасын жиыстырып, алғы сөз жазып, кітап етіп шығарды. Осы шаруаның барлығы «ғалымның хаты өлмейтіндігінің» іс жүзіндегі дәлелі және «ғылманитанудағы» алғашқы қадамдар десе де болады.
Жоғарыда атқарылған шаруалардан басқа, 2011 жылы қараша айының соңында Астанадағы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да Сәкен Ғылманидың шығармашылық мұрасын жан-жақты зерделеуге бағытталған «Тұлға және ғұлама құбылысы: кеше, бүгін және ертең» деген тақырыппен ғылыми конференция ұйымдастырылғанын да айта кеткіміз келеді. Аталмыш басқосуда сөйлеген белгілі ғалымдар Тұрсын Жұртбай, Серік Негимов және Еуразия университетінің дінтанушы, мәдениеттанушы ғалымдары С.Төлеубаева, О.Темірбеков, К.Тышқан, Е.Шоқаевтар Ғылмани еңбектерінің бүгінгі діни адасушылық уақытта аса қажеттігін, оның түп-тамыры дала төсінде ондаған ғасыр бұрын орнаған ислам негіздерінен бастау алатынын, ал ол құрастырған арабша-қазақша сөздіктің жалпы ұлттық ғылымға қосылған құнды дүние екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп әңгімеледі.
Заманның қиын-қыстау шағында соңына шам алып түскен ОГПУ тыңшыларынан бой тасалай жүріп, қағазы мен қаламын қолынан тастамаған Сәкен қандай қасіретті кезеңде де мойымай, кез келген сәтті өлең етіп қағаз бетіне түсіріп отырған. Бүгінде Сәкен Ғылманұлының осы жазғандарын оқи отырып, оның өзінің өмір жолынан ғана емес, жалпы сол уақыттағы қоғамның тыныс-тірлігінен де талай мағлұматтар алуға болады.
Естуімізше «Кәлилә мен Димна» дастанын арабтанушы Мұхит Салқынбай Ғылым академиясының қорынан тапқан көрінеді. Бұдан басқа Сәкен халфе ислам дініне қатысты 42 кітапша дайындап, өзге еңбектерімен бірге Ғылым академиясына тапсырған екен. Басқа дүниелері де өзінің іздеушісін күтіп жатқаны белгілі.
Ғылманидың ірі еңбегі –110 мыңға жуық сөзден тұратын арабша-қазақша сөздігі. Кезінде сан босағаны тоздырып, жарыққа шығара алмаған осы мұрасының бір парасы 2005 жылы бір том болып басылып шықты дедік. Еуразия университетінің кафедра меңгерушісі Самал Төлеубаеваның айтуынша, баға жетпес бұл еңбек толықтай оқырмандар қолына тиуі керек. Сәкен ғұлама араб сөздерін тек аударып қана қоймай, оның қалай оқылып, қалай пайдалану тәсілдерін көрсетіп, әдістемесіне дейін жазып кетіпті. Бұл оның араб грамматикасын жетік білгендігінің айғағы. Осы жөнінде халфенің тағы бір қызы Әминә апайымыз: «Әкем 1946-1966 жылдары бірыңғай сөздік жасауға отырды. Бұл – инемен құдық қазғандай еді. Қайтқанша соны түзетумен болды, тіпті каракасын қойып отырғанда дүниеден озды» – дейді. Ғалымның басқа да еңбектері жайлы Дихан Қамзебекұлы жоғарыда аталған кітаптың алғы сөзінде: «Дерек көздерінде «С.Ғылманидың «Діни педагогика» атты оқулық жазып, Махмұт Шалтуттың «Бейбітшілік пен соғыста» еңбегін және «Діни ғибраттар туралы түрлі мемлекеттерде шыққан заңдар» сынды құжаттарды аударғаны, сондай-ақ «Париж қаласынан
сұрақтар» деп аталатын теологиялық дүние әзірлегенін айтылады. Әлбетте, жүйесімен іздестірілсе, ағартушының басқа да жазғандары табылуға тиіс» – депті. Яғни, Сәкен мұрасының біразы әліде өз іздеушісін күтіп жатыр дегенімізге Д.Қамзекбекұлының осы сөзі дәлел.
Белгілі ғалым Ақжан Машани кезінде әл-Фарабидың қазақ жерінен шыққан ғұлама екенін дәлелдемекке кіріскенде, бүткіл Қазақстанда арабшадан аударатын адам табылмай, Сәкен халфеге жүгініп, ол «екінші ұстаздың» қажет болған еңбектерін қазақшалап, өлшеусіз еңбек сіңіргенін көп адам біле бермейді. Осыдан соң Машани Сәкенді «ғылыми жетекшім» деп атаған екен.
Сәкен халфе сонымен қатар ислам дінінің үлкен теоретигі болғанын айта кеткеніміз жөн. Олай дейтініміз, ол сол заманда-ақ уахабизм, салафизм секілді біздің дәстүрлі исламға жат ағымдардың жақсылық әкелмейтінін айтқан тұңғыш адамдардың бірі. 1943 жылы Ташкентте Орта Азия мұсылмандарының діни басқармасы ашылып, оған Зияуиддин Бабаханов деген адам Бас мүфти болып тағайындалады. Осы Бабаханов негізгі діни идеологиясы салафизм болып табылатын Сауд Арабиясында алған біліміне сүйеніп, Орта Азия елдерінде салафилік тұрғыдағы «таза ислам» орнатпаққа күш салады. Міне, осы кезде сол басқарманың Қазақстандағы өкілі, яғни қазиы және алқа мүшесі бола тұра Сәкен Ғылмани бұған барынша қарсы болып, уахабшылар идеясын теріске шығаратын Мухаммад Махлуф деген кісінің «Құран сөздерінің мағыналарына жасалған ашықтама» атты еңбегін аударып, салафизмнің негізін салушы Ахмад ибн Таимия бағытының қате екенін көрсететін 21 түрлі дәлел келтіріпті.
2015 жылы Алматы қаласынан Сәкен Ғылманидың «Заманымызда болған ғұламалар ғұмыры» деген кітабы басылып шықты. Аталмыш кітапта Сәкен халфенің бүгінгі қолда бар қолжазбалары туралы толық анықтама берілген. Бұл еңбекте сондай-ақ, ғалымның өз өмірбаяны қамтылып, біршама ақын-жырау, би-шешендердің сөздері, діни өлеңдер топтастырылған. Кітаптың негізгі бөлігі сол заманда Атығай-Қарауыл, Керей, Қанжығалы, Қыпшақ, Сүйіндік елдерінен шыққан діни қайраткерлердің өмірі мен қызметтеріне арналған.
Мысалы, Ерейментау жерінен шыққан Қанжығалының Есіргеп атасынан Тоқан хазірет Домаұлы, Төлеңгіт Ахмет (Ақтамақ халфе) Оспанұлы, Қожа Күдері ишан Шыңқожаұлы, Баукен Күдеріұлы, Қожа Әкбар халфе Жортпаұлы, Бөгенбайдың Тасбақа атасынан Мұхаметжан Біржімбайұлы, Малай атасынан Кәкібай Теміржанұлы, Қылшар атасынан Мұхаметжан Төлеубайұлы, Жолымбет Байдүйсен хазірет Түйтеұлы, Лабашы Қондыбай хазірет Таңжарықұлы, Киікбай Ғалымқожа Тілеуқожаұлы, Естек Бейіс молла Рахметоллаұлы, Төлеңгіт Көшмұхамет Қашқынұлы, Төлеңгіт Әбу-Шахман халфе, Баспан Абылқан молла Тайжанұлы, Базаргелді табынан Мұстафа Ұзақұлы, Аққоза атасынан Мұртаза Мұстафаұлы, Киікбай Рамазан халфе Бекежанұлы, Сүйіндік Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, оның інісі Әбілғазы молла Мағұрыпұлы, Қожа Исабек ишан Мұратұлы, Қарауыл руының Жауар атасынан шыққан Мұстақым хазірет Әзмағамбетұлы, Қыпшақ Аллаберген хазірет Шүлембайұлы, Қарауыл-Шұңғыршақ атасынан Науан хазірет (Наурыз-Мұхаммет) Таласұлы, Ғалымтай имам Науанұлы, Атығай-Қараменде атасынан Әлиасқар Айтқожаұлы, Момақан (Оразхалық) Абдолжаппарұлы, Атығайдың Құдайберді атасынан Қожахмет хазірет Тұхфатуллаұлы, Қази Айтуарұлы, Сейтахмет хазірет Әбдірахманұлы, Атығай Аббас хазірет Ғұмарұлы, Атығай Ысқақ хазірет Бердіқожаұлы, Баспан Абылқан молла, Бәйімбет-Сырымбет елінен Мұстапа Ұзақұлы, Мұртаза Мұстапаұлы, Киікбай Ғалымқожа Тілеуқожаұлы, өз атасы Сәлмен Мұхамедиярұлы, халық ақыны Бекболат Меркемелиденұлы, Ибн Йамен қожа, Атығай Сейдахмет хазірет Әбдірахманұлы, Алаш қайраткері Шаймерден Қосшығұлов, ақын Олжабай Нұралыұлы, Қаржас атасынан шыққан ақын Жүнісбек Жолдинов, Қожахмет хазірет Әлімбайұлы т.б. адамдар жайлы азды-көпті деректер беріледі.
Түйіндеп айтар болсақ, есімі жалпы жамағатқа жаңа ғана белгілі болып жатқан Сәдуақас (Сәкен) Ғылмани сынды тұлғаға бағыштап айтылатын пікірлер де, берілетін баға да және мол мұрасының халық игілігіне айналар күні де келіп жетті.
Төменде Садуақас (Сәкен) халфенің «Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» (Алматы, 2015, І том) атты еңбегінен үзінділер ұсынамыз.
Өзі туралы
Лақап атым – Сәкен, азан айтылып қойған атым – Садуақас. Атам – Ғылман, ол – Сәлмен баласы. Ол – Мұхамедияр, ол – Мұхтар баласы. Фамилиялары – Ғазин делінеді.
Милади жыл есебімен 1890 жылы кедей шаруа семьясында, яғни дүниелік жағынан кедей дегенім болмаса, ғылым-өнерден бос болмаған атадан дүниеге келіппін. Туған жерім – қазіргі уақытта Ерейментау ауданы аталған, ескі уақытта Қоржынкөл болысы дейтін ел ішінде Малтабар деген жерде. Бет ағашы бар төбенің бауырында, сол жағы – Жарлыкөл деген көл, оң жағы –Төленді ауылы, шығысы – Жаман қажы ауылы, құбыласы – Айтқұл Әйтімбет ауылы. Бұл араның барлығы Малтабар деген жер аталады.
Атам Ғылман анам Ұрқиядан туған үш ер бала, екі қыз бала болыпты. Солардың ең кенжесі мен екенмін.
Анамыз 1901 жылы, менің 11 жасымда қайтыс болды. Атамыз екінші әйел алды. Мен анадан жетім қалған соң, өгей ананың қинауында қаласың ғой деп ағам Мұқан мен апам Мәпен өте аяп, қатты мүіркеп жүрді.
Сол жас уақытымнан атамыз маған көп ақыл-насихат үйретіп, бабамыз Сәлмен қажы ауылдың жас балаларын оқытушы еді. Мені сол бабамыз оқытып, әлифби-ден бастап, Әптиек, Құран оқып, содан кейін түркі «Көрік қадыр», «Бақырған», «Сабат ал-ажизни», кітаптарын оқып, ақыры «Шурут ас-салат», «Фиқх-и Кайдани», «Қырық хадис» секілді кітаптарды оқып таныстым.
Осылай азғана сауат ашып, енді оқысақ, үлкендеу молладан оқу керек болды. Әрине, жоғарыда айтылған оқуларды үзбей оқыған емес, кейде қыс ішінде үш-төрт ай оқыса, жаз оқымай, жаз оқыса, түрлі шаруашылық уақыттарда оқылмай қалып, жас он төртке келді.
Ол уақыт елдің көшіп-қонып жүретін кезі. Жаз оқу болмады. Қысқа қарай мені Тасбақа атасынан Өмірзақ, Айнагелді деген кісілер «бала молла» қылып, бір қыс сонда болдым. Аталарымыз енді бір үлкен моллаға береміз деп тұрғанда, Қызылжардан оқып келген Біржібай қажының Мұхаметжан деген баласы келіп, сол кісі медресе ашып, шәкірт жинап оқытады дегенді естіп, соған жіберуді ұйғарып, біздің жабдығымызды қамдап жүргенде, ол кісінің ауруы күшейіп, сабақ беруден қалды деген хабар келді. Сондықтан бір қыс босқа өтті. Он алты жас бітті.
Атамыз бір күні Төлеңгіт халқының ішінде Ақтамақ халфе деген кісі оқу ашыпты, шәкірт жинап жатыр дегенді естіп, атамыздың інісі Рахметолла баласы Бейіс екеумізді сонда апармақ болып, өзі барып жолығып, хабар біліп келді. Осы жаз тоқтаусыз оқытады екен дегенді естіп, екеуімізбен екі сауын сиырды бірге апарып, соның сүтін пайдаланып тұруды мәслихат қылып, бір үйге тапсырып берді.
Ереңінде ұстаз алдына әкеліп, сабақ алуға отырғызды. Ұстазымыздың есімі Ахмет екен. Халық Ақтамақ деп атап кетіпті. Атасының аты – Оспан. Уызы аузынан шыққандай аққұба, тығыршық денелі, дөңгелек бет, қара көз, бұғағы шыққан, адам қарап тоймайтындай, әйел алмаған, жасы жас жиырма жетіде, бір шырайлы кішіпейіл адам екен.
Ол кісі атамызға: «Балаларыңызды ұзақ оқытпақсыз ба? Болмаса, толық діни ғибадатын білгізіп, оқудан босатып алмақсыз ба?» – деп сұрады.
-Және бұл сұрауымның себебі, егер ұзақ уақыт оқытатын болсаңыз, онда бұл балаларды сарп, наху-дан бастап оқытамын. Бұл екі ғылым – шеберлердің балта-шоты сияқты. Осы екі ғылымды білген адам, басқа ғылымдарды өздері түсініп оқып кетеді. Ал қысқа уақыт оқытатын болсаңыз, ығтиқат, ғибадат, ахлақ ғылымдарынан оқу керек, әйтпесе, діни ғылымдардан бос қалады деді.
Атамыз: «Мен балаларды қашан сіз «ал, оқып болды» деп рұхсат қылмайынша, оқудан алмаймын» – деді. Сөйтіп ұстаз бізге «Бидан» кітабынан бастап сабақ берді. Бұл 1906 жылдың май жұлдызының іші еді.
…Мен өз басым сол медреседе алт жыл, алты ай оқып, ұстаз дұғасын алып шықтым. Бұл дұғаны алып шықпастан бұрын, Сілеті еліне Нұртаза указ бас болып, ұстаз үйінде қонақта болғанда: «Біздің Сізден бір қалауымыз болып отыр. Мына шәкірт Сәкеніңіз біздің иесіз тұрған мешіт-медресемізге ие болса екен» – деген өтініш айтқан.
Ұстазым сонда:
-Халық қаласа, хан түйесін сояды, сіздер қалаған соң, бермеуім дұрыс болмас. Жалғыз-ақ, бұл шәкіртім менің алдымнан біржола дұға алып шығуы үшін бір қыс оқуы керек. Сондықтан бұл шәкірт жаз сіздерге барып діни қызмет атқарсын, қысқа қарай қайта келіп, медресеге кірсін. Келер жылы біржола фатихамды беріп, сіздерге біржола тапсырайын, – деді.
Мен ол уақытта жалғызбас үйленбегем. Бірақ қазақ ғұрпынша айттырып қойған жеріміз болды. Сол себептен бабамыз атамызға ұрысып: «Сенің не ойлағаның бар? Оқу оқысын деп атастырмадың, ендігің ұят. Өзім жүріп құда болам!» – деп, Рахи деген кісінің қызық айттырмақ болып аттанды. Кейін өзім қасыма Төлеңгіт Сабыр бар, Бейіс марқұмды ертіп, қайын жұртыма барып, танысып дидарласып қайтқам. Осы екі арада он алтыншы жылғы июнь жарлығы кездесіп, байтал түгіл бас қайғы болып, қазды ұзатып алу тоқталып қалған болатын. Ақыры ол қыз 1917 жылы 19 жасында оң жақта отырып қайтыс болды. Алланың рехметінде болсын!
Сол жылы оң жақта отырған қалыңдығымыз қайтыс болған соң, ауыл ағайындар басшысы Төлеу ағамыз болып, құда боларлық орын іздеп, Нияз руынан Ержан ақсақалдың Дәмелі деген қызына құда болып, айттырып келістік. Қайтыс болған өз ағамның жолдасы жеңгеміз Рахила үш қыз баласымен қалып, оның екеуі өліп, бір баласымен қолымызда еді. Кейбіреулер: «Жеңгеңді жіберме, қосалқы отырсын» – десе де, өз бойыма лайық көрмей, жеңгемізге рұхсат беріп, атамыз төркініне қайтадан апарып тастады. Сөйтіп елде болуымды қуаттаушылар көбейіп, бір-екі жыл болса да өз ауылымда медресе ашуды жөн көріп, еліме оралдым.
Халықтан аздаған көмек алып, өз ауылымыз Жәненде бір үлкен үй салып, сонда шәкірт жинадық. Онда жинаған шәкірттіреміз көп әрі жақсы оқыған адамдар болды. Қарт шәкіртіміз Абыллғазы Мағрұп баласы – Мәшһүр Жүсіптің немере інісі. Бекболат Меркемелиден ишан баласы, Нұрым Дайырұлы, Ғалымжан Мұқатұлы (Мұхаметжан молла баласы), Айтмағамбет Әбенұлы.
Сөйтіп жүргенде, үйдегі өгей анамыз келіндерге салқын көзбен қарап, мені қатты қинады. «Келіндер» деуім әрине, келін біреу емес екенін аңғартатын шығар.
Ол былай болған. Алған әйелім Дәмелі Ержанқызы 14-тен 15-ке қараған жасында біздің үйге келін болып келді. Үш жыл бірге жасағанда перзент көрмедік. Осыны сылтау қылып, еріккен басқаларды өнеге қылып, әуестеген жастық өмір екінші бір әйел алуға көңіл кетті. Оған себеп, марқұм Олжабай (Бөгенбай ұрпағы, Олжабай Нұралыұлы Қоржынкөл елінің болысы, ақын – ред) бір әңгімелесіп отырғанда: «Сізге бір атақты жерден қыз алу керек, сізге кім қызын беремейді» – деп өзінші Ержан атамызды төмендеу санап қызықтырды.
Заман сол, көп әйел алу бір әдет болған. Сол сөзге елігіп, періште ме, жын ба, осы ойды қуаттап, енді әйелім Дәмелімен кеңесу керек болды. Ол марқұм сөзімді мақұлдап, қыздырып: «Мен сізді ренжітпеймін, тірі болсаңыз болды» – деп шын ырзалығын білдірді.
Мен оған: «Сіздің төркін жақ үркіп, батырлардың тұқымы ғой, ертең мені қиынға қалдырмасқа өзің иелік қыл» – дедім.
Осыдан соң тағы бір мәжілісте кездескен Олжекеңе: «Өзің бастадың, қалыңдықты өзің тап» – дедім. Ол күліп: «Ей, тақсыр-ай, молла халқының әйелге көз қыры ерте түседі, көздегеніңіз бар шығар?» – деп қойды.
Елде Қаратон руынан Асайын қажының ержетіп отырған қызы болатын. Соған кіші шешеміздің туыстары арқылы сөз айтқызғаным бар еді. Олжекең соны естіп қойса керек. Сонымен 27-нің қалыңмалын беріп, қазақша олар құда, біз күйеу болып, қызды ұзатып әкеттік. Жоғарыда «келіндер» деп отырғанымының мәнісі осы.
…Үлкен әйелім Дәмелі 25 жасында үш перзенттің анасы болып, 1927 жылы октябрь айында қайтыс болды. Одан тірі қалған көз – Мүминам (Үкіжан апа – ред).
Екінші әйелім Мағпирадан (Мәкен) екі қыз, төрт ұл дүниеге келсе де, жалғыз Хаммадтан басқасы өліп бітті. Мағпира өзі 1933 жылы Омбы облысы, Шарбақкөл ауданы, Мырзаболат ауылында қайтыс болды. Одан туған Хаммадым 1943 жылы неміс соғысынды жоқ болды.
Одан кейін алғаным – Барлыбайдың қызы Мәрбан. (Барлыбай болыс жоғарыда аталған Олжабай Нұралыұлының ағасы). Мәрбаннан Ғабдисамат деген бір перзент болып, екеуі де 1936 жылы Ерейментаудағы Еңбек колхозында көмілді.
Одан кейін екі жылдай бас қорғалауда жүріп барып алғаным Жәмила болып, ол 42-де некеленіп, одан көзімнің бір қарашығы Әмина 1939 жылы дүниеге келді.
1934 жылдан бастап Омбы облысы аймағында уақытша колхоз, совхоздарда жұмыс істеп жүріп, ақыры Лубен (Люблин) ауданындағы Жаңажол колхозына шлен (член) болып кірдім. Ол уақытты Әбдікәрім Мүсімұлы деген кісінің паспортын пайдаланып жүрдім. Сондықтан көпшілік Әбеке деуші еді.
Осы колхозға 1938 кірген едік. Ақыры жұмыс діңкеме тигеннен кейін, 1944 жылы сол облыстың Тукала ауданында отырған қазақ, оның ішінде өзіміздің елден барып орныққан Сейполда Ақажан халфелер бар совхоз бізді аяп, шақырып, сонда көшіп бардым. Онда екі жыл отырғаннан кейін 1946 жылы Ақмола қаласынан нағашымыз Садуақас Омар баласы, немере ағамыз Мұстапа Ахмет баласы
екеуі іздеп келіп: «Біз Ақмола халқынан арнаулы уәкіл болып сізді шақыруға келдік. Себебі, өкімет діни ұйым ашып, молла сайлауға рұхсат етті. Сондықтан Ақмола халқы сізді имам сайлауға шақырып, бізді жұмсап, өзіңді алып қайтуға келдік» – деді.
Бірақ біз отырған Омбы жағында бұл секілді әңгіме әлі жоқ еді. Сондықтан, «отқа күйген ауыз – сүтке де күйеді» дегендей, бұл шақыруды қабылдамадым. Екі ақсақал менсіз кетпейтін болып жатып алды. Ақыры олар ауыл адамдарына айтып, мені көндіріп берулерін сұрады. Ақмоладан келген нағашымыз екі баласы бірдей соғыста өліп, қайғы үстінде екен. Ол кісі маған: «Жалғыз көз сенсің қалған. Тым болмаса қонаққа жүрмейсің бе? Үйдегі үш жаныңды бірге алып, бізге қонаққа жүр. Дүние-мүлкің қала берсін. Ұнатсаңыз Ақмолада тұрып қаларсыз. Болмаса, қайтарсыз» – деді. Сөйтіп мал-мүлікті біреудің қолына қалдырып, жүріп кеттік.
Сонымен нағашымыз үйіне келіп, «мен жиенімді алып келдім» деп халыққа сөйледі. Сөйтсем, ол екеуі қалайда мені алып келеміз деп, қаулы қылып, мені имамдыққа өткізіп қойыпты.
Халықта да бір діни сезім күшейіп, бірауыздан бізді қалады. Сонымен имамдыққа орнығып, жаз шыға Әбістайды жанына жолдас қосып, қалған дүние-малды алып келді. Бұл діни ұйымды тіркеуден өткізіп, жөн-жоба беру үшін Алматыдан қази Шамсотденов Абдолғаппар келіп жолға қойып, маған Ташкентке барып, шахадатнама алуды тапсырып, тағы басқа қалалардағы мешіттерді көріп, хош айтып аттанды. (Ол кезде Орта Азия Діни басқармасы-мүфтият Ташкентте, ал Қазақстанда сол басқармаға бағынышты қазиат болған – ред).
Мен жаныма өзімнің күйеу балам Ғалымжанды ертіп, рамазан айында Ташкентке барып, ол арадағы діни басшылармен танысып, көп мағлұматтар алып, рамазан хатымына кіріп, бір жұма жатып, шахадатнама алып қайтып келдім.
Ақмолада имам-хатиб болып екі жыл тұрғаннан кейін, Қазақстанда қазилықты үшеу сайлап, бірін Моңғолияға жіберіп, екеуі Қазақстанда істеп тұрады екен. Соның бірі қылып мені сайлап, Ақмолада имам-хатибтардың қазиы болып тұрдым. 1951 жылы Ресейдің Патриархы Алексий шақырып, барлық совет еліндегі түрлі дін иелері бас қосып, Қазақстаннан уәкіл болып мен барып, Загорск деген қалада мәжілісіне қатысып қайттым. Ол мәжіліс дүние жүзінде бейбітшілік орнату жайында болды.
1953 жылы Қазақстанда қазилық біреу ғана болсын деген қарар шығып, Абдолғаппар хазіреттің денсаулығы кем болуын дәлелдеп, бүкіл Қазақстанда қазилыққа мені белгілеп, менің Алматы қаласында тұруымды міндеттеп, сонда көшіп бардым.
Оның алдында, 1949 жылы қажылық сапарға өтініш берген болатынмын. Осы өтінішім 1953 рұхсатталып, қажылық сапарға аттанып, бес республикадан баратындар Ташкентке жиналып, аттанып кеттік.
Ташкенттен бастығымыз Зияуддин Бабаханов болып, Сатитиев, Фазыл қожа, Минхаж қари, Шах-Икрам, Жүсіпхан, тағы-тағылар болып, Мәскеу бардық. Онда Хилялиддинов Шәкір мүфти, Йаралла-Йусуфи, Исмаил Мәтшариф, Исмаил Рахамтуллаұлы, Абдолбари Исаев, тағы-тағылар болып, айналамыз 20 кісі, самолет қызметкерлері 5 кісі, барлығымыз 25 кісі болып, бір самолетті бір айға жалдап алып, маршрутымыз Мәскеу, Баку, Тегеран, Бағдат, Бейрут, Қахира, Жидда, Мекка, Мәдина болып, қайтарда осы жолмен жүріп, тура бір ай дегенде Мәскеуге келіп түстік. Сөйтіп екі ай жүріп үйге оралдым. Бұл бір Алланың ойсызда берген неғматы болды.
Денсаулығым оңды болмаса да, Алланың фазылы карамымен, ешкімнің жәрдемінсіз өз бетіммен жүріп, атқару муяссар болды. Тек Алла Тағаладан өмірім ислам жолында аяқталса деген тілегім бар.
Аллаһума, ахтим умрана би хусн ал-хатима би-фазлика уа карамика. Амин! 1967ж. 17. 06.
ИСАБЕК ИШАН МҰРАТҰЛЫ ЖАЙЛЫ
Бұл зат біздің бабаларымыздың тұсында болған адам. Мекендеген жері – Павлодардан Ақмолаға қарай Шідерті деген өзеннің құйылысында Ақкөл-Жайылма деген жер бар. Соның Ақкөлінде Қанжығалы елінің бір табы Тентек Қарабұжар деген халықтар бар. Соның ортасында болған зат. Бұл заттың өмір тарихымен мен таныс емеспін. Бірақ ол бүкіл халық аузында карамат иесі, дұғахан, әулие атанған адам. Көзі тірі, саламат уақытында атын білген халық ол кісіге зиярат қылып, түрлі ауру, шерлі адамдарды әкеліп, үшкіртіп, тұмарын алып, халық сондай көтерген адам болса, өлген соң халық сол заттың қабірін тірлігіндегі өзінен кем ұстамаған. Қанша ауру, қажет иесі, басына іс түскен адам, баласы жоқтар басына мал әкеліп сойып, түнеп, қажетін тілеп, опыр-топыр қылған орынның бірі. Ақыры күні бүгінге дейін ол қабір кісілер келіп түнеп, тілек тілеуден босамаған жер.
Исабек ишанның баласы – Қырықбес ишан. Ол да өз тұсында әкесіндей болмаса да, сорлы болмаған адам. Аяғы Әшім деген баласы сол қабірде тұрып, 1962-63 жылдары қайтыс болды. Одан кейін зиратқа кім ие, не болып жатыр, хабарым жоқ.
Бұл Исабек ишан бүкіл халықтың ішінде караматы сонша кұшті, оның дегені болмай қалмаған адам. Ер, әйел, ес білген адамның Ишанды атаса, білмейтін, ол заттың қасиетті екенін сөйлемейтін бір жан жоқ дерлік.
«Ал хабар йахтамил ас-сидқ ва-л-кизб» өз көзіммен көріп білген емеспін.
Сол кісінің қасиетін екі халықтың білерлік адамынан, екі адамның айтқанынан құлағым естіді. Бірі Қайланның Нұртаза қажысы, мен сол үйде болып, мешіт-медресесінде дәріс айтып жатқан заманым. Қажы былай деді: «Бір қажетім үшін Ишанға бардым. Мен сонда болғанда, сол елдің бір адамы жынданған бір орысты әкелді. Әлгінің қол-аяғы байлаулы екен. Оны Ишанның алдына отырғызып: «Тақсыр, бұл адам осындай бір ауруға ұшырап, сіздің құзырыңызға алып келіп отырмыз. Бір жәрдеміңіз болар ма екен?!» – деді. Сонда Ишан орыстың маңдайынан сипап: «Ей, бейшарам-ай! – деп бетінен бір үшкірді де, -ал босатып алып қайта бер» – деді. Көз алдымда босатып жібіргенде, әлгі орыс Ишанған кішілік қылып, риза болғандығын білдіріп, жазылған қалпында қайтып кетті».
Енді бір белгілі атақты адамдардан Нұралының Барлыбайы айтады: «Біз ол үйде, жанымда бір шәкірттер бар, қонақта едік. Олжабай да бар. Бір мәжіліс үстінде Ишанның жайында сөз болып, караматын мен көзбен көрдім. Менің Таубай деген балам көзі ауырып, шоқпардай болып ісіп, түк көрмей ауру болып қалды. Содан қасына кісі қосып Ишанның басына түнеуге жіберіп, барып келді. Көзі шырақтай жанып, сол түнегеннен кейін біржола жазылып кетті» – дейді.
Дайындаған Сайлау БАЙБОСЫН