ҰЛЫЛАР МЕКЕНІ
Абайдың шәкірті едім бала жастан,
Тең бар ма ойға терең онан асқан.
Алды бейіш, артынды ырыс болсын,
Мен оның шәкірті едім ізін басқан!
Көкбай ақын
Ұлы Абай жайлы үш әңгіме
Әдетте, тарихта ізін қалдырған ұлы жандардың дүниеге келуі, өмір белестері туралы аңыз-әфсаналар көп айтылады. Абай хақындағы әңгімелер де ел арасына кең тараған. Біз ұлы ақынның балалық, жастық шағы туралы бір-екі әңгімені айтумен шектелеміз.
Біріншісі, Абайдың ана құрсағынан босап, өзінің жарық дүниеге келгенін білгені туралы. Бұл жайлы әркім анда-санда баспа бетінде жазып жүр. Біздің естігеніміз, Абай жарықтық тілі шығып, естияр болғанда анасынан:
-Апа, мен туған күні үйдің іші қызылды-жасылды болып тұрып еді. Ол не? – деп сұрапты.
Ұлжан ана: «Есіме түсірсем, сол күні жүн бояп, кептіріп қойған едік» – деп есіне алыпты.
Екіншісі, бала шағында Абайдың қатты сырқаттанғаны жөнінде.М.Әуезов бұл жайды аттап өтпей, романның бірінші кітабының бірінші тарауы – «Қайтқанда» да келтіріп, жас Абай Қодар өлімін көріп, қиянатқа төзбей, сырқаттанды дегенді ұқтырады.
Біздің естігеніміз, Абай тоғыз жасында есінен танып, қатты ауырып, анасы жолаушылап жүрген әкесін шақыртып алыпты. Құнекең іңірде Ұлжанды ғана қасына ертіп, есін білмей жатқан Абайдың денесін барып көреді. Жарықтықтың ыстығы бет шарпыпты. Денесі білеу-білеу болып іскен, қып-қызыл екен. Сонда Құнекең:
-Ә, бұның қуаты ішінде жүр еді, сыртқа шыққан екен. Денесін ешкімге көрсетпе, бәйбіше! – депті.
Абайды оған дейін ауылда ұстап, тоғыз жасында Семейге оқуға беруі осы әңгімемен байланысты емес пе екен? Абай жасында аса момын, селт етпейтін маңғаз бала болып, көп ойнай бермейді екен. Бұндай қалып атасы Өскембайда болса керек.
Үшіншісі, Семей қаласында Абайды бір өзбек сыншысының сынағаны туралы. Абайдың қалада оқыған мерзімі үш жыл, үш ай делінеді. Демек, оқиға болашақ ақынның 12-13 жасында болған.
Шәкірт Абай қала көшесінде келе жатса (әрине, жалғаз емес) айдауыл бір адамды айдап әкеле жатыпты. Жаз айы. Күн өте ыссы екен. Әлгі адам Абайды көріп, тұра қалып:
Басы көнектей,
Бөксесі сенектей.
Құлағы шұнақ,
Кеудесі аққан бұлақ.
Құлжа мойын төгерек,
Бұдан артық не керек? – деген екен. Абай оны полици басқармасынан босаттырып алса, ұлты өзбек екен дейді.
Төртіншісі, баласын Құнекеңнің өзінің сынауы. Абай 7-8 жасқа келгенде-ақ, Құнекең әр нәрседе Абайға сұрақ қойып, жүйрік ат, қыран құс, палуандар жайында пікірін естіп отырады екен. Бұнда Құнанбайдай сұңғыла әкенің өзі дәметкен ұлының тізелеусіге жарайтын өз кезінің от ауызды, орақ тілді шешендерінің байқауына салып отырған да секілді.
Мәселен, сол шақта Орта жүзге даңқы кеткен Бағаналы Найман елінің шешені Ботантайұлы Жанғұтты бидің жас Абайдың ақындығынан сынақ алғандай болатыны да бар. Жанғұтты шешен: «Дүниенің тиянағы неде? Көз көруі неге жетпейді? Шам жарығы неге түспейді? Болат пышақ нені кеспейді? Жанды мақұлық неге тартпай қоймайды?» – деп сұрапты Абайдан.
Сонда Абай: «Дүниенің тиянағы – үміт. Көз көруі қабағына жетпейді. Шам жарығы табағына түспейді. Болат пышақ өз сабын кеспейді. Жан иесі тамағына тартпай қоймайды» – деп жауап беріпті.
Шешен: «Абайжан, осы жауабыңды өлеңмен айтып берші» – дегенде, Абай:
Сіз сұңқар самғап ұшқан қиядағы,
Талпынған мен балапан ұядағы.
Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем,
Дүниенің жалғыз үміт тиянағы.
Көз көруі жетпейді қабағына,
Шам жарығы түспейді табағына.
Өз сабын болыи пышақ өзі кеспес,
Мақұлқат тартпай қоймас тамағына, – деген екен.
Сонда Жанғұтты би:
-Жанарыңының оты бар екен, ақындығың шығар, халқыңның қалаулы азаматы бол! – деп бата беріпті.
Абай мен Оспанның соты
Тарихтан белгілі, Құнанбай ұрпақтары Жігітек руының ағайынды батырлары Базаралы мен Балағазды Сібірге айдатып, Базаралы елге аман-сау қайтып келеді де, Балағаз сол жақта өледі. Балағаздан Ибақ, Иқат деген ұлдар туады. Ибақ та сол заманда жортуыл, барымтаға жүріп тұратын жүрегінің оты бар жігіт болса керек. Төменде Ибақтың өз аузымен айтқан әңгімесі.
Ел жайлаудан көшіп, асудан асқан бетте Айыртауға жорыққа қарай аттандым. Есебімше, ауыл Шөптікөл маңайына келген шамада оралмақпын. Ұзап шыққан соң, насыбай шақшам қонған жерде жаппада қалғанын білдім. Күндіз жүріп ел көзіне түспекші емес едім. Бірақ насыбайға шыдай алмас болдым. Күшікбай Арқалығын жылбылап, жолаушы кездессе насыбай атпақ боп келемін. Кіші бесін шамасында алыстан бір шоғыр көрінді. Бір қырқадан қарасам, таяу жерде алты атты келеді. Алдағы атты жалғыз, арттағылар жұбы жазылмай келеді. Қарсы жүрдім. Таяп қалды. Алдыңғысының мінгені жорға, салдыртып келеді. Арттағылар желе шоқырақтауда. Мен де ұмтыла түстім. Даусы жетеді-ау деген жерде алдыңғы атты тоқтап, саптама етігінің қоншынан шақшасын алып, насыбай атты. Насыбай іздеп келе жатқан мен өліп кете жаздадым. Шақшасы да, ері де күміс болса керек, күнге шағылысып жарқ-жұрқ етеді. Атымды тебініп, келіп жеттім. Басында құндыз бөркі бар, қарынды, еңгезердей кісі екен. Сәлем беріп тұра қалдым. Маған қараған да жоқ. Торы жорға аты сып етіп жанымнан өте шықты. Атымды тебініп, оны қуып жетіп, алдынан тұра қалып және сәлем бердім. Сәлемімді алмай, ат басын ірікпей, тағы да жанымнан өтті де кетті. Не болғанымды білмей, қасынан шауып өттім де, торы жорғаны кимелей барып, алдынан тұра қалдым да: «Ағатай, зарығып келем, бір атым насыбай беріңізші!» – дедім.
Құндыз бөрікті:
-Енеңді ұрайын, саған арнап насыбай үгіп пе екем! – дегені.
Жер-көк тұтасып, дүние түнек боп кеткендей болды маған. Аяғымдағы сойылымды қалай алғанымды білмеймін, құндыз бөріктіні салып кеп кеттім. Аттан ұшып түсті. Мен де аттан үсіп, жығылып жатқан құндыз бөріктінің насыбай шақшасын алып, насыбай атқанда барып, оның артына кісісі бар екені есіме түсті. Басымды көтеріп қарасам, бесеуі кейін қарай қашып барады. Құндыз бөріктім серейіп жатыр. Шақшаны қалтама салып, торы жорғаны жетектеп жүрдім де кеттім.
Ойға алған жерімнен мал алып келсем, ауылдар Шөптікөл бойына қонып жатыр екен. Семізден жараған торы жорға ат жер баспайды. Ұрлыққа салдым жануарды. Күз түсті. Енді торы жорғаны сыйғызу қиын болды. Қара қатқақта сойып алдым. Шынтақ қазы берді. Күміс ерді тығып қойдым.
Жазға салым құлағыма емес-еміс сөз тие бастады. «Ылдидағы Керей елінің басшысы Төлтидің Рақышын біреу ұрып жығып, торы жорға атын алып кетіпті. Сол кісіні Абай іздеп жатыр» – дейді. Дымым ішімде, жүріп жаттым. Көп уақыт өтпей, Абай шақырады деген хабар жетті. Абайдың мені шақырар жөні жоқ, сол құндыз бөріктіге байланысты болар деп түйдім. Содан ең әуелі өзімізге туысқан әрі ақылшымыз, Абай алдында қадірі бар Шыңқожаұлы Ақтамберді қарияға бардым. Болған оқиғаны жайып салдым. Ақаң көп ойланып, толғаны кеп, мынадай шешім айтты.
-Ертең Абайға екеуміз барайық. Абайдың таңертеңгі шайы үстіне мен кірермін. Сен аз-маз бөгеліп, менен соң кір. Өзгесін бара көрерміз.
Ертеңінде шоши-шоши Абай ауылана бардым. Менің қорқатыным дүре еді. Абай дүре салғыза ма деп шошып жүрмін. Барғасын Ақаң үйге кірді де, мен көп бөгелмей соңынан ендім. Төр алдында күздегі құндыз бөріктім төбедей болып отыр. Көзімізге көзіміз түсіп кетті. Таныды мені. Абай мені боқтап жөнелді. Атамыздан арамға жерігенімізді қазып кеп, Рақыштай мырзаны ұруға қалай қолымның барғанын, онымен қомай ат-тонын алып кеткенімді кінә етіп, ой бір зіркілдеп берді дейсің. «Сал дүрені!» деп айта ма деп, үрейім ұшып мен тұрмын.
Абай сөйлеп-сөйлеп, бір шақта:
-Сен әлде танатын шығарсың, алмаған шығарсың?! – дегенде, Ақтамберді ақсақал:
-Абайжан, бұл Рақыш мырзаның атын неге алды екен, сұрамайсың ба? – деді.
-Е, бұл қалай алыпты?
Ақаң: «Айт қалай алғаныңды Абайжанға!» – дегесін, болған істі бұлжытпай, бөтен сөз қоспай айтып бердім. Мырзаның қонышындағы насыбайдан бір атып, артыма қарасам, оның бес кісісі қашып бара жатыр дегенімде, Абай мырс еткендей болды. Рақышпен бірге еріп келгендер төмен қарап кетті. Қашушылар солар болса керек.
Абай ойланып отырып: «Ертең Рақыш мырзаның кісісі үйіңе барады, бір ат, бір түйе бересің!» – деп билік айтты.
Рақыш:
-Абай мырза, бұл билігіңіз жөн бе? Бір ат, бір түйе менің ертоқымымының ғана пұлы емес пе? Сол жерде таяқтан өліп кетсем не болар еді? Бас құным қайда?! – деді. Абай үндеген жоқ.
Мен қуана-қуана Абай кескен малды дайындап қойдым. Ертеңінде Рақыштың кісісі келіп алып кетті. Бірақ мен мұнымен құтылғам жоқ.
Ендігі жан түршіктірер хабар Құнанбайдың кенжесі Оспаннан келді. Елдің айтуынша, Оспан мен Рақыш дос екен. Оспан: «Құнанбайдың орыс баласы Абайдан көргенім-ай, Рақыштай мырзаны ұрып жыққан қанды балақ Ибаққа бір ат, бір түйе кескенін қарашы. Бәлем Ибақ, ісім сенімен болсын!» – деп күжілдейді екен. Бұл хабар әнеукүнгіден әлде қайда жайсыз тиді. Оспан Абай емес. Ол ешкімнен көмек сұрамайды. Кезіккен жерде өзі-ақ сойып салады. Оған қарсы келер Тобықтыда жан жоқ. Қысылғаннан тағы да Ақтамберді ағама келдім.
Ақаң:
-Іс қиындады, бала! Кенжені (Оспанды – ред.) енді ақылмен алайық. Ертең екеуміз тағы да өткендегідей таңертеңгі шайға кенже алдына барайық. Сен бұл жолы да менен соң кіріп, Рақыштың күміс ерін қоржынға салып ала бар. Кіргенде күміс айшықты қасын көрсетіп, босағаға қоярсың, – деді.
Солайша келіп, тағы да Оспан алдына тұрмын. Оспан боқтап, боқтап алып, біраз тыныстағанда, Ақаң:
-Кенже-ау, бұдан Рақыш мырзаны неге ұрып жыққанын сұрашы! – деді.
-Е, бұл әкеңді ұрайын неге ұрды екен Рақышты? – деді Оспан. Мен болған істің жайын толық айтып шықтым. Оспан күркіремейсің бе:
-Әй, осы Құнанбайдың орыс баласынан (ағасы Абайды айтады – ред.) көргенім-ай! Рақышқа бір ат, бір түйе бергізіп… Бір атым насыбайдан әкесі өліп пе екен оның?! Зарығып келе жатқан адамның меселін қайтарып…. Айдатып тастайдай-ақ орайы бер екен ғой Абайдың. Кездесермін бәлім бір атым насыбайдан әкесі өлген Рақышпен! – дегенде, Ақаң маған «шығып кет» деген белгі берді. Шыға сала қашпаймын ба ауылыма. Ер салынған қоржын сол бетінше қалды Оспан үйінде. Сөйтіп Абай мен Оспанның сотынан, Керейдің Рақышынан солай құтылғам.
Абай Құнанбайұлының 100 жылдық тойы
Бұл той 1945 жылы мизам айының 25-27 күндері өтті. Абай атамыздың ғасырлық мерекесі оның туған жер, өскен елі ортасында ең алдымен келген қонақтармен ерекшеленді. Бұл кез – 1931-37 жылдардағы Голощекиндік-Сталиндік нәубет пен алапаттан аман қалған өнер мен әдебиет алыптарының біразының бар кезі. Ұлы Отан соғысы Жеңісінен соң іле-шала ұлы ұстаздарының той қызығына мәртебелері көтеріліп, мерейлері тасыған күйде келген еді жарықтықтар.
Олар: әнші-күйшінің қауымның басы, Сал Біржан мен сері Ақанның көзі де өзі Естай Беркімбаев, қазақ совет әншілерінің ақиығы Жүсіпбек Елебеков. Халық ақындарынан – Сыр сүлейі Нартай, төгілме сөзді Төлеу, нар үнді, сапырма сөзді Нұрлыбек, сыпайы, сырбаз Сапарғали тобы болып, палуандар – күш атасы Қажымұқан соңынан еріп, жазушы-ғалымдар,
қазағымның «тірі Абайы», ой тереңі, сөз шебері Мұхтар Әуезов бастып кеп қатысты емес пе!
Мизам айының 25-і күні Қарауыл елінің Ақжар алқабына жарымын тіліп ап, тігінен қойған жұмыртқа іспеттес ақшаңқан киіз үйлер қалашығы үш ауыл болып қонған. Ең қалың ауыл әрине – ақын ауылы, Абай ауданынікі. Екінші көрнекті ауыл – Абыралы жұртынікі. Үшінші ауыл – алғы екеуінен тар, шағын болса да салтанатсыз емес, көрші шұбартаулық ағайындар ауылы.
Күн көтеріле астына құрым сары ат мінген, қолында ту – Күлмен ауыл советінің төрағасы, жасы қырықты алқымдаған еңселі кіісі Рақымбаев Мұхтар «ат шабар, ат шабар!» депайқайлап, қасына 2-3 жігіт ертіп, той ауылдарын аралап шықты да, туды алғашқысынан көтере желбірете түсіп, Шыңғыстың балақ іргесіне шауып жөнелді. Ас жұрты дереу ат ерттеп дегендей, қарбаласқа түсті.
Ту – бір кезде Абай атамыз Сүйіндік ауылына келіп, Тоғжанмен сыр бөлісіп шығып, қызылкөк биеге ақын, қызыл өгізге Ербол мініп, тасыған Қарауылдан өтетін жерден бір шақырымдай қашықтықтағы тақыр төбеге тігілді. Енді жұр жаяу-жалпылы тойтөбеге қарай ағылды. Кісі селі жиылғанша сәске болды. Жұрт екіге жарылып отырысты. Күншығыс жағында – Абай, Ақсуат, шұбартаулықтар. Күнбатыс қанатында – Абыралы, Жаңа Семей, Шар, Жарма, Бородулиха, Новопокровка, Новошульба аудандары мен бүкіл Семей қаласының халқы болып жайғасты.
Мұхаң бастаған астана, алыс жұрт қонақтары ақын елі жағында болды. Мұхаң болса – бір топ серіктері қасында, қоңыр жорға ат үстінде.
Майдан даласы ортадағы кәдімгі тақыр жер еді. Ортаға жетектеген 4-5-тер шамасындағы баласымен Қажымұқан жеке барып отырды. Екі топтың палуандары да өз жағының алдына шығып, тобымен орын алды. Бәйгі аттары Шыңғысты бөктерлеп, батыс терістікке, Борлы биігін бойлап айдалды.
Той қызығы палуандар күресімен басталды. Ортаға бір атан түйе әкелінді. Атанның екі өркеші жығылуға сәл бейімделген екен. Арқасында шіликенің табы көрініп тұр. Қажекең орнынан тұрып шешінді. Үстінде ол кезде «английский» деп атайтын сарғыш диагоналдан мол тігілген сырт көйлегін шешіп, дамбалмен ғана қалды. Палуан бөгеліссіз іле қос қолын көтере түсіп, бұлшық еттерін, тұтас денесін ойната бастады. Бағана байқағанмын, іркілдеп түскен қарыннан башпайының басы ғана көрінетін еді. Енді сол саба қарыны тартыла қалып, арам шеміршегінің үстінде қос жұдырықтай бөтеге болып тұр.
Түйенің бұйдасын ұстатты-ау деймін Қажекеңе. Сатырлаған шапалақ үні даланы көміп кетті. Палуанды атан қалқалап еді, Қажекеңнің басы екі өркештің арасынан үшінші өркеш болып бәрібір көрініп тұрды. Сол сәтте айғайға басып, үні қандай зор еді жарықтықтың, Нұрлыбек ақын ортаға шығып, палуанға арнап өлең ағытты.
Нұрлыбек басыла бергенде, сырайын құлаштай созып, алқаракөк шапанының етегі жер сызып, қаршыға бойлы, қияқ мұртты, алкүрең жүзді біреу әнге басып берді. Ондай келбет-бітіміне үні, өнері келіскен жан болады деп әлі күнге таң қалам. Дауысындағы қоңырау еміс-еміс, шылдыр-шылдыр естіле ме, әлде сонау Шыңғыстан үн созған құс баласының үні ме?! Той жұрты тына қалды. Бұл – қызылордалық Нартай ақын екен.
Осы жерде ел есін енгізгендей бір күлкілі оқиға болды. Киношылар Қажекеңді бәйгесіне тиген түйесінің жанында түсірмек болып еді, палуанның оң жағына Нұрлыбек барып тұрғанда, ол кісі де зор денелі болса да, ақынның басы Қажекеңнің иығына ғана жетті. Кент палуанның сол жағына барып Абай ауданының атқару комитеті төрағасы бір адам тұра қалды. Той халқы жарыла күлді. Қалайша күлмесін? Жойдасыз алып Қажекең тұр, оның сол жағында кіші дәу Нұрлыбек ақын тұр. Ал оң жағында бойы шардақ, қарны қауақтай, бұты таяқтай төраға көрінгенде, халық қалай күлмесін?!
Халықтың күлкісі басыла бере, батыс қанаттағы жұрттан қою мұртты, денесі жартастай тұп-тұтас бір палуан шықты. Біздің қанаттан ұзын бойлы сида біреу шапшаңдай басып қараға таяй берді. Екеуі бірін-бірі аңдып, бірер айналғандай болғанда, шаң бұрқ ете түсті. Біздің ұзын ойнақтап келеді. Қара палуан жерде жатыр екен. Ол бірақ кетпей, ортада тепсініп тұрып алды.
Сол шақта үстіне әлем-жәлем киініп, астына көкқасқа ат мініп, атын «әсса, әссалап» мойнанан қаққанда қаз тұрғызып, тағы сол секілді ат ойынын көрсетіп жүрген біреу бар еді. Сол адам атынан қарғып түсіп, тез-тез шешініп, белсеніп тұрған қараның алдына бара қалды. Қара мұрт және шалқасынан түсті.
Одан кейін үш-төрт жұп палуандар күресті. Ол кезде қазіргідей дауыс күшейткіш аппарат жоқ, барлық хабар жеке адам дауысымен хабарланады. Барлық айтылған сөз естілмейді.
…Күрестен кейін құнан бәйгесінде шұбартаулықтардың құлаторы құнаны бірінші келді. Теңге алу бәйгесінде Семейдің Абай театрының әртісі Сіләмбек Қыдыралиннен озғаны болмады. Сілекең Шыңғыс жұртының салты бойынша басын шытпен таңыпты. Астында мейздей ғып жаратқан қоңыр аты. Көсілте салған жүйріктің ағынында жерді шұңқырлап көміп қойған теңгелі шүберекті іліп үлгереді деп ойлау қиын. Бірақ машықты теңгеші атыны басын ірікпей ағындатқан бетінде іліп алып, қақ жарылып отырған екі қанатқа теңгені кезекпе-кезек лақтырды-ай келіп. Оннан аса рет шауып өткенде, уысы бір құр қайтқан жоқ. Өзге теңгешілер де еңкейіп, кейі желіп, кейбірі лекіте шауып өтіп, жатыр-ау.
Қыз қуу ойынында абайлық екі қыз Қаншайым мен ақын қыз Ыбырайханова Сара үздік өнер көрсетті. Шегірлеу көзді ақсары қыз Қаншайым Жаңа Семей ауданы әскери комиссариатының капитанын қамшының астына алып қайтқанда, жігіттің аттан түсе сала қашқаны әсерлі болды.
Той күні ұлы бесіннен ауды, бірақ бәйге аттары көріне қоймады. Халықтың ат жолына қадалған көзі талғандай. Той суретін дәл жеткізу үшін сол 100 жылдықтың көркем шежірешісі Төлеу Көбдіков ақынның «Ақын тойы» толғауынан мына бір үзіндіні ұсыналық:
Жуырда ат келмеді ұзаққа айдап,
Көз талып қараса да қанша бойлап.
Басқа ойын ат келгенше бола берді,
Кәрі, жас өз теңімен күліп-ойнап.
Жер жазық, тау-тасы жоқ мидай дала,
Бәйге атқа елу, алпыс шапқан бала.
Күн қайтып, сағат беске тақағанда,
Көрінді көз ұшында жалғыз қара.
Көрінген бәйге ат болды шынында ақыр,
Айтса да көз көргенше, ауыз бақыр.
Жел тұрып, серпінінен дауыл соғып,
Құйындай бұрқыратып келе жатыр.
Зу етіп керешіден ағып өтіп,
Көмбеге бұлдыр қағып келді жетіп.
Тұқырып бүктетіліп жер қабады,
Құйысқан көбік жауып, шып-шып етіп.
Бәйгі алды жалғыз қара озып келіп,
Жарайды баласы да атқа серік.
Біле алмай «кім аты» деп тұрған кезде,
«Абай» деп ұран салды өте беріп.
Көмбеден озып барып, азар тоқтап,
Өзін де қосқан екен таза баптап.
Ширығып оқ жыландай ыршып түстіп,
Ұйтқып жүр тоқтай алмай ойда алақтап.
Осыған көрмеген жан нанасың ба,
Өрескел қашық болған арасы да.
Бір аттың лақтырған тозаңынан,
Шыңғыстың шаңға толды даласы да.
Қарысып әл бермейді тартса да іркіп,
Бұрқырап сулығынан көбік бүркіп.
Долданған ыза кернеп жас батырдай,
Жібер деп басын шайқап жұлқып, сілкіп.
Ерекше озып келді өкімденіп,
Артқы аттар азар келді секіп, желіп.
Алысып ауыздыққа әл бермейді,
Бүйірі жаңа қызған секілденіп.
Тіпті жас, түспегендей қүұнан тісі,
Оза алмас тұлпар шапса бұдан күші.
Ақанның Құлагері секілденген,
Ат екен керторының ұнамдысы.
Сонымен Абайдың 100 жылдық тойындағы болған ұлы дүбір ат бәйгесінде озып келген Керторы Абай елінің қолтума аты. Абайдың ұлы атасы Өскенбайдың асында қазақтың бар желаяқ жүйрігінен озып келген Қосжетердің Құлаторысы шыққан Шыңғыстың Шаған өлкесінің тумасы болатын. Оны көкірегі даңғыл, көзі сыншыл ақын Төлеу Құлагерге бекер ұқсатпаса керек. Біз Әлихан Бөкейханов айтқандай, Ақанның Құлагері, Қосжетердің Құлаторысы, Тоқырауынның Бесқасқыры, Тәукенің бедеуі осы төртеуіне Керторы атты қосып, осы бес құла бір тұқымнан шыққан жүйріктер емес пе екен дейміз.
«Әлихан Бөкейханов айтқандай» деп отырғанымыз, «Ұлылар мекені» кітабының 46 бетінде автор былай дейді. «Құла дегеннен екі сөз ойға оралады. Кенжебаев Жұмағазы марқұм: 1918 жылдың жазында Әлихан Бөкейханов бастаған «Алаштың» бір топ азаматы Оразбайдың Медеуінің үйінде айға жуық жатып қонақ болды. Әлекеңе сәлем берушілер Медеу үйін басып кетті. Жас жігіт кезім. Күтушінің бірімін, жылмаң қағам. Ауыл Терісбұлақта. Бір күні кеште маған Тәуке батырды шақырып кел деді Медеш (Медеу) ағам.
Келсем, батыр төсегіне жаңа жатқан екен. Батыр: «Бұлар енді маза береді деймісің. Қарындарын толтырған соң, сөз керек болған ғой!» – деп, жетек атқа мініп келді. Баршасыы құрметтеп, Тәукеге төрден орын берді. Мәжіліс қызды. Әлден соң Әлихан: «Батыр, не жүйрік, не жорғаны міндіңіз ғой. Тақымыңызға жаққан, өзіңізге айрықша ұнаған бір жылқыны атар ма едіңіз?» – деп сұрады. Біреулер: «Құласерек ше?» – деп жатты. Олардың айтып отырғаны Уәйіс ақынның «Тәуке мен Келіншек» қиссасындағы «астымда Құласерек бұлаңдаған» деген сөзімен байланысты еді.
Тәуке:
-Құласерек төл атым емес еді. Тоғалақ Жайық байдың Күнтуғанының аты. Жайықтың Ыбырай деген момын баласы болған. Сол баласы ел жайлаудан қайтарда Керей ауылының біріне желдеген түйе келді ме деп барса, «сен мал ұрлағалы жүрсің» деп байлап тастапты. Бұған Сақ, Тоғалақ рулары қатты намыстанады. Бір кезде Құнанбаймен түйдей құрдас Жайық туған баласына құрдасының баласының атын қоя берген ғой. (Абайдың азан айтып қойған аты – Ыбырай-ред.). Жайықтың Ыбырайы осыдан аз жыл бұрын өлді.
Мен Абыралының болыс баласы Арап шақырды деген соң келсем, қолды (жасақты-ред.) жинап қойыпты. Мені басшы боп бар деп шақырған екен. «Ел шауып, кісі өлтірсең шошынба деп, батаны берген Арап біздің жақтан» дейтіні сол Уәйістің. Сонда міндім Құласеректі. Сол бетімен тақымымнан алмады Күнтуған. Құласерек кісі кемітетін жылқы емес. Әйтсе де, Әлекең сұраған соң, өзіме ұнаған бір қылқұйрықты туралы айтайын.
Бір аттаныста Жетісудан асып барып, Қытай қазақтарынан жылқы алдық. Жылқыны айдатып жіберіп, тосқауылда өзім қалдым. Қуғыншы шықпады. Бойды кеңге салып, жылқыны ұзатып жіберіп барып, қуып жетіп отырдым. Бір күні серігім Стаку екеуміз жылқы артынан жарысып жөнеліп едік, Стакудың астындағы құйрық-жалы күзелген керқұла байтал Құласерекке шалдырмай қойды. Шамасы 12-13 шақырым шаптық-ау деймін. Ереңінде әлгі байталмен Стаку жанымда және қалды. Байталға көз сала бастадым. Бітімі жерден пішіп алғандай. Бұл күні жалқы 20 шақырымдай ұзаған, ат басын тағы да жібердік. Әлгі байтал және шалдырмады. Керқұла байталға шын қызыға бастадым. Ереңінде Стакуға: «Қоя бер мына байталды, тұқым алатын жануар екен, бір жерде ұшып қалар» – деп, байталды жіберткіздім. Содан құла байтал терін әбден үккесін, ұстатып мініп көрдім өнерін. Не бір шаншылған биіктің басына шауып шыққанда, мені ауырламады, иә танаулап ентікпеді.
Өмірімде қатты ұстанғаным – жорық олжасынан серіктерімнің қолын қақпайтынмын, көбіне солардан қалғанын алатынмын. Бұл жолы ол дағдымнан жаңылдым. «Әй жігіттер, мына олжаның өзгесін бер, берме, мен мына құла байталды алам» – дедім. Сол жануарды 13 жасқа келгенше құлындатпай міндім. Ел арасында Тәуке байтал мініп жүр деп айтар деп, мінбейтінмін. Жорыққа шыққанда жетекте ұстаймын. Қысылшаң боларда ғана ер салушы едім жануарға.
Отырғандар дуылдасып жатты. Әлихан аузы шабан, зор денелі, қою мұртты, қарасұр кісі екен. Жұрт дабыры басылған соң: «Балқаш, Тоқырауын бойында осы күнде Бесқасқыр деген құла ат бар. Жасы тоқырап қалған ат. Ұлы дүбір бәйгеге қосылған жоқ. Оны Бесқасқыр деп атайтыны, кезіккен қасқыр қанша болса, бәрін де жетіп соғады. Бірде бес қасқыр кезесіп, бәрі жетіп алған екен. Содан Бесқасқыр атанып жүргені. Ақан серінің Құлагері де Қытай жағынан саудадан келген. Батыр, сіз құла байталды Қытай жағының жылқысы деп отырсыз. Мүмкін Бесқасқыр да сол жақтан шығар. Бәрінің де түстері құла, бір тұқымнан-ау» – деді Әлекең.
Шашубай ақынның үш арманы
Жоғарыда Әлихан Бөкейханов пен Тәуке батыр жайлы естелік айтушы Кенжебаев Жұмағазыны тағы да сөйлетейік.
-Мен 1948-50 жылдары басыма іс түсіп, жаза кесіліп, Ақтоғай станциясы түбіндегі еңбекпен түзеу лагерінде болдым. Кесікті күнімді өтеп шығып, жүдеу киіммен Ақтоғай станциясындағы жүгіртпе базарға келдім. Базардағы аз кісінің арасында, соңында ерткен әр жастағы адамдары бар бір қарт жүр екен. Сұрағанымда әлгі қарт Шашубай ақын болып шықты. Келіп сәлем бердім. Шашекең жөнімді сұрады. «Абай елінікімін, лагерден шыққан бетім» – деп едім, әрі қарай сөйлетпей, үйіне алып кетті. Әбден жүдеп шыққан басым, Шашекең үйінде аптадан артық жатып, құр аттың күйіне түстім, – дейді Жұмағазы ақсақал.
Шашубай ақын маған:
-Шырағым, Жұмаш, сөз ұғарлығың бар екен. Тәңір берген аз өнерім арқасында халқымның құрметін көріп, әжептәуір жасқа келдім. Байқап отырсың ғой, мен перзентсізбін. Бірақ ол маған арман емес. Арманың өңгеде. Мен де балалы болғанмын. Жеткен төрт ұлды 31-дің аштығына бергем. Арманымның күллісі ұлы Абаймен байланысты десем болады. «Қошқарбайдың Шашубайымын, болсам да малға кедей, сөзге баймын!» деп асқақтаймын ғой. Бірақ аузымның дуасы шамалы болды.
Ертеректе Нарекеңе, Нарманбет Орманбетұлына еріп, Жетісу баурайына барып, бір байдың үйінде қонақтап жаттық. Өзіміз бесеуміз. Бүгін қайтпақшы болып отырғанымызда, таңертеңгі шай үстінде сәлем істеп бір әйел кірді үстімізге. Үсті-басы тап-таза. Біраз аялдап отырып:
-Нараға, мен сізге келдім, адасып жүрген бір қарындасыңызбын, көп тобықтының бірі болам. Ерім мына байдың қойшысы. Бір уыс сүйегіңізбін ғой, қорашсынбасаңыз отбасында болып, дәм татсаңыз деп келдім, аға! – деп әйел жылады.
Нарекең іркілмеді:
-Қазір барамыз, қарағым! – деді.
Байдың өзін ертіп, туысымыздың үйіне келдік. Байдың малшысының үйі дейтін емес. Үй іші тиянадай. Дәмді баптап берді қарындасымыз. Дәм соңында ықылас білдірмегіміз бар. Сонда күйеуі екеуі қол жайып отыра қалды да, қарындасымыз:
-Нараға, мал тілемеймін тәңірден. Дәм жазып мына күйеу балаңызбен қосылғаныма бірқыдыру жыл болды. Бір шыр еткенге зармыз, аға, – деп және көз жасын ірікті.
Нарағаң көңілі келгенен риза секілді еді, тіпті тебіреніп кетті:
Жеті өлікке жан берген,
Жеті қатқа өң берген.
Адамзатқа нәр берген,
Қара жерге әр берген.
Жаратушы, сенен,
Бабай түкті Шашты әзиз,
Тіледім сенен!
Осы қарғамның маңдайына ырыс бер, берсең ырыс, дұрыс бер. Ернін ұлға тигіз, уысын пұлға тигіз, аллаһуакбар! – деп бата берді.
Содан бері көп уақыт өтті. Кім есте қалады. Қарындас та ұмытылды. Өзімізден де ес кететін уақыт жетті. Бар бала мен туыстан 1931 жылдың ашаршылығында айырылып, қу басым қаңғырып Қарқараға бардым.
Буын кетіп, әл құрып жүргенімде, бір бәйбіше өңіме үңіліп тұрып, қолымнан ұстап, жетектеп алды да кетті. Үйне келіп:
-Әй, Нарбай, Нарбай, Шашушал, мына нағашыларыңды шомылдырыңдар қазір, – деді. Зіңгіттей екі жігіт шешіндіріп, әбден тазалап жуындырды. Үр жаңа киім әкеп киіндірді. Екеуі нағашылап асты-үстіме түсіп жүрі. Айран асырмын.Тамаққа әбден тойғызып, көрпемді жауып салды. Ертеңгі ас үстінде бәйбіше маған қарап:
-Шашу аға, мені танымадыңыз-ау? – деді.
-Танымадым, қарағым…
-Шашу аға, баяғыда Нарекең бар, бес кісі келіп, шаңырағымыздан дәм татқаныңыз бар еді. Нарекеңнің батасы тиіп, содан мына бес жиеніңізді көрсеттті Алла, – деп отыр.
Сол жылы қарындасымыз тұңғыш ұлына жүкті болып, сәбиіне Нарекеңнің есімінің бас бөлігін алып Нарбай деп, екінші ұлына менің есімімнің бас бөлігін алып – Шашушал деп, қалған үш ұлына сол жолы келген үшеуінің аттарын қойыпты.
Не керек, жетісіп қалдым.Бұл күнге дейін от оттап, су ішіп жүргеніме сол қарындасым себепші болды. Міне, Жұмаш, Нарекеңнің аузының дуасын қарашы. Мен ондай болмадым ғой. Абайдан көп кіші емеспін. Ол дүниеден өткенде, қырыққа ғана толған едім. Бірақ мен Абайдың алдын көрмеген кісімін. Алдында болмадым. Неге дейсің ғой? Қорықтым. Естуімше, Абайдың алды қатты. Әй, осы жолы Абай ағама барармын-ау деп шығам да, Бақанасқа бірер қоналқы жер қалғанда қожырай бастаймын. Осынымды Нарекеңе айтып едім:
-Сен Абай ағаңның алдында жөн отыра аласың ба? Бірдеңені бүлдіресің де, Абай мәңгілік жуылмайтын бір сөзбен өлтіре салар. Сен Көкбайдан әулие емессің. Ал сол Көкбай, Әріп, Шәкәрім үшеуін бір-ақ ауыз өлеңмен бүктеп салған Абай. Бармағаның жөн болар, – дегені Нарекеңнің. Апырау, айтса Абай өз ағам. Неден қара басты мені?! Неге алдын көріп жүздеспедім деп қатты армандаймын, Жұмаш қалқам.
Бұдан соң Абай ағамның 100 жылдық тойына тағы бара алмадым. Дүниесі құрғыр, жаңадан үй салғызып жатыр едім. Мына кемпір «бір кетсең жоғаласың, үй бітпей қалып, ел-жұртқа күлкі боламыз» деп зарласын кеп. Құдайым-ау, баспанасыз емес едім, келесі жылы да бітер еді ғой сол үй. Міне, менің көкірегімде үш қиял-арманымның үлкені, ең зоры болып жүр деді Шашубай ақын.
Шыңғыстау көтерілісі
1931 жылдың күзіндегі кеңес өкіметіне қарсы болған Шыңғыстау көтерілісі мен Шәкәрім қажының байланысы барлығы, Шәкәрім қажының Шақпақтағы саят қорасында жатып алатыны әркімге аян. Бұл көтеріліс 1931 жылдың 3 қыркүйегінде болғаны, көтерілістен соң тұп-тура бір айдан кейін, 3 қазан күні Шәкәрім ГПУ-дың қолынан атылғаны анық. Бұл аш халықтың көтерілуін күні кешеге дейін «Шәкәрім көтерілісі» деп атақтап келгені де рас. Шәкәрім қажы терең ойлы, кемел ақылдың адамы. Шыңғыстаудың бесті-онды сойылы, бірер мылтығы бар көтерілісшілерінің қолынан кеңес өкіметі құламайтынын Шәкәрім білмеді деуге болар ма? Көтерілістің басталуы мен Шәкірім атының қаралануына Бердеш бастаған Әзімбай балалары кінәлі болған. (Әзімбай – Құнанбайдың екінші ұлы Тәңірбердінің (Тәкежан) баласы. Бердеш – Әзімбайдың ұлы-ред.).
Көтерілістің көрнекке шыққан басшысы Солтанбайұлы Қасымбек, оның інісі Санияқас, Жаппарқожаұлы Раманқұл, (жалған аты Қарабала) болса, сол кездегі Тәкежен балаларының басшысы, Құнанбай ұрпақтарының Шәкәрім қажыдан кейінгі үлкені Бердеш еді.
Сол көтеріліс туралы Шәкәрімнің көтеріліске қатысы жайлы кейін мынадай ақиқаттың шеті шығып, жазылып жүр. Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм Тілеуінбердин Зәкен деген адам мынаны айтып еді: «1947 жылы Сібірде қашып жүріп ұсталған Солтанбаев Қасымбек кешірім ап, 1950-інші жылдардың басында «Хрущев жылмығы» кезінде елге келді. Кешіріммен келген, артында қоңырауы басылған кісі ғой деді ме, ағайындар дәмге шақырып жатты. Сол кісімен бірнеше үйде дәмдес болдым. Жүз жасқа бет алған Сабыржан, Әлімбет, Садырбаева Жақып, тағы сондай Шыңғыс елінің жайына жетік ақсақалдар мәжілістес болып жүрді. Сонда ол кісілердің Қасымбектен шұқшия сұрайтыны: 1931 жылғы өзі басқарған көтеріліс пен Шәкәрім қажының атылуы жайы. Әсіресе, Олжабайдың торы жорға атының Шәкәрім қажы астына қалай түскені туралы бола берді. Қасымбекке ақсақалдар тарапынан қойылған сұрақтың ең өткірі Әлімбет қария қойған мына сұрақ па деймін.
-Қасымбек, сен Қытайға қашпай, Сібірге шығып кетуіңнің себебі не? Семейден қалай өттің? Сен туа көсе емес пе едің. Мына күйек сақал, жебелі мұрт саған қайдан бітті? Шәкәрім қажының сол көтеріліске қандай қатысы болды? Шәкәрім атылғанда, астындағы торы жорғаны қайдан, кімнен алып мінгенін таба алмай қайранбыз біз, – деді.
Қасымбек:
-Әй, ақсақалдар-ай! Ол ұрпақ басына тәңір қайтып келтермесін дейтіндей заман болды емес пе? Жұрт жаппай ашықты. Малдан тұқым қалуына неғайбылға айналды. Қалай қармансақ та, құтылар жол жоқ. Әсіресе Қазақстан басшысы Елтай Ерназаровтың келуі келешектен күдер үздіріп жіберді. Белдеуде бұзау қалмасын деген не сөз? Қазақтың жаны малында. Ерікті, еріксіз бір қимыл жасау керек сияқтанды. Бір тұяқ серпіп көруге бел байладық. Милициясы мен белсендісі күн сайын қағынып бара жатты. Әрі ойлап, бері ойлап дегендей, Шақпақтағы Қажыға (Шәкірімге-ред.) келдік. Бердеш бар, мен бар, ойымызды жайлап жеткізіп жатырмыз. Қажының өңі қашып, екеумізге кезек-кезек қарай берді. Осы кезде Қажының ұлы Зият кіріп келді.
Қажы:
-Зият, сен мыналардың келуінен хабардарсың ба? – деп сұрады.
-Иә, Қажы, ерте ме, кеш пе, бір әрекет керек қой…
Қажы:
-Ее, сойқанды белсенділердің ойыны осыған әкелді деңдер. Олар ойнайды, ал сендердің ойындарың осылады. Соңынан халықтың соры қайнап, сорпасы төгілмек. Менің тілімді алсаңдар, осы сөз осы жерде қалсын. Сендер айтқан жоқсыңдар, мен естіген жоқпын. Сендердің бірер жүз сойылың мен оншақты мылтығыңнан құлайтын совет жоқ. Мұның тамыры тереңде. Тоқтаңдар, тиылыңдар, қарақтарым! Енді қайтап сөз жасамаңдар. Біреуден біреу естіп, ГПУ тұқымдарыңды құртып жіберер. Жалпақ жұрттың қанына қалмаңдар. Бұдан кейін маған келмеңдер. Бұдан кейін келсеңдер, өзім ұстатам сендерді. Барыңдар! – деп айдап тастады. Зият әкесінің қасында қалды. Бірер күн аралатып, Қажы қасынан Зият келді. Біз кеткеннен соң да Қажы айтқанынан қайтпапты.
Енді біз басқа әрекетке көштік. Ақылдаса келіп, жұртқа Шәкәрім атынан сөз тастайтын болдық. Әр рудағы бұрынғы ел иелеріне кісі аттандырып, көтерілуге шақырдық. Күнін қыркүйектің екісінен бастап, үші күні деп белгіледік. Басталуы Шұбаратумен шектес Бақанас ауылы болсын. Соңымызға ерген елді біржола ашындырып алу үшін, бұл елдікі емес коммунистер мен комсомолдардың бір-екеуін құрбан етейік дестік. Қарабала Бақанаста тұратын. Оның өші сондағы мұғалім Рамазан екен. Менің өшім РККИ бастығы Олжабай еді. Сонымен не айтары бар, соны істедік қой…
Амал қанша, көрбала ел ГПУ-дің оғынан 2-3 адам мерт болғасын, дүрк қашып берді. Тоқтата алмадық. Өзгесі белгілі. Зият қашқан бетінде Қажыға барған.
Сонымен қашқынға айналдық. ГПУ соңымызға түсіп берді. Ұстамай қоятын емес. Жер жөнін білетін екі адамды Қытай мен екі арадағы шекараға жіберіп едік, «жорғалаған тышқанды өткізетін түрі жоқ» деп келді. Ендігі ақылымыз мынаған сайды. Қайтсек те Қытайға өту керек. Жан қалатын да, жанды сақтайтын да жер сол. Ол үшін, ең бірінші, жер жайына қанық адам керек. Екінші, Қытайға барғанда, бізді қай әкеміз қарсы алады? Онда барғанда да күнкөріс керек. Қытайға «паспортымызбен» барсақ қана сыйлы боламыз, қоршылық көрмейміз. Ол «паспортымыз» – Шәкәрім қажы болуы керек.
Қайткендеде Қажыны бірге ала кетуіміз керек, сонда ғана екі мақсқатымыз орындалады. Біріншісі, Қажыдан артық жер жадысын білетін кісі бола ма? Екіншісі, ол жаққа Қажының даңқы жеткен, көлеңкесі бір топқа ғана емес, мыңға жетеді.
Қажының бұл жақта қимайтыны жоқ. Баязиты буынып, Ғафуры түрмеде бауыздалып өлген. Ахаты мен Қабышы түрмеде. Оларды жоққа санау керек. Қажы туған жер мен аруақты ғана қимай, осы жақтан топырақ бұйырсын деп қана отыр.
Арттағы бала-шағаға қарайлағанмен, қолды боламыз. Шекарадан аман өтуді Алла жазса, аласапыран басылғасын, бала-шағаны алып кетерміз дедік. Бірақ Қажы айтқанымызға көне қойса жақсы, көнбесе не істейміз? Бұның бәрін Бердеш екеуміз шештік. Ұзақ жолға жайлы Олжабайдың торы жорға атын Зиятқа жетектетіп бұрынырақ жібереміз де, өзіміз кейін барамыз. Қажыға айтарымыз мынау болмақ: «Сіз Қытайға бізбен бірге еріп жүресіз. Жүрісі жайлы торы жорға атты мінесіз. Мұнда қимайтын ештеңе қалған жоқ. Біздің аянатынымыз жоқ, бәрібір өлген кісіміз. Сізді алмай кетпейміз. Сүйегіңіз болса да Қытайға апарамыз. Сізді тірі апарсақ та, өлі апарсақ та, көлеңкеңіз жетеді бізге!».
Қажы зарлап-зарлап, ақыры көнді бізге. Қажы ерген соң, жаңа күш бітті. Жүріс-тұрыста, жер-жол табуда қысылысымыз жоқ. Бәрін қажы нұсқайды. Қуғын күшейді. Кеткеннен басқа жол қалмады. Шыңғыстың бауырынан Аршалыға құлап, одан жайлауға шығып, Қытайға бет алған жолда Қажы атылды ғой.
Қажы кітаптарымды ала кетем деген соң, бір інген түйеге азық-түлік пен кітаптарды артып алғанбыз. Қажы атылған соң, қашқаннан қашып отырып, Қамбардың Көкшетауына шығып кетіппіз. Жерді тани келе ес жиғандай болдық.
Қажы: «Мұқаншиді басып жүрмеу керек, онда күзет күшті болмақ. Біз жоғары өрлеп барып, Іленің қалың қамысы арқылы өткеніміз дұрыс» – деп, өзінің «Үш анық» кітабының мұқабасының ішкі бетіне карта етіп сызып көрсеткен. Сонда бет алғанда, маған бір ой түсті: «Шекарада бізді күтіп жасырынып әскер тұр. Қысылшаңда ақыл табатын Қажы жоқ. Көппен жүргеннен, жалғыз жүрсем сыйымды болармын. Менің жөнім Сібірдегі қазақтар болар. Бийск, Рубцовка, Барнаул кеткенім дұрыс. Шыңғыстау-Семей жолына жоламауым керек» – деп, сол Көкшетаудан Дегелеңді сырттап, Кемпір бекетін басып, Қиық (Лебяжье) қаласына ойысып, Қызылтай ауылы арқылы Сібірге түстім де кеттім.
Ендігі қиындық – көселігім болды. Бір құшнаш, емсек орыс кемпірін тауып, ол қолдан дәрі жасап жағып, бір ай шамасында сақал-мұртты қазақ болдым да шықтым.
-Қасыңда кімдер болғанын айтпадың-ау, Қасымбек?
-Қасымызда көп адам болған жоқ. Бердеш пен екеуміз, Зият, Абайдың Гүлбаданынан туатын Көкше Дүтбайдың Мұхтары және екі Керей жігіті бар еді. Қарабаланы ГПУ ұстап, Қарауылда өз етін өзіне жегізіп, азаптап өлтірді.
Шыңғыстау көтерілісі жайлы Қасымбек әңгімесі осындай. Ал Бердеш ақсақал кейін бұл сөздің бірін де айтпаған кісі. Әуелінде: «Шәкәрім атылғанда, ол топтың ішінде жоқпын» – деген.
Разақ, Бердеш, Қабыш үшеуі (ел іші тынышталғасын) 1954 жылы Мұхтарға сәлем берер барғанда, Мұхаң Бердешке:
-Ойпыр-ай, Бердеш-ай, сен де жер басып тірі жүр ме едің?! – деген ғой. Мұхаңа бұл сыйымды. Бұл Мұхаң ғана айтатын сөз. Сыйымды болатыны, Бердеш Шәкәрім атын жамылып Шыңғыстау халық көтеріліске шақырды, халық қырғын тапты. Шәкәрімдей адамды адастырды. Оны білмейтін Мұқаң ба?
Жігіттің сырттаны Базаралы
Арғынның ХVІІІ ғасырдағы белгілі билерінің бірі, әрі батыры Кеңгірбай Жандосұлының немересі, тарихи адам. Базаралыны Шыңғыс атырабы, Аягөз, Тарбағатай, Қарқаралы, Баянауыл ауқымындағы ел-жұрт күні кешеге дейін естеріне ұстап, аңыздық болмасын әңгімелеп келген.
Базекеңнің өзгеден артық қасиеті – жас бозбала кезінен-ақ аңыздалып, Сәкенше айтсақ «күрсінткен сұлулардың көкем-ауы» болған.
Өз тұсында адамның арыстаны атанған Құнанбайдың жас тоқалы, Мұхтардың әпекесі, Бердіқожақызы Нұрғанымның да есін алғандай іске ұрындырғаны сол еректігінен болар.
Әуезовтың «Абай жолы» романындағы Базаралы-Нұрғаным арасындағы құштарлық қатынастың басталуын Мұхаңның дәлелдеуі мен әдіптеуіне құлақ салыңыз: «…Құнанбай есіктен көз алмай ойланып қалып еді. Аздан соң Нұрғанымға қарап:
-Шіркін Базаралы! Бұл өңірдің жігітіне бітпеген сырың мен нұрың бар. Тек сорлы жазған, қарымы шолақ Қауменнен несін тудың екен? – деді.
…Астан кейін Базаралы қарсы үйде жалғыз жатты. Қай мезгіл екені белгісіз. Бірақ қап-қараңғы үйдің ішінде бір мезгіл сескеніп оянды. Байқаса, дәл қасына біреу кепті.
-Ой, бұ кім? – деп еді.
-Сескенбе, менмін, – деген үн есітті. Нұрғанымның үні екен.
-Бәтір-ау, мына жынды неғып жүр? – деп Базаралы басын көтеріп алды. Нұрғаным сасқан жоқ. Салмақпен ақырын ғана күліп қойды.
-Тоқта, саған менің көңілім сен жоғында қосылған. .. Мырзаның өз тілі қосқан, – деді де, Базаралыны қатты құшақтап, сүйіп кеп алды.
Жігіт те бұдан әрі үн қатқан жоқ. Екеуі өзгеше бір ыстық жалынмен үш қайтара сүйісті… Базаралы қия алмай бірге түрегеп:
-Жаным-ай, жай тұрған жүрегімді астан-кестен еттің ғой! Енді несіне кетесің? – деп тағы да құшақтады. Бірақ Нұрғаным бұдан енді тартынып, босаңқырап алып:
-Қайда жүрсең де аман жүр! Жаным да, тілегім де бір сендік, Базекем! – деп тағы бір рет асығыс сүйді де, жалт беріп жүріп кетті. Нұрағным кеудесіне сыймастай қуаныш әкетті. Ол қуаныш – өмірінде ең алғаш татқан әйелдік махаббаттың қуанышы болатын.
…Мұхаң өмірінің соңғы жылдарының бірінде ұзақ жылдар суысып жүрген туысы, Сарыағаш курортында тұратын Ахмет Әуезовтың отбасында көңіл хошы болып отырып, Ахметтен «Абай жолы» романы туралы пікірін білгісі келіпті.
Сонда Ахмет:
-Мұхтар, романың бүтін дүние мойындаған шығарма ғой. Менің айтпағым – бір кісінің бейнесі туралы. Нұрғаным апамыздың етегін Базаралыға ашқызғаның не? Базаралы онсыз да Базаралы еді ғой? – дейді.
Сонда Мұхаң:
-Пәлі! Пәлі! Ахмет, мына жерде жүр екенсің ғой! Ең алдымен шындық өлмей ме? Одан соң, ғашықтар жылайды ғой. Шындық шіркін сен қанша бүркесең де, соншылақ ашыла бермек. Нұрғаным апамыздың басындағы тағдыр – шалға барған бар қазақ қыздарының тағдыры емес пе? Оны сен білмегенде кім біледі? Абайдай арыс баласы, Ырғызбайдан тараған шоғыр туыстарының көз алдында ғашығымен табысады. Тіпті Оспан су бермей қойғанда, ас үй ішінен құдық қаздырғаны кәні? Мен оны ойдан шығарыппын ба? – деген екен.
… Ас үйінен құдық қазғызып алып, Базаралымен оңаша ашық жатып алғанын білген соң, Абай Нұрғанымға «тиылсын» деген сәлеммен кісі жіберіпті. Нұрғаным Абайдың жіберген кісісі Құдайбердінің әйелі Төлебикеге:
-Пәлі! Ақылды деп жүрген Абайымыз мына жерде жүр екен ғой. Мені Базекеңе мырзаның (Құнанбайдың- ред) өзі қосқан. Тарылмасын Абай. Ғұмырымда көрген рахатты шағым осы. Қисын соны! – депті.
Абай осыдан соң кісі жібермеген. Нұрғаным бір тәуліктен соң ғашығын қайтарған.
…Базекеңнің кесек мінезінің бір үзігін оның замандастары өзіне лайық ерлік, кісілік деп бағалаған. Базаралы алты жылдай Иркутск жағында айдауда жүріп, үйіне оралғасын, бәйбішесі Өдек көзіне түсе қоймайды. Ел-жұртпен амандасып, қауышып, едәуір уақыт оздарғасын Базаралы шыдасын ба:
-Оу, ағайын, менің Өдегім қайда, көрінбейді ғой? – деп сұрапты.
Ешкім жауап бермегесін, сұрағын тағы да қайталайды. Сонда бір жасы үлкен туысы отырып:
-Шырағым, Өдектің бетінде бір үлкен шіркеуі бар еді, содан ұялып көріне алмай жүр ғой. Білерің бар еді, қарағым, кешіргейсің келінді! – деп майдалап бастағанда, Базаралы өзге сөзді тыңдамай: «Шақырыңдар Өдекті!» – депті.
Ағайындары Өдекті үйге енгізіпті. Базекең орнынан тұрып, әйелін құшағына басып тұрып: «Базаралы алты жыл ана жақта етегіне намаз оқып жүрді дейсіңдер ме? Өдектің қонағын күтіңдер бәрің. Бүгін Өдек менің қасымда отырады!» – деп, оң тізесіне отырғызып алған екен.
Базаралы дүние салғанда, Өдек: «Есіл ерім-ай, сен сөйттің-ау деп бетіме басып бір ауыз сөз айтпай кеттің-ау!» – деп жылаған екен. Базаралыдағы мінез кесектігіні бірі осы.
Бұл әңгіменің себебі, ол уақытта жер аударылған қазақтың отбасын бір лауазымды адамның қасына кірме қылып отырғызып қоятын тәртіп болған. Базаралы жер аударылған соң, оның отбасын Тәңірберді қасына алып, Өдек Тәңірбердіден Аязбай атты ұл туған. Қазіргі шежіреде Базаралыдан екі ұлы – Кенесары, Аязбай болып жазылып жүр. Аязбайдан ұрпақ жоқ. Кенесарыдан – Бекежан, одан Арыстан туған.
Мұхаң өз романында Базекеңді Сібірден қашып келіп еді дейді. Ал ертедегі қарттар ол қашып емес, күш өнерінің арқасында рұхсатпен келген дейді. Базаралы өзінің босап келуін былайша түсіндірген:
-Үркіттің (Иркутск) колониясында ойын-сауық қойып, өнер көрсетіп жүрген цирк келіп, үйретінді аюды алдымызға әкеліп, кімде-кім аюмен күресіп жықса, айдаудан босатылатын хабарлады. Аю деп зорайтқанымен, ол да ит емес пе деп, күрескім келді. Сол жерде колония бастығымен шарт жасастым. Мен күрес үстінде өлсем, сұрауым жоқ. Жықсам, тоқтаусыз азат болуым керек. Қара құлын терісінен тігілген тайжақым бар еді, майдан даласына соны киіп шықтым. Аю тырнағына төтеп берсе, сол берер деген ой ғой. Аю менен жылдам болып шықты. Шоқтығыма алдыңғы аяғы менен бұрын тиіп, қырқа шалып алып басқанда, сүйегім сықыр-сықыр етті. Шынмен иттен жазым болғаным ба деп, ашуым кеп, менің де оң қолым жотасынан тиген бетте, сол қолымды ашадан салып жебіріп, көтеріп ап соқтып. Басым аюдың арандай ашылған аузына дәл келер ме. Қысылғаным сонша, босаған оң қолыммен ашылған ауыздан қойып қалдым. Аюдың тісі қаусап, жұдырығым сол бойында көмекейіне дейін кіріп кетті. Аю азуын баса алмай, аузы қанға толып кетті. Аяғын жиырып серіпкенше, үстінен атып кеттім. Аю өкіріп, үсті-басы қан-қан, ақыра ұмтылды. Үйретушілер ие бола алмай жатыр. Тайжақымды бөксеріп түсірген екен, шешініп, жамылып тұра бердім. Колония бастығы сөзін жұтпай, екі күнде рұхсат қағазын берді.
Өз заманының асып туған ері Базаралыны Әріп ақын былай суреттейді:
Жасыңнан шепті бұздың жаудан қашпай,
Ер-ақ боп өсіп ең адам аспай.
Балағаз, Базаралы қатар шықтың,
Бірігіп тұлпар аттай тізеңді ашпай.
Мұзбалақ қыран едің бұлғын ілген,
Көрген құрбың сағынды ойнап-күлген.
Жаманды атылса да кім жоқтайды,
Ердікі қиын екен Алаш білген.
Бар еді кей мінезің жел ескендей,
Әр жақтан мал алушы ең ел көшкендей.
Тұлпар ең арда күрең жауға түспес,
Үстіңе сегіз жігіт мінгескендей, – десе, Абай шәкірті Көкбай ақын Базаралыны былай суреттейді:
Базекем анық ер ғой отты талап,
Жасыңнан тас шайнадың, жалын жалап.
Бірегей бірге төтеп беруші едің,
Ел сенген бір өзіңді жүзге балап.
Дәм татып Ангара өзен, бардың Байкал,
Базеке, кімді азғырмас әйел сайқал.
Текті айғырды кекті айғыр сүріндірді,
Ісіңнің куәгері – қасаң байтал.
Ол дәурен шықты бүгін уасыңнан,
Ағайын апат шегер суысудан.
Кек бар да, кешірім бар демеп пе еді,
Сонда да кете алмайсың туысыңнан!
Абай мен Абылғазы батыр
Бұл өңірдің тарихын сөз еткенде, Тобықты руында аты шыққан, «Абай жолы» эпопеясында ірлікпен көзге түсетін бейне Абылғазы батырға тоқтамауға болмайды. Романда Абылғазы жаны нәзік, Оралбай мен Керімбаланың қосылуына басшы болады. Қос ғашықтан ақылын да, қайратын да аямайды. Абылғазы сондай-ақ аса құсбегі адам болған.
1923 жылы 85 жастағы Абылғазыны құс бабын біледі және көргені көп, әңгімесіз қылмайды деп, ел адамдары салбурынға (аңшылық-ред.) алып барады. Сол жерде боран апталап соғып, Абылғазы қарттан әңгіме сұрайды. Күніне бір мәрте құстың бабын ғана тексеретін қолы бос қария өзі де әңгіме іздеп отырса керек.
-Балалар, бір әңгіме айтайын. Бұл әңгіме Абай жарықтықпен байланысты. Және өзімнің Тобықты атамның аруағының назасына ұшырағаным жайлы, – деп бастайды Абаң қарт әңгімесін.
-Әкем Қарашаға 1100 жылқы бітті. Ұрынарға қара таба алмай жүрген шағым. Өзімді Тобықтының бас батыры санаймын. Жылқыда бір ақбоз ат, бір көк бедеу бие бар. Осы екеуінен басқана жылқым бар-ау деп ойласам бұйырмасын. Жаз шыға көк биені ұстаймын да, боз ат бос жүреді. Күзде ақбоз атты ұстап, көк биені жылқыға қосам.
Боз аттың жараулы кезі еді. Жануарды сергісін деп, анда-санда жылқыға қосатыным болушы еді. Бір күін сол әдетіммен кешкі жылқы іңірттеуге шығарда ақбозды жылқыға жібердім де, бір топыраштау бие ұстап міндім. Іңір қараңғысы әдбен түскен шақта жылқы жақтан «аттандаған» дауыс естілді. Тау-тас, сай-салаға «аттан» толып кетті. Шауып келем, арманым ақбоз ат пен көк биенің біріне қолым жетсе-ау деймін. Жылқыдан тағалы тай тастамай қуып барады. Жау аз да емес, осал да емес. Қуып шыққандарымыз іріктеліп, қос-қос ат алып, қуып бердік. Мың жарымдай жылқыда кәрі-құртаң, жадау тай-байталдар болмай ма. Жолшыбай қалып жатыр.
Жылқы шұбырындысынан адасу жоқ. Күн-түн қуып, алтыншы сөткеде таң ата бір биіктен көз салсам, алдымда көз ұшында екі-үш үйлі ауыл көрінеді. Бір үйінің босағасында көк бием байлаулы тұр. Қаным қайнағаны сонша, қалшылдап кетсем керек. Ат басын ағыттым ауылға. Ел тұрмаған шақ. Көк бие байланған үйден екі-үш жігіт жүгіріп шығып еді, бір-бір қағып ұшырып жібердім. Үйден бір шал шығып: «Ой, қарағым, қырамысың?! Сені алған жау бізді де алды» – дегенде тоқтадым. Қарттың айтысы, таң қараңғысында қалың жылқы бұл ауылдың 70-80 бас жылқысының үстінен түсіп, оларды қоса айдап, тура ауылдың үстімен өтіпті. Көк бие бұралып қалған, айналып шықпай қойса керек. Үйдегі жігіттердің бірі үстіндегі кісісін жұлып алған екен, аналардың екеуі қайта келіп, оны міңгестіріп алып кетіпті. Көк бие осы жерде қала берген.
Жылқы алушылардың өткеніне үш күн болыпты. Біздің аттарымызда да, өзімізде де күй жоқ. Бармақты шайнай-шайнай, ат басын кері бұрдық. Ең бататыны, жылқы алған жауымыздың кім екенін білмейміз. Тек іштей жұбанышым, көк биені алып қалғаным. Тобықты елі болып жиылып, біздің үйге алты жүздей жылқы жиып берді. Бұрынғы жылқыдан жүздей қалған. Жеті жүз жылқы басы құралды. Сөйтіп үш жылдың жүзі болды. Қалың жылқыдан, оны әкеткен жаудан бір хабар жоқ. Ал мен болсам у жеген қасқырдай аласұрам. Ұйқы-күлкіден айырылдым. Күнім ат үстінде, елсізді кезуде өтті. Содан үш жыл өткенде, Алатау ішін кезіп жүргенде, таң жарықтала бере, алыстан бір қылаң көзіме шалынды. Анықтап қарасам, өзімнің боз атым. Көзім түстік жерден көруші еді. Енді жан қала ма, жөнелдім. Маңай әбден көрініп, күн шығуға айналды. Боз ат тұрған биікке тақалғанда, атымның бір мінезі есіме түсіп, шоши бастадым. Ол бөгде кісіні көргенде, тарпып иесін оятатын. Енді өз атымнан өзім тығылып, таса-тасамен таяп келем. Жауым оянып, атқа қонғанша жетіп үлгеретіндей жерден ат басын жібердім. Боз ат иесін оятып, ол аяғын үзеңгіге сала бергенде мен де жетіп, салып жібердім. Бүктеліп түсті. Қарғып түсіп, жерден көтерсем, шоқша сақалды аппақ қудай шал екен. Басы жарылыпты. Есін жинағасын шала буындырып тұрып: «Кімсің, қайдан келдің?» – деп сұрадым. «Кәрсон-Керней руынан, теңіз бойынанмын» дегені есімде, бауыздап жіберіп, қанын тойғанша жұттым да, шалдың денесін таспен бастырып, атымды алып жөнеп кеттім. Боз ат астыма түскесін, дүнием түгенделді. Әркімнен жинаған жылқы жылқы бол ма. Біртіндеп шығын болып жатса да, оған опынар мен емес. Боз атты тақымда ойнатып жүрмін.
Күзде, қараша айына таман «Абай шақырады» деген хабар жетті. Бардым. Ақбоз атты қалай тапқанымды сұрады. Бәрін баяндап айттым. Шалдың қанын ішкенімді, оның теңіз бойының Кәрсон-Керней елінен екенін айтқанымда Абай түтеп берсін:
-Осынша қанға құнығармысың?! Шалды неге әкелмейсің мұнда? Тобықтыдан бұдан бұрын да екі дүркін жылқы әкеткен жау еді ол. Кім екені білінбей кеткен болатын. Қап, Төбет-ай, қолға түскен жауды құтқарғаныңды қарашы. Сен, Төбет, қолға түскен жауымды өлтірдім, кегімді алдым дейсің ғой. Жоқ, сен оны құтқардың. Ол өз құнын алып кеткен кісі. Шық үйден! – деп айдап тастады.
Абайдікі ақиқат. Мен шалдың аты-жөнін де білмеймін. Ендеше Абайға өкпелер орын жоқ. Өз кінәм өзімде.
Сөйтіп, қыс өтіп, ел жаз жайлауға шыққанда, «Абай Кәрсон-Кернейге аттандырмақ болып азамат жинап жатыр» деген хабар тарады. Күннен күн озуда. Бірақ Тобықтының бас батыры маған келген шақыру жоқ. Абайға жүрегім мұздап, ішім суи бастады. Жау әкеткен жылқы менікі. Ел арасындағы атағым ше? Бұл мені емес, бүкіл Жігітекті жер ету. Абай да ежелгі ағайын өштігіне бой ұрды деп тың тыңдаумен жүрмін. Қолдың аттанатын күнін естіп, Абайға жүрегімнің қарайғаны-ай! Осылай қол ертеңгісін аттанады деп отырғанда, Абайдан «келсін» деген хабар жетті. Уһ деп бір дем алдым. Ақбоз ат болсын болмасын бабында.
Келсем Пұшантайдағы Абай аулының үсті ханбазар. Еліміздің мықты деген санаттағы жігіттерінің басы қосылған. Бірақ бәрі де қолды кім басқаратынын білмейді. Қол ағасы белгіленбеген. Тобықты атамның әр атасына ие ақсақалдар жиналған екен. Бір көкқасқа айтылып сойылыпты. Ет желініп болған соң, Абай ортамызға келіп, шешімді сөзін айтты.
Аттанбақ кісі саны жетпістен аса бар екен. Бұл Тобықты руы үшін киелі сан саналады. Өйткені, Тобықты руы Шыңғыстауға келгенде, Кеңгірбай, Мамайдың соңынан ерген жігіт саны жетпіс бір екен.
Менің тосқаным, қол ағасын Абайдың атауы. Абай шетті отырған бір жігітті ымдап шақырды. Мен танымайтын жасөспірім. Мұрты жаңа түбіттене бастаған. Абай: «Қолды мына жігіт бастайды, аты Бесбесбай. Осы ұзын сызса – жүресің, көлденең сызса – тоқтайсың. Бұның дегеніне бағынбағаның, айтқанына жүрмегенің – ел бетін көрмей-ақ қой. Баратын елің – Кәрсон-Керней, Қорғалжын теңізінің бойы. Сол ел мен жерді жақсы білетін мына екі жігіт менің жылқышым. Қыс бойы жылқыда болды. Естеріңде болсын, жау қолында кісі қалдырмаңдар. Кісі өлтіруге ұмтылмаңдар. Қолға түсер болсаң, қорықпа. Мен тірі болсам, ұзатпай алып шығам. Сендермен ел аруағы бірге бармақ. Аруақ алдымызды бастап, бетімізді түзеп отыр деңдер. Аруақ жар болсын! Сендер ұрлыққа емес, ел намысы үшін аттанып барасыңдар!» – деді.
-Ал, Бәке! – деп сосын Жаунтаяқ Байғұлақ ақсқалға сөз берді. Бәкең бата беріп, жөнелтіп салды, Ауылдан аруақ шақырып: «»Абылай» мен «Кеңгірбайды» кезек атап, ұрандап шауып шықтық. Барымта жасырып шығар ұрлық емес, салт солай.
Жол тартып келеміз. Шыққанан бұрынғы әдетімше қол алдындамын. Қолбасы бала да менімен қатар келеді. Әңгімеге тартасам, сөзге жоқ, тұрпайылау қоңқ етіп жауап береді. Бірақ дене бітісі мен атқа отырысына сүйсінейін. Құйып қойғандай. Тым шекелі, басы кіші-гірім қазаннан үлкен. Жолбарыс көзді. Қаруы – бақан іспеттес ұзын сойыл, тақымында қара шоқпар, белінде қысқалау қылыш. Мінгені ұзын соқталы ақкөк ат. Мен желіп жөнелсем, жалпылдап шауып отырады.
Қол сулар, ат шалдырар, түнейтін жерлерді менің белгілеуімді тілейді. Онысына ырза да болғаныммен, қолбасы болып белгіленбегенім ішімді аяздай қарып жібітпейді-ақ. Барар жерге бірер күндік жер қалғанда, жолбастушымыз екі керей (Абай жылқышылары-ред.) қашты да кетті. Қапы ұрып қалдық. Не істеуіміз керек? Жетпіс біріміздің ішінде бұл жаққа бұрын аяқ басқан жан жоқ екен. Сонда қолбасымыз Бесбесбай:
-Сонша жерден келіп қобалжудың жөні жоқ. Абайдың екі жылқышысы бізден бұрын еліне хабар беруге кеткен болар. Дұшпан хабар алды деп есептейік. Осы бетімізде түнде жүріп, күндіз қарауыл қарайық. Жүрегіңе қобалжу кіргенің болса, менен рұхсат, ат басын кері бұруыңа болады. Қазір Абаң екеуміз арамызды ашып тұрамыз, өткенің қол қатарында қаласыңдар, – деді қатқылдау сөйлеп. Бала басшының сөзі көкейіме қона кетті. Бұл қолды қайрау, ер қайратын жану ғой. Жақ ашпай-ақ. қолбасы бала екеуіміз арамызды ашып тұрдық. Қол бір-бірлеп екеуміздің арамыздан өтіп болды. Бұл алдағы айқасқа тас-түйін болдық деген сөз. Қолбасы бала көзі жайнап, өңі кіріп, дүр сілкінгендей. Түнде қашқан екеуі жетіп, дұшпанға хабар бергенше, уақыт ұту керек. Байқаймын, Бесбесбай бала етек-жеңін жинап, дұшпанға кезігер сәт жақындаған сайын өзгере бастағандай, тым жинақылана түсті. Бұл қолға да әсер етіп, жігіттердің жүрісі ширап кетті. Жүрісіміз суыт болды.
Жазықтан шығып, төбе-төбеге келіп іліндік. Кежеуілге, қарауылға адамдар бөліп қойып, қол тынымдады. Ертеңмен ерте тұрып, ыстық істеп ішіп, ат отаттып жаттық. Қарауылдағылар: «Алыс емес бір биік көрінеді, кежеуілшілер сонда кетті» – деді. Түс қия олар келіп, бір түстік жерден жойқын теңіз суы көрінгенін, бергі жағы қалың ел екенін, олар көшіп судан өтіп қонып жатқанын айтты.
Қолбасы маған:
-Сіздің көзіңіз алыстан көреді дейді ғой. Қасыңызға бір-екі жігіт алып жолаушыға ұқсап, биіктің басына шықсаңыз. Егер ел көшіп судан өтіп жаста, олардың хабар алғаны. Онда жасырынып қайтеміз? Күн батқанша сол биікке жетіп, қараңғы түсе судан өтіп, жылқысына тиелік, – деді.
Мен де сол сөзді қостадым. Бүгіннен кешіксек, бұл елге ішкеріден тағы да күш қосылып, жағдай қиын болмақ. Биікке шығып қарасам, кежеуілшілердікі рас екен, қалың ел аржаққа асығыс өтіп қонып жатыр. Атой салып белгі беріп, соңымыздан қол жетті. Сол жерде аттардың ерін алып сергітіп, кеш түсуін күтіп, ас ішіп жаттық.
Күн кешкіре биікке шығып қарап отырмыз. Шимандай қалың ел судың аржағына шығып, үйлерін тігіп болыпты. Әр үш-төрт ауыл жылқыларын өз ортасында қоғамдап жүр. Ауылдар жылқыларын теңізге жапты да, топтап айдап әкеліп, бір-біріне қоса бастады. Әр топтағы жылқыда үш-төрт мыңнан қарасы бар.
Осы арада бір үлкен қате жібергенімізді білдік. Мынау судан арғы жағаға қалай өтеміз? Тағы да «не істеу керекке» тірелдік. Бесбесбай: «Тілсіз жау болғанымен, судан қорқып қайтпаспыз. Бір қылта жер табылар, саламыз суға аттарды!» – деді.
Зор шайқас болатынына күман жоқ. Енді қалың шайқас үстінде бір-бірімізді ұрап қалмаудың тәсілін іздестірдік. Ақылдаса келіп, бәріміз сыртқы киімді шешіп қанжығаға байлап, ішкі көйлегімізбен, кілең ақ киімді болмақпыз. Жау қолында кісі қалдырмау үшін бірін-бірі жақсы танитын сырмінез жігіттерден топ құрып, басшы сайлап, ешбіріне көз жазбай, топ болып соғысу міндеттелді. Бірі аттан түсіп қалса қоршап тұра қап, атына мінгізіп немесе өңгеріп алып кетулері керек. «Абылайлап» ұран салатын тек Бесбесбай болмақ. Егер жазатайым оған бірдеңе бола қалса, «абылайлайтын» мен болмақпын. Өзгелері тек «Кеңгірбайлап» ұрандайтын болады.
Осыған тоқтап, Алла мен аруаққа сыйынып, іңір түсе теңізге бет түзедік. Бала бастыққа қараймын, өң-түс, жүріс-тұрысында қысылау жоқ. Тек тас-түйін ширығу бар. Біраздан соң Бесбесбай: «Ақсақал, қолдың артына түсейік» – дегесін, ат басын іріктік.
Бесбесбай тағы да: «Абай ағам кісі жазым болса сүйегін қалдырмай белгілі бір жерге «аманаттап» жерлеңдер, кейін алғызамын деген. Сіз алғашқы соғысқа араласпай тың тұрыңыз, шайқас бүгін түнмен бітпес, арттан қуған болмай қоймас» – деді. Ақыл сөз.
Су бойын жағалап кеп, бір қылтаға ат салып өте шықтық. Ішке өтіп, бір қалың жылқының тұсында аттардың ішін босатқызып, ер-тұрманды түзеп алып, қайты қондық. Сыбызғымды қолыма алдым. Қолбасшымыз зырылдауығын қатайтты. Бұл келгендердің осалы бар ма? Бір-біреуі бір қол бастар азаматтар. Әрқайсы он кісілік атан жілік жігіттер, жетпіс біріміз мыңға татыймыз-ау деп ойладым.
Сыбызғы, зырылдауық тартып кеп жылқыға тидік. Жер де айғай, көк те айғай. Жері ойдым-ойдым ағаш, қалың шалғынды екен. Кіммен кім соғысып жатықаны мәлімсіз. Аннан бір, мыннан бір қолбасы баланың «абылайлап» ақырған дауысы естіліп қалады. «Қайда, қайдалаған» ел кісілері де құйылып жатыр. Бір тәуірі мылтық дауысы шықпайды. Сарт-сарт соғысқан сойыл, шоқпар, бір-біріне кіжініскен дауыстан құлақ тұнады. Мен соғысқа араласқам жоқ, Ауық-ауық жүгіртіп кеп, қолды аралап өтемін. Біздің ақ киімділеріміз лек-лек болып араласып, бұзып өтіп, бұзып шығып жүр. Ел кісілері жусап қалып жатыр. Бірақ үсті-үстіне төрт тараптан құйылып жатқан кісіде есеп жоқ. Сол уақытқа дейін «кеңгірбайлаған» дауыстар жарқын-жарқын шығатын, енді, қырылдап, қарлығып шығатын болды. Қолбасы дауысы да қарлыққандай. Ал соғыс жүрісі жойқын. Ұрыс бәсеңдер емес. Сырттай тұрып жалығып, жүрегім сескене бастады. «Түгел қолда тұтқында қаламыз» деген үрей денеме кірді. Әрі Абай ұнатқан қолбасы жігітінің жеңіп жылқы апарғандағы атақ-даңқы көз алдыма келіп, ішімді қызғаныш буып барады. Әлі бір ретке сойыл сілтегем жоқ. Атым да, өзім де тың тұрмын. Екі талай күн туса, қашып құтылатыныма бек сенімдімін. Осы ой мені әбден билеп алды.
Түн ортасы ауа, таң алдына қарай соғысушылар су жағалауына қарай ауыса бастады. Тың-тыңдап соңынан еріп келем. Жан-жақтан қосылушы ел адамдары да сирей бастады. Біздер жауды еңсере бастағанда, «апырмай, шынымен біз жеңеміз бе» деп ойлап, соғыс орнына аттан түсіп құлап қалғандар болса, соларды құтқарып абырой алмаққа ақбозбен жүгіртіп жүрмін. Кісімен бірге араласып жүрген жаралы аттардың өзі бір табын дерлік. Денінің басы жарылған, біздің жігіттер аттарды да шекеден ұрып құлата берген секілді. Аралап жүріп, соғыс болған жерде қалып қойған біздің жігіттердің жоқтығына көзім жетті. Енді қол артынан жүрсем, жау да жоқ, біздің жігіттер де жоқ, жылқы да жоқ. Судан жылқыны өткізіп алып кетіпті. Ұрыс сарыны алыстан естіледі. Суды жағалап өткел іздеп келемін. Өткел жоқ. Ақбозды суға салуға жүрегім дауаламайды. Өзімде бір белгісіз қорқу бар секілді. Содан бөгелеңдеп жүріп, судың бір енсіз тұсынан ақбозды ағындатып келіп қарғыдым. Ақбоз ытқып кеткенде, мына масқараны қараңыз, тақымым босап, түстіп де қалдым. Ат құйыандатып кетті де қалды. Бұл масқараның үстіне, судың жау жағында қалғанымды қараңыз.
Ендігі бар масқатым, осы арадан кетсем деймін. Ат барған соң, біреу болмаса, біреу іздеп келер деймін. Ағаш-ағашты далдалап бұқпантайлап келе жатқанда, бір алаңқайдан бес кісі жолыға кетті. Әлгілер мөбелеп-төбелеп ұстап алды. Сілтеген сойылым біреуіне тисе бұйырмасын. Жетектерінде бір қарашолақ аттары бар екен, мені соғын мінгізіп, екі аяғымды таңып тастады. Екі қолым артыма қайырыла байланған. Сөздеріне қарасам, біздің жақтан қолға түскен мен ғана екенмін.
Есім енді кіргендей. Мені аруақтың атқаны екен дедім. Іштарлық, күншілдік иттің жеткізгені осы. Абай қолбасы етпегенде, сол иттігімді дәл білген. Тарт сазайыңды енді деп өзімді-өзім табалаймын. Алайда үміт үзілмейді. Күн шыға су жағасына көз салсам, алыстан бір қарайған жұлындай ұшып келеді. Көз сүртіп қарауға қол байлаулы. Тесіліп қарасам, жетегінде қылаңы бар секілді. Қолбасы Бесбесбай бала ма десем, оның аты ақкөк болатын, мынаның аты бараң сықылды. Ол кеп суға түсіп өте бергенде шалқалап кеп қарасам, жетектегі ат нақ өзімнің ақбозым. Енді оны мыналар көріп қоя ма деп, оларды сөзбен алдандыра бастадым. Малын алдырып, өздері жеңіліп келе жатқан олар сөз көтере ме? Болмашы сөзіме ашу шақырып, ұрып келеді өзімді. Бұлар әріберіден соң қарашолақты жетекен бос жіберіп, алдына салып айдады. Енді маған қамшы емес, сойыл тиіп келеді. Сөйтіп келе жатып әжептәуір соққы алдым. Бір шақта көз салсам, бағанағы қарайған төніп кеп қапты. Сол жерде мыналар байқап қалмасын деп, тағы да қу сөзді көбейтіп, олар мені төпелеп ұра бастады. Сол кезеде «Қайда апарсың?» – деп ақырған дауыс шыққанда, бесеуі тұра-тұра қашты. Әлгі келген Бесбесбай екен, бесеуін бес-ақ ұрып жықты. Ақкөк ат терден қап-қара болып кетіпті. Енді менің атсымдағы қарашолақ ат ұстатсашы. Әйтеуір әуре болып жүріп ұстап алып, аяғымды байлаған жіпті қиып жібергенде, серейіп түстім. Қолымды босатып, ақбозды әкеліп тосқанда, үш ұмтылып міне алмадым. Бесбесбай: «Ой, Төбет!» – деп зекіп, атқа көтеріп салды. Жөнелдік. Баланың зекігеніне қарағанда, менің соғысқа қатыспағанымды білетін секілді. Бұл да қайғы үстіне қайғы жамады.
Балаға қарасам, иығы шығып, өркештеніп кеткен. Үстіндегі ақ жейдесінен тамтық жоқ. Бұрынғы қазандай басы екі есе үлкейген. Көзіне түсіре киген сеңсең тымағы басына тарлық еткендей төбесінде шошаяды. Шоқпары жарыла сыныпты, Сойылы қысқарыпты. Сойылдың ұшына көзім түсіп еді, ұшынан жеміріле қысқарыпты. Бұл баланың ұрғанда сойылды дәлме-діл сілтегенін көрсетеді. Ұрар жеріне сойыл ұшы дәл тигенде, жеміріліп отырмақшы.
Қолға келсек, жігіттер алдымыздан шығып, маған аңырая қарайды. Бәрінің болған жайды білгісі келеді. Бесбесбайда да, мен де де үн жоқ. Жігіттерді түгендеп байқасам, бәрі аман, бірақ баршасы жаралы, бастары жарылған, мұрттарына қан қатқан. Бірақ мойып келе жатқан бірі жоқ. Шіркін жеңіс қуанышына не жетсін! Түстік жерге шығып, бұрынғы өткен төбелерге жеткесін, екі ту биені сойып, ыстық іштік.
Қолбасы:
-Аба, жылқының мөлшерін шамалаңызшы, ерімен келген аттарды бір-бірлеп санаңыз, – деп өзі аз-маз тынықты. Қарауылға қойғандар «артымызда жорғалаған тышқан жоқ» деп келді. Жылқы саны екі мыңынан аспаса, кем емес. Ертоқымды ат екі жүз елуден асты. Енді жылқына қыстап айдамай, қалың бетегелі, көгалды жерде ауық-ауық тыныстатып келеміз.
Соғыс үстінде жылқы айдаған жігіттер тыңдау екен. Баймұрын мен Дулат ақсақал (Мамайдың Байшорасының батыры, сол кезде жетпіс жасқа келіп қалған) бастаған он бес шақты жігіт, бұларға жарасы жеңілдеулерден он бес шақты адам қосылып, тосқауылға қалдық та, өзгелері жылжи берді жылқымен.
Қолбасы бала ұйықтаса болды, ыңқылдай береді. Тымағын басынан алмайды. Көзі ісіктен көрінбейді. Екі беті ісіктен іркілдеп тұр. Жылқымен ілгері жүре бер деп едік, үндемей тосқауылда қала берді. Бесбесбай енді ат үстінде ыңқылдайтын болды. Сәске түсте:
-Аба, біз бетімізден бұрыла жүрейікші, – деп қиыстай тартты. Он шақырымдай шыққан соң, артқа көз салсақ, қуғыншы көренбейді. Бір төбенің басындағы бұлаққа тоқтадық. Енді бала сеңсең тамыған алып еді, басын көріп жүрегім тіксінді. Басы – бас емес, шоқы дерсің. Ісігі іркілдеп, көгеріп талаурап кетіпті. Бала батыр шөке түсіп отыра кетті де: «Аба, басымды қыл шылбырмен тағып алып едім, көріне ме?» – деді. Көрінбейді. Екі шекесін қысып көрсем, шылбыр басқа еніп кетіпті, қылдары әр жерден қылтияды. Бала қылыштың ұшымен шетінен алып көрсең деді. Өйтуге болмайтын болды.
Енді баланың есі кейде ауып, кейде кіріп, басының сары суын ағызуымды өтініп болмады. Ыстығы қол күйдіргендей. Енді бас құйқасын тіліп, сары суын ағызбаса, мың жаны болса да тірі қалуы екіталай. Селебе пышағымды алдым да, баланың бас құйқасын төртке тіліп-тіліп жібергенде, шапшыған қанды сары су бетіді жуып жіберді. Батыр естен танды да қалды. Жаным ашиды-ақ! Басын тіземе салып, ақырындап сауа сығып отырып, сары су, қанды іріңін тауысып, таза бұлақ суымен жуып, басын таңған шылбырды біртіндеп кесіп алдым. Бал сол бетінде тұяқ серппей ұйықтады да қалды.
Ертеңінеде салқын түсе қолбасшымыз оянып, есін жиып, тамаққа қарады. Жас неме ғой, етке тойғасын, сәт санап сергіп, күшіне ене берді. Ұзап кеткен жылқының артынан салдық. Аттанарда мені ақбозымның желісіне ере аламайтын Бесбесбайдың ақкөгі енді маған шалдырар емес. Осы арада менен де, атымнан да аруақ қашты деген ой келді маған. Бір ғажабы, балаға бұрынғы қызғанышым оянбады. Қайта ісіне сүйсінгендеймін. Оған сүйсінген сайын, Абайдың бұл баланы қалай танып алып, қолбасы тағайындағанына таң қаламын. Қол ішіндегі ақсақалдар да Бесбесбай ісіне риза, оны қолбасы еткен Абайдың сыншылығына таң қалысады. Дулат қарт: «Құнанбайдың мына Абайының білетіндігіне өлшеу жоқ. Торғай атамыздың немересі, Байтөре баласы Бесбесбайды қайдан тапты екен, бұл өзі бұрын көрінбеген жап-жас неме емес пе?!» – деп қояды.
Елге де жеттік. Екі күн бұрын хабаршы жібергенбіз. Әрине, Абайға кетті ғой хабаршы. Абай: «Қара шаңыраққа, Өскенекең шыққан үйге, Зере, Ұлжан бәйбішелер ауылана келсін» – деп хабар айтыпты.
Тобықты елінің бас көтерер басшылары түгел жиналған. Ол кезде қажының – Құнанбайдың көзі тірі кезі. Ол өз тұрғыластарымен бір төбе. Жас бозбала, жігіт-желең түстік жерден қарсы алды. Ел бауырға түспей, бізді тоспалап отыр екен. Абай ауылы Бала Шақпаққа келіп қоныпты. Жылқыны Байқошқар өзенін өрлете салдық. Бозқақса, ақсарбас айтылып сойылуда есеп жоқ. Біздің келуіміз екі күн тойланды. Бесбесбай мені қасынан екі елі тастамайды. Бұрынғысынша төр менікі. Менің бағатыным – Абай. Абай өңінде мені ұнатпаған белгі жоқ сияқты.
Үшінші күні олжа үлесі болды. Үлес Абай аузымен бөлінді. Жаудан түскен екі жүз елуден астам ат аттанысқа барған жігіттердікі болсын деді. Одан соң ру-ру ақсқалдарына сый аталып, жігіттер ұстап беріп жатты.
-Ендігі кезек үш мәрте жылқысын алғызғандарға болмақ, – деді Абай. Ішімі қылып ете қалды. Абай жүзінде еш өзгеріс жоқ. Біздің шаңыраққа ірілі-ұсақты екі жүз елу жылқы тиді. Бұрын жылқысын алдырған Көкше Жәдікбай мен Жаман Тобықты Нұралынікіне де сондай жылқы бөлінді. Бас қолбасы Бесбесбайға – 80 жылқы, Дулат, Баймұрын, Көшпесбай, Жарқынбайларға – 50 жылқыдан. Барған жетпіс бір жігіттің өзгесіне 15 жылқыдан тиді.
Сөйтіп өз үлесімді бөліп айдарда, Абайдан шақырту келді. Барсам, Абай Оспан үйінде жалғыз екен. Үстіне кірген маған көзінің болатын салып қарағанда, шөгіп кеткендей болдым.
-Е-е, Абылғазы, талай салыстырған тарлық сенде де бар болды-ау! Қайыр… бұл жолғыңды ұмытайын. Бұрынғы Абылғазы болып жүре бер. Аруақ кешірсе, мен кешірдім. Бар! – деді. Тірі шықтым десем де, өліп шықтым. Осыдан былай күнім сөнді, қол бастап көргем жоқ, – деп Абылғазы қарт әңгімесін түйіндеп еді.