АЖАЛЫН ЖОҒАЛТҚАН АДАМ

Әдебиет

Сайлау БАЙБОСЫН, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ерейментау және Баянауыл аудандарының Құрметті азаматы,.

Әр жылдары «Ерейментау» (2009), «Қызылтау – құтты қоныс, киелі аймақ» (2011), «Есімдері жүрсін деп ел есінде…», «Қорғалжын» (2018) атты  тарихи-танымдық кітаптары, «Дат» (2002), «Рух» (2008), «Қызылтау» (2015) атты өлеңдер жинағы, «Депутаттың бәтіңкесі» (2015) атты сатиралық әңгімелерінің жинағы жарық көрген.

Жарасқан Әбдірашев атындағы республикалық мүшайраның үшінші бәйгесін (2007), Үмбетей жырау атындағы аймақтық мүшайраның Бас бәйгесін (2009), «Бір өлең – бір әлем» атты республикалық мүшайраның (2008) Бас бәйгесін алған. 2015 жылы Қазақ хандығығың 500 жылдығына арналған «Алаш тарихының ақиқаты» атты республикалық әдеби байқауда «Баба-байрақ» атты дастаны бірінші жүлдеге, Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған «Алаш арманы – Тәуелсіз Қазақ елі» атты республикалық мүшайрада (2017) «Жүсіпбек пен Сұлтанмахмұт» атты дастаны екінші жүлдеге ие болған. 2016 жылы сатиралық әңгімелері үшін дәстүрлі реапубликалық «Алтын қалам» жүлдесін алған.

АЖАЛЫН ЖОҒАЛТҚАН АДАМ

 (романнан үзінді) 

                                       Бақытын іздегендер мас кісіге ұқсайды.

                                       Үйінің бар екенін біледі, бірақ таба алмайды.

                                           Вольтер, француз жазушысы, философ

 …Есін сәл жиса, ет-сүйегінен өткен ызғардан тұла бойы жапырақша қалтырып, екі бүктеле бүрісіп, қос тізесі діріл қаққан иегіне тиіп жатыр екен. Өзінше тұрамын деп қарманып еді, шашы жерге жабысып қалса керек, бырт-бырт үзілді. Тіпті ауырғаны да сезілер емес. Ғұмыры бұлай тоңып көрмеген шығар, тісі-тісіне тимей қалтырығанда, тіпті жанын қоярға жер табар түрі жоқ. Борбайы мұздай. Тағы да кіші дәреті жүріп кеткен сияқты. (Кейінгі кезде осындайға ұшырап жүр). Қолын жерге тіреп, басын көтеріп отырмақ болып еді, құйрығы мен екі алақанынан өткен ызғарлы сыз тура тас төбесінен шықты. Мұз болып қатып қалған шалбарының ауы қозғалған сайын кәдімгідей сықыр-сықыр етеді. Қай араға келіп құлағанын білмек болып, мұнартқан жанарын әрең деп жан-жағына тастап еді, шарапхананың сырт жағы секілді. Бағана сол жерде даяшы қыздан соңғы бір рүмке арақты жалынып сұрап ішкені есіне түсті. «Адам-итжанды» деп отырушы еді ертеде әжесі. Рас екен. Жанымды күтіп жүрген біреу болсам, баяғыда-ақ өліп қалар едім деген ой тағы да санасын шарлап өтті.

Өзі секілді қаңғыбас-ішкіштер «Вася ағай» деп атайтын жалғыз көзді «бомж» шал әнеу тұстағы жылу қазандағының отын жағатын, сол жерге барып жан сақтамаса, шынымен өлетін түрі бар. Орнынан сиыршылап әрең тұрып, қалт-құлт ете тәлтіректеп, солай қарай беттеді. Әйтеуір ірге жағалап жүріп, өзіне таныс, «котельная» деген айбақ-сайбақ жазуы бар темір есікті тауып алып, итеріп көріп еді, ашылмады. Иттің баласы ішінен жауып алыпты! Шамасы жеткенше қаққан болды. Дыбыс жоқ.

-Вася ағай, аш… мен… А…а…ш, кәрі теке!..

Бағанағыдай емес, селкілдегенде тіпті қол-аяғына ие болудан қалды. Шынымен-ақ осы жерде өлгені ме?! Расын айтқанда, ол осыған ұқсас бір жағдайда жан тапсыратын шығармын деп үнемі ойлайтын. Бірақ дәл осылай, қазандықтың темір есігін қағып тұрып, суықтан ұшып өлем деген ой есіне келмепті. Оның өмір сүруі немесе сүрмеуі осы темір есіктің ашылуына, оның ар жағындағы көмірдің күйесінен жалғыз көзі ғана жылтырап көрінетін маскүнем шалға, соның жағып жатқан отына қарап қалар деп кім білген. Шіркін, қазір мына  есік жылдамырақ ашылып, ішке кіріп, қып-қызыл боп жанған пештің аузына жетіп, армансыз бір қақталса! Бірақ дыбыс жоқ. Өліп қалғаннан сау ма, кәрі қақпас! Әлі кеткен қолдарымен есікті тағы да ұрған болды.

-Аш деймін…

Әйтеуір өлдім-талдым дегенде, ар жақтан шалдың аяқ тықыры білінді.

-Кто там?…

-Вася ағай, аш, мен… Казах… өлдім…

Шақұр-шұқыр етіп ашылған есіктен лап етіп сыртқа атылған бу сейілген соң, ертегінің құбыжығы құсап жалғыз көзі адырайған, бет-аузы күйеден көрінбейтін Василий шал көрінді.

-Ты че, Казах, по ночам людей пугаешь?

Дәл сенен қорқынышты емес шығармын деп ойлап үлгерген бұл шалды қаға-маға гүрілдей жанып жатқан пешке ұмтыла жетіп, ішіне кіріп кетердей, тізерлей отыра қалып, отқа кеудесін тосты.  Бұның  осы сықпытын байқаған  шал шын халін жаңа түсінген сияқты.

-Өлуге таяпсың ғой, Казах!

«Казах» бұның алғаш сотталып, Ресей зоналарын кезіп жүргенде алған лақап аты, яғни қылмыс әлемінің тілімен айтқанда «погонялосы». Ондағылар үшін сенің құжаттағы аты-жөніңнің қажеті шамалы. Өздері саған қандай қандай атау жапсырады, сол жерден солай кетесің. Кейбіреулерге тіпті ғұмыр бойы… Бұған да осы ат майлы күйеше жабысты. Қазір бөтелкені бөліп ішіп жүрген қаңғыбастар  түгілі, арақ беріп анау-мынау шаруасын істететін жергілікті қазақтардың өзі бұны осылай атайды. «Қазақтың атынан садаға кет!» – дейтін бұл өзіне-өзі,  кейде бір кәйіп қылып, оңашада пәлсапалық ойларға кеткенде.

-Ща..ась, я тебе чифирчик сварганю, – деп бұның мына түрін көрген Вася шал кәдімгідей күйбеңдеп, қалайы күрішкесін тықырлатып, отқа тыға бастады. «Чифирь» – «тар жерде» болып келгендердің негізгі көңіл жұбатары. Бір күрішке суға бір қорап шайды тұтасымен төңкере салып, қайнатады. Жұтып жібергенде өңменіңді тіліп түсетін осы қап-қара қоймалжың сұйық бойыңды жылытып, кәдімгідей қаныңды қыздырады. Ішімдік шіркінге ақшасы табыла бермейтін бұл секілді байқұстардың еремегі осы «чифирь».

Темір пештің аузына келіп итінгесін, аздап жан шақырғандай болды. Сіреудей болып қатып қалған көне джинсы шалбарының ауы жібіп, кәдімгідей бу шыға бастады. Мұрнына зәрдің қышқылтым иісі келді. Түймелерін ағытам ба деп еді, саусақтары икемге келер емес.

Тіс дегеннен жұрдай болған қызыл иегімен бірдеңені жалмаңдап шайнап жүрген Вася ағай бір күрішке буы бұрқыраған «чифирьді» әкеп, бұның аузына тосты. Бірақ бойы жылынар емес. Әрі-беріден соң қалтырап, денесі қайтадан мұздай бастады.

-Ты, Казах, крепко простыл, Клавканың үйіне бар, бұл жерде текке өлесің,-деді бұған жалғыз көзін сығырайтып ұзақ қараған шал.

Мүмкін. Ес білгелі бар өмірі Кеңестің кең байтақ жеріндегі түрмелерді адақтаумен өткен кәрі қақпастың бұл жағынан тәжірибесі жеткілікті. Тіпті кейбір шала сауатты дәрігерлерге қарағанда бұл тәуірлеу, ауруыңның қандай екенін дөп басып айтып береді.Тірлік деп аталатын аласапыраны мол сапардың ең бір бұрылыс-бұлталаңы көп, қатерлі тармағын таңдап алған осы бір түсініксіз пенделерге бұл қашанда сеніммен әрі сенімсіз қарайтын. Оларға өмір дегенің бір ғана мәрте кіріп, бой жылытып шығатын шарапхана секілді. Бірақ қанша дегенмен бұның қазіргі тірлік етіп жүрген ортасы осы мүскіндер. Өзі де осылардың бірі. Қысылғанда осылар ғана сүйеніш болады, осылар ғана түсінеді. Бұлар ешқашан не болды, қайдан ұшырадың деген сұрақ қоймайды. Бәрі де солай болу керек сияқты.  Анау, мойындарына галстук тағып, әдемі мәшине мініп жүретіндердің қоғамы бұларға  қарағанда анағұрлым мейірімсіз екеніне талай мәрте көзі жеткен. Қазір солардың бірінің есігін барып қақса, ит қосып қуар еді…

Ойын Вася ағай бұзды:

— Байқаймын, өзің жете алатын түрің жоқ сияқты, мен кеттім, Клавканы алып келемін, ешкімге есік ашушы болма!

Денесінің дірілін баса алмай отырған бұл иегі селк-селк етіп, басын изеді:

-Мейлің…

Клава дегені өздерімен тағдырлас бір бейбақ. Әйтеуір бұлардан бір артықшылығы, енді-енді құлағалы тұрған жаман баспанасы бар. Осы қалашықтағы үйсіз-күйсіздердің бас қосатын «орталығы». Жастық шағының тәтті кезеңдерін темір тордың ар жағында өткізіп келген бұл әйелді өзі сияқты «жолдан тайғандар» «Клавка-кулак» деп атайды. Оның себебі, сөзі келіспейтін адам болса, еркек-әйел демей, салып жіберетін ожар мінезі бар қатын. Бір қызығы, қалың қаңғыбастардың ішінен Клава бұған кәдімгідей «әйелдің көзімен» қарайтын. Бірер мәрте ұзаққа созылған ішістің үстінде: «Ты, мой красавчик!»,-деп мойнына асылғаны бар. Аузынан арақ пен пияздың иісі қоса мүңкіген әйелден бұның жүрегі айнып: «Отстань!»-деп итеріп тастаған болатын.

-Че, брезгуешь?! – деп Клава сонда жаман көзімен қараған еді.

Бұл дереу есін жиып:

-Потом, Клавка, потом, – деп құтылған. Олай демесең, соңынан еш адам мүрдеңді таба алмай қалуы да ғажап емес. Себебі бұл ортаның заңы солай… Бұлар түрме қарауылдарының ит тепкісі мен ШИЗО-ның  (ШИЗО-штрафной изолятор, түрме тәртібіне бағынбағандарды қамайтын жеке камера) талай азабын бастан өткерсе де, өз орталарында бастарынан сөз асырмайды,  қорлауға жол бермейді. Әйтпесе, ана дүниеге аттана салуың оп-оңай. Бұл соны ойлаған. Ақыры кәйіпке толы бір түнде кеудесі тер сасыған Клава  бұған тілегін орындатып, мауқын басқан болатын…

Бойынан әл кете бастағанын жаңа сезді. Есікті іштен жауып алуға да шамасы келер емес. Жапырақша қалтырағаны сонша, тіпті аспанға ұшып кетердей. Екі көзі қарауытып, денесін бір керемет әлсіздік билеп, Вася шалдың шаң басқан ағаш төсегіне еңбектеп әзер жетіп, бүрісе құлағанын біледі…

Одан арғысы түс тәрізді бірдеңе. Ың-жың, аласапыран  дүние. Неше түрлі елестер… Баяғы ауылдағы бала күні екен дейді. Әжесі алаша тоқып отыр. Құдай-ау, алаша деген осындай болады екен ғой деп таң қалады алғаш көргендей. Қандай ғажап! Құдды аспандағы кемпірқосақ тәрізді. Бұл бала күнінде талай көріп еді ғой. Қалай байқамаған! Неткен ғажап сурет! Кенет жайдан-жай жылағысы келді… Сосын тағы да адам түсінбес бірдеңелер мидай араласып кетті.

Қайтадан темір тордың ар жағында жүр екен дейді. Тұқындарды таситын «автозак» деп аталатын темір қорапты мәшинеге бұларды топырлатып тиеп жатыр. Айнала арсылдаған ит. Автоматты солдаттар. Айқай-шу… «Осужденный … шаг влево, шаг вправо-считается побег»… Бір қолын желкесіне қойып, енді бір қолына өздері «кишер» деп атайтын дорбаларын

қысқан бұлар қаз қатар тізілген солдаттар шебінің арасымен бүгжеңдей жүгіріп келіп, мәшинеге секіріп мінуде. Осы ию-қию дүниенің ішінен бұрынғы  әйелі Лена көрінді. Өзі жартылай жалаңаш. Жібек пе, әйтеуір бір қымбат матаға қалай болса-солай орана салыпты.  Бұрынғыдан да әдеміленіп кеткен бе, қалай?… «Ах, сайқал, менің түбіме жеткен сенсің!..». Ұмтылып, ұстағысы келеді. Ол бұны мазақ етіп сылқ-сылқ күледі…

…Тағы да бойын әбден билеп алған ызғардан қалш-қалш етіп, есін жиғандай болды. Далада, қардың үстінде жатыр  екен. Вася шал мен Клава бұны мәшиненің капотынан жасалған темір сүйретпеге салмақшы боп әуреленуде. Солай жеткізбек тәрізді. «Аяғыңды жина!», деп зекиді бұған Клава. Тағы есінен танып кетті…

***

         Бірер күнен соң сәл-пәл бері қарағандай  халге келді. Көзін ашса, Клава байқұс бар ынта-ықыласымен бұның денесін май тәрізді, иісі жағымсыз  бірдеңемен сылап отыр екен.

-Не, есіңді жидың ба? – деді ол бұның қимылдағанын көріп. Екі күн бойы сандырақтап сөйледің. Өлетін шығар деп ойлағам…

Ойына тағы да әжесі түсті. Бала күнінде бұны алдына көлденең салып қойып, арқасынан сипап отыратын. Бұл сол кезде екі аяғын тарбаңдатып, көбінесе кітабын оқып жатар еді. Содан асқан рахатты шақты өмірінде бастан кешіп көрген емес. Кенет аузы үңірейген мына бір ішкіш орыстың әйелі сол әжесіне ұқсайтындай болып кетті. Әлде шешесіне ме? Шешесі кейде оңашада әжесінің көзі тайған сәтте, бұны шап беріп ұстап алып, төбесінен иіскеп-иіскеп, неге екені белгісіз, жейдесінің ішіне қолын тығып жіберіп, арқасынан сипайтын. «Әйел қолының жылуы» дегенді баяғыда бір жерден оқыған сияқты. Осы екен ғой! Керемет! Кейінгі жылдары кілең пышақтың жүзінде ғұмыр кешкен бұл жалпы нәзіктік атаулыны біржола ұмытып кеткен сияқты. Ал шындығында өмірдің бар мән-мағынасы осында екенін жаңа ғана сезінгендей!

Шіркін, өз ошағың, өз отбасың болған қандай керемет деп ойлады сосын. Тіпті отбасында болып тұратын тұрмыстық ұсақ-түйек кикілжіңнің  өзі бір арман екен ғой адамға. Өйткен, бәрі өзіңдікі, өз балаң, өз әйелің… Соларға ған керексің, солар ғана іздейді сені. Өткенде әлдекімнің қорасын тазалап жүріп, аяқ астында жатқан газеттің жыртындысын  тауып алып, оқығаны бар. Қайсы бір аты белгілі  адамның сөзі жүр екен: «Жұмыстан ораларда сенің аяқ тықырыңа бір әйел құлағын түріп, тосып отырса, еркектің бақыты деген осы!», – депті. Қандай керемет айтылған сөз! Шынында да еркекке одан артық не керек? Шаршап келгенде сенің ғана қас-қабағыңа қарайтын бір адамның болуы деген қандай бақыт!

Бұның қазір кімі бар? Ешкімі де! Мынау миллиардтаған халық мекендеген қара жердің бетінде қазір бұны іздейтін бір адамның баласы жоқ екен. Қандай қорқынышты!  Ешкімге де қажетің жоқ. Неге осылай болды?! Не үшін өмірге келді сонда? Бір жерде қаңғып өлу үшін бе? Баяғыда бала күнінде ауылдарындағы ұрысшыл, бейпілауыздау бір әйел әлдекімдерді «көмусіз қал» деп қарғап жататын. Ол кезде оған кім мән берген. Енді түсініп жүр. Көмусіз қалу деген осы екен ғой. Кәдімгі өліп қалған хайуан тәрізді. Зиратың да жоқ, кім екеніңді де  ешкім білмейді…

Жас уағында Оралхан Бөкеев деген жазушының кітаптарын іздеп жүріп оқитын. Соның бір тірліктен түңілген кейіпкері өзіне-өзі ылғый да осы «Неге?» деген сұрақты қоятыны есінде қалыпты. Бұл да кейде ес кеткен ішістен кейін, Клаваның жаман үйінің бір бұрышында бүк түсіп жатып алып, өткен өмірін өзінше таразылап, ақыр-аяғында осы «Неге?» деген жалғыз ауыз сұраққа келіп тірелетін. Неге? Біреудің маңдайына басқан жалғыз ұлы еді ғой!  Неге?.. Кісі қанын арқалап, абақты кезіп кетем деп ойлап па еді?! Қолындағы бар құжатынан айырылып, бір бөтелке арақ үшін арын сатып, «бомж» атанып жүрем деп пе еді?!  Бірақ солай болды. Неге?! Әлде тағдырдың маңдайға жазғаны солай ма?  Өзімен бірге жүрген үйсіз-күйсіз мүскіндер бәріне тағдыр кінәлы деп пәлсапа айтып жатады. Сонда бұл тағдыр дегеніңіз пенде баласының  өз еркінен тыс қандай күш? Адам өз тағдырын өзі жасай алмағаны ма сонда?  Қызық, анау шетелдік көлік мініп, ақшаны судай сапырып жүргендер тағдырларын солай етіп өздері жасап алғандар ма? Әлде, оларға сондай керемет тағдырды жазмыш өзі ұсынған ба? Тіпті ақылың жетпейді ойласаң. Құрысын… мейлі…

Қайтадан бойы мұздап, қалтырай бастады. Тағы сол әлемтапырық дүние… Баяғы ауыл… тағы да бала кезі екен дейді… Бұл осыған таң қалатын. Совет уақытында әскерге алынып, Ақ теңіздің жағасында десантшылар ротасында әскери міндетін өтеп жүргенде де, кейін дорбасын арқалап түрмеден-түрме ауыстырып, Сібір зоналарын кезіп кеткен кезде де, неге екені белгісіз, түсіне тек туған ауылы ғана кіретін. Баяғы  сол ештеңені ойламайтын шат-шадыман кездерін, жаулығы қарқарадай әжесі марқұмды көретін. Кейде әкесінің есік пен төрдей сары атын мініп жүрер еді… Шуылдасып бірге өскен құрбы-құрдас… Сол баяғы ауыл… сол өзен… Анадайдан алқа-салқа боп қараған Айбаттың тауы… Құдай-ау, қандай ғажап дүние еді бұл! Енді мәңгіде қайта айналып келмейтін, тіпті айтуға тіл жетпейтін, өзіне сондай ыстық  ертегідей әлем… Ұжымақ деген сондай ғана болатын шығар… Бұл үнемі осындай түс көрген соң, тамағына өксік тығылып, дел-сал боп оянушы еді. Сосын күні бойы кеудесін белгісіз бір сағыныш сыздатып, өзіне-өзі келе алмай жүретін. Ақыры осындай түстерден қашатын болды. Тіпті төсекке жатарда, енді осындай түс көрмесем екен деп іштей тілейтін халге жетті. Себебі «ана жақтағы» қатыгез өмірге  бұл түс еш үйлеспейтін еді…

Тағы да есін жиған сияқты. Қанша азғындап кетті дегенмен, әйелдің аты-әйел ғой. Бұның қимылдағанын көрген Клава кір-кір тостақпен аузына ыстық шай тосты.

-Саған емханаға бару керек. Әйтпесе өлесің! Екі өкпеңе оңбай салқын тиген сияқты.

Бұл ернін әрең қимылдатты.

-Кім алады мені… құжатсыз?

-Білмеймін, «жедел жәрдем» шақырып көрем, әйтпесе өлуің айдан анық.

-Кө-өр шақыры-ы-ып…

Тағы да талықсып, сандырақтай бастады. Тағы да сол ауыл. Тағы да сол әжесі. Әйел боп көзіне жас ала бермейтін, еркек мінезді әжесі кәдімгідей жылап жүр:

-Жарығым-ай, табаныңды жерге тигізбей өсіріп едім! Не күйге ұшырағансың?!

Бұл баяғыша бұлқан-талқан болып ашуланады:

-Түу, қойшы әже, мен бала емеспін ғой!

Тағы сол қым-қуыт әлем өзіне тартып алып бара жатты. Кеудесі қысып, қинала жөтелді.

Үсті-басы мұздай болып, өзімен бірге бір қора бу алып,  даладан Клава кірді

-«Жедел жәрдем» шақырдым, қазір келеді.

Бұл кебірсіген еріндерін әрең қимылдатып:

-Қалай ойлайсың, дәл де болса, өлетін шығармын? – деп сұрады.

-Мүмкін, – деді Клава ешбір қиналмастан. -Мүмкін. Өлмесең де, мүгедек  боласың, бұл айдан анық!

Басқа біреу болса кәдімгідей ашуланар ма еді, бұның әл үстінде жатса да, іштей күлкісі келді. Өзінің қазіргі халіне емес, ештеңені күлбілтелемей турасын айта салған әйелдің сөзіне. Бұларда көлгірсу, көңілге қарау деген жоқ. Саған ұнай ма, ұнамай ма, онда шаруалары шамалы…

Жағдайының мәз емес екенін өзі де сезіп жатыр. Енді қалғаны мүгедек болу еді… Қызық! Қай жерде, қайтіп өлем екен деген сұрақты өзіне-өзі талай мәрте қоятын. Кей-кейде өткен өмірін ойға алса, бұның бар істеген тірлігі қайтсем де өлем деген адамның әрекеті сияқты екен. «Ана жақта» жүріп өлімші болып пышаққа да түсті. Тіпті тар жерде жүргенде кім екеніңді дәлелдеу үшін жиі-жиі болып тұратын қиян-кескі, қан-жоса төбелестің өзі неге тұрады! Бұл соның бәрінен аман шығып еді. Тіпті кешегідей жағдайда, басқа біреу болса, қатып өліп қалары айдан анық. Бұның бір қағушы періштесі бар секілді, әзірше аман келеді. Бірақ бүйтіп жүргенше, өліп-ақ қалғаным жақсы еді деп ойлады іштей.

-«Жедел жәрдем» келді, – деді терезеге қараған Клава.

Ақ халатты екі-үш адам апыр-топыр үйге кірді. Бөлменің ластығы мен жағымсыз ауасынан бетін тыржитқан  тәмпіш мұрын дәрігер қыз аузы-мұрынын тұмшалап орап алып, бұның қан қысымын, дене қызуын өлшеді. Әрі-бері қараған болып сәл отырды да:

-Емханаға жатуыңыз керек, – деді.

Жанындағы екеуге иек қақты:

-Зембілді әкеліңдер!

Санитардың бірі болса керек, жылтыр бет семізше жігіт бұған жиіркене қарап:

-Мына түрімен қайда апарамыз, жуындыру керек қой, – деді.

-Ну, жуындыр, кто тебе мешает?! – деді оның «ақылдылығын» ұната қоймаған дәрігер қыз кіржің етіп.

Бұл өзінің қандай күйде екенін жаңа түсінді. Мына түрімен қайда бармақ? Одан да өлгені артық шығар. Дәрігер қызға бармаймын дегенді ұқтырып, басын шайқады.

-Вы че, умереть хотите прямо здесь?! Кончайте, сол жерден бірдеңе ойластырамыз, – деді дәрігер қыз бұның қысылғанын түсінгендей болып.

-Тек, киімдеріңізді алыңыз.

-Оған киім қайдан келіпті! – деді мазақтай күлген санитар жігіт екі беті жылтырап. «Сұмырай!» деді бұл ішінен тісін қайрап, ана жақта кездессең ғой, табанымды жалар едің!

Бұның үстіне жамылаған көрпе есебіндегі шоқпытты жұлып тастаған екеуі әй-шәйға қаратпай зембілге сылқ еткізіп салды да, сыртқа алып жүре берді.

***

        Дегенмен емханаға келіп, бірер түнеген соң,  сәл-пәл адам кейпіне енгендей. Жуынатын бөлмеге қалталақтап жетіп, өзінше шайынған болды. Бір жақсысы, өзі секілділердің бір-екеуі осы жерде де бар екен. Бірі ұстарасын ұсынып, енді бірі іш киімін жуысып, қалбалақтап жатыр. Екі-үш күн қатарынан укол алып, тамырына ине сұқан соң, кеудесі ашылып, тынысы кеңейгендей болды. Тәбеті ашылып, төсегінің басына әкеліп беретін быламық көжеден тататын халге жетті. Біраз жататын түрі бар. Мейлі, деп ойлады. Бұл жерден шыққанда, кім күтіп отыр мені? Қыс өтсін, сосын көре жатармын деген өзіне-өзі.

…Бірақ барлығы аяқ астынан астан-кестен болып, тірлігі түскір тіпті басқа бір арнаға бұрылып кетеді деп еш ойламаған еді. Тағдыр атты сайқымазақтың бұның бақ-талайына деп сақтаған, әлі де сан-алуан қызық пен қасіретке, өкініш пен үмітке толы күндер болатынынан тіпті бейхабар-тын. Иә, бәрі де күтпеген жерден басталып еді!..

Бұл емханаға түскен соң үш-төрт тәуліктен кейін бе екен, палатадағылар азанғы астарын ішіп келіп, бірі дәрісін жұтып, енді бірі төсек-орнын жинап, өздерінше құнжыңдасып жатқан. Күндегі тәртіп бойынша медбике келіншек дәлізден дауыстап өтті:

-Обходқа, дайындалыңыздар, обход басталады, бөлім меңгерушісінің өзі қарайды!

Емхананың күнделікті өміріне дағдыланған сырқаттардың оны құлаққа іліп жатқан шамалы. Күндегі болатын тексеріс. Сәлден соң сау етіп, екі-үш медбикені қасына ерткен тексеруші дәрігер де келіп кірді. Әйел адам екен. Бұл бір мәрте көз салып өткенімен, онша мән бере қоймай, әдетінше тас төбеге қарап, өзімен-өзі ой үстінде жатқан. Біраздан соң аңғарды, күндегі обходта күбір-сыбырға толып кететін  палатаның іші құлаққа ұрғандай тып-тыныш бола қалыпты. Тек сырқаттардың жай-күйін сұраған жаңағы дәрігер келіншектің дауысы ғана естіледі. Азырақ құлақ қойып еді, бір түрлі таныс дауыс секілді. Тіпті… сондай етене жақын… Кейде радиодан бір жақсы көретін әнің естілсе, еріксіз елең ете қаласың ғой. Тура сол секілді. Апырай, соншама неткен таныс үн?! Қайдан естіп едім? Көзін ашып, дауыс иесін көрмекші болып, мойнын бұрды. Ол сәл қырындап, шеткі кереуеттегі бір сырқаттың қан қысымын өлшеп отыр екен. Кенет жанындағы медбикеге бірдеңе айтпақ болып бері бұрылды. Бұл тура тоқ соққандай селк ете қалды. Құдай-ау, мынау… мынау Құралай ғой! Бұл қайдан..? Шынымен Құралай ма?! Иә, тура соның өзі сияқты! Ой, Алл-ай! Бұл жерден Құралайды көрем деп кім ойлаған?! Кездеспегелі қанша жыл!..

Көзін ала алмай біраз жатты. Иә, тура сол Құралайдың өзі, сол әсем қимылы. Құлаққа жағымды майда-қоңыр дауысы. Апырмай, осы қалада екен ғой! Қалай білмеген! Мені таныр ма екен?! Танитын шығар. Құрысын, танымай-ақ қойса екен! Бұдан да өлгенім жақсы еді! Қайдан келіп еді бұл қарғыс атқыр емханаға! Мына түрімен қалай көрінбек?… Әлде тұра салып, қашып кете ме? Бірақ қайда барады? Жүрегі аузынан шыға соғып, денесін тер жуып кеткенін жаңа аңғарды.

Дәрігер әйел келесі бір кереуетке жылжып, науқастың хал-жағдайын сұрай бастады. Енді бір адамнан соң бұған жетпек! Не істесе екен? Көрпені иегінен асыра бүркеніп, бүрісе түсті. Құралаймен дәл осындай күйде кездесем деп кім ойлаған? Тағдыр деген итің бұны тағы бір мазақ еткісі келген шығар… Мейлі, не көрмеген бұл бас… Танымайтын түр көрсетсе, тіпті жақсы болар еді! Міне, дәрігерлер өзара сөйлесіп,  бұның кереуетінің тұсына келді.

Медбике қыз тақ-тақ еткізіп баяндап жатыр:

-Сырқат Абатов Арғын, түскеніне төрт тәулік болды, екі өкпесіне салқын тиген. І..і..і… мекен-тұрағы белгісіз.

Дәрігер әйелдің өзіне қарап өткенін сезді. Танымады деп ойлады. Қайдан  танысын. Шашына ақ еніп, аруақша арыған бұны ол қайдан танысын. Фамилиясын мен атынан қалай байқамады екен?!  Бірақ фамилиялас адамдар көп қой. Дәрігер келіншек кереуеттің шетіне келіп отырды.

-Сырқат, қолыңызды әкеліңіз, қан қысымыңызды өлшеймін.

Бұның ұсынған білегіне танометрді орай беріп, бетіне жаңа ғана назар салғандай болды. Көздері түйісіп қалды!

-Сіз… сіз… Абатов…

Дәрігер келіншектің бетінен лап етіп қан жүгіріп өткендей болы. Қолының сәл дір еткені де байқалып қалды. Бірақ дереу өзін қайтадан қолға алып, даусына қатқыл рең беріп:.

-Сіз… Абатов… иә, қалай суыққа ұрынып жүрсіз? – деп сұрады.

Медбике қыздың «тәрбиелілік деңгейі» бұдан әріге жетпеді, білем:

-Құралай Қадырбековна,  «бомждар» ғой, өзіңіз білесіз…

Дәрігер әйел медбикені көзімен атып жібере жаздады.

-Мен сізден сұрап тұрған жоқпын!

-Кешіріңіз!…

Иә, бұл сол Құралай екен. Еріксіз көзін жұмды. Не деп ашады, не бетімен ашады?!

Әп-сәтте өзін-өзі игеріп алып, қатал дәрігердің кейпіне кірген Құралай бұны аударып-төңкеріп ұзақ қарады. Кеудесін қайта-қайта тыңдап, басын шайқады. Тіпті денесінің әр жерін сипалап көрді. Бұл сонда тоқ тигендей, тұла боймен селк ете қалып еді. Ұзақтау бөгеліп, қолданылатын дәрілердің тізімін жасап, емін тағайындады. Тұрып бара жатып, бұның көрпесін сәл түзегендей болып, медбикеге қарап:

-Тағайындалған дәрілер тегіс қабылданатын болсын, өзімнің жеке бақылауыма алам! – деді қатқыл дауыспен. Басқа науқасқа бұрыла бере, бұған тез жазылыңыз дегендей болды. Әлде солай естілді ме…

Жан-дүниесі астан-кестен болған бұл өзіне-өзі келе алмай, дел-сал боп ұзақ жатты. Құдай-ау, басқаны күтсе де, бұл жерден Құралайды кездестірем деп кім ойлаған? Енді не болар екен?…

Есіне тағы да Иірсудың бойындағы шағын ауыл,  сонау алыста қалған, енді қайта айналып келмейтін, арманшыл, алаңсыз күндер оралды.

СОЛ БІР КҮНДЕР…

          Ауылдарының сыртында Айбат деп аталатын тау болатын. Қазақ тегін ат қоймайды ғой. Осы бір ұшы-қиырсыз сары даланың төсіне айбат беріп тұрсын деп қоя салған сияқты. Таудың бауырына тығыла орналасқан ауылдарының аты да Айбат еді. Бұл үшін дүниеде Айбаттан биік тау, Иірсудан терең өзен жоқ секілді көрінетін. Шіркін балалық! Әліппеден алғаш көрген Алатау, Қаратау деген таулар көп болса осы Айбаттай-ақ шығар деп ойлайтын. Неліктен Айбат туралы жазбады екен деп, кітапты бастан-аяқ парақтап шығатыны да есінде.

Жазғы каникулдың уақытында ұйқысынан сәске түске қарай бір-ақ оянатын бұл оразасын аша сала Иірсуға тартады. Шілденің шекеңді жалайтын ыстығында ауыл балаларының күнұзын бас қосатын жері осы ара. Ұзақты күн суға шомылады, жейделерінің екі жеңі мен жағасын түйіп тастап, шабақ аулайды. Су сорған денелері құсеттеніп, әбден дірілдеген бұлар күйіп тұрған ыстық құмға етпеттерінен жата-жата қалып, құлаштай жинап алып, кеуделеріне басатын. Сосын әп-сәтте-ақ бойлары жылынып шыға келер еді. Бұлардан гөрі ересек балалар үйлерінен ебін тауып жымқырып ала келген бір-екі тал темекілерін еріндеріне қыстырып алып, не бір  әңгімелерді бастайды. Қорқыныш пен ғаламатқа толы осы «сұмдық хикаяларды» бұлар ауыздарын аша тыңдап, тіпті күннің қалай батқанын да аңғармайтын еді. Олардың айтуынша, мына Айбаттың астын мыңдаған жылдардан бері мекен еткен алып айдахар бар екен-мыс. Оның сонша уақыттан бері сыртқа шықпау себебі, жердің астындағы мол алтынның қызуымен жата берген екен. Енді сол алтын таусылса керек, айдахар жуықта сыртқа  шығатын көрінеді. Шыға қалса, осы ауылды түгелімен жалмап қоюы оп-оңай көрінеді. Әлгіні естіген бұл секілді ұсақ балалар ұшып-ұшып тұрып, анадайдан одырайған Айбаттың биігіне қорқынышпен қараушы еді. Сол кезде тау да кәдімгіше әрі-бері қозғалғандай болып көрінетін. Содан соң айдахар Айбатты тура қазір жарып шығатындай, қолдарынан іліккен лыпаларын ала сала, үйге қарай безетін бұлар. Қайран балалық! Сосын түні бойы не бір қорқынышты түстер көріп, бастырылып шығатыны есінде. Әжесі бұндайда: «Бісміллә, бісміллә, ойнап жүріп бір жерден күл басты ма екен?» – деп, бұның таңдайына саусағын басып, өзінше ем жасап жатар еді.

Әкесі  бөлімше меңгерушісі, үнемі ат үстінде жүреді. Шешесі ауыл мектебінде мұғалима. Бұл ес білгелі әжесінің бауырында болды. Ол кісі соғыс жылдары колхоз басқарған, мінезі еркекке бергісіз, аса адуынды адам еді. Өле-өлгенше ауылдың өзі құралыптас кемпірлерін жан екен деп санамай, бас қосылған жиынды жерлерде кілең шалдармен бірге отыратын еді жарықтық. Мінезінің қаттылығы сондай, ел іші сыртынан «Сталин» деп  атап кеткен. Міне, сол «Сталин кемпірдің» бауырында өсті. Әкесі мен шешесінің атын атайтын, бертін келе әжесінің айтуымен бірін «аға», бірін «тәте» дейтін болды.

Бірақ бір ауылға дегенін істететін қияңқы кемпірдің  немересі дегенде жаны бөлек еді. Айтқанын екі етпейтін. Бәз бір уақыттарда бұл шектен шығып, тіпті әжесінің өзін тыңдамай қоятын кездері болады. Бұндайда ол кісінің қолданатын ерекше «жазасы» бар. Алдын-ала арнайы кесіп дайындап қойған қос алақанның көлеміндей елтірі теріні бұның шалбарының ішіне, құйрық тұсына салып, сосын сыртынан біраз «сабап» алатын. Терінің сыртынан шапалақ өте ме. Бұл «таяқ жеген болып» өп-өтірік бақыратын, әжесі болса осы «жазадан» кейін ашуы басылып, бұны қайтадан айналып-толғанып, аралары тез-ақ жарасып кетуші еді.

Шіркін сол бір алаңсыз шақтар-ай! Кей уақтарда әжесінің  ұлы мен келініне қабағы келмей қалатын күндері болады. Ондайда үйдегі қаракөк биені ерттеп алып, бұны артына міңгестіріп, Иірсудың өзенін жағалап, бір-ақ тартатын. Бұның қағаз-қаламы түгенделіп, сөмкесі көк биенің қанжығасына байланады. Содан бұлар ауыл-ауылды аралап, айға тарта жүріп оралушы еді. Ол кезде ел ішінің әлі де қазақшылықтан арыла қоймаған уақыты. Барған жер әжесін «хан көтеріп» қарсы алады. Қой сойылып, ауылдың ақсақал-қарасақалдары  жиналады. Не бір әңгімелер айтылатыны есінде. Бұл әжесінің бір тізесіне басын салып қойып, соларды тыңдап жатып, алаңсыз ұйқыға кететін. Бір қызығы әжесі бұны таң сәріден оятып алып, «сабағыңнан қалма» деп, сол ауылдың мектебіне жіберуші еді. Қонған үйінің мектепке баратын баласы болса тіпті жақсы, соған еріп жүре береді. Әжесі бар деген соң амал жоқ, әйтеуір оқыған болып, бірер сағат отырып қайтатын. Бір қызығы барған мектебінің мұғалімдері бұны кімсің деп көп тексере бермейтін. Алда-жалда қазбалап сұрай қалған мұғалім болса, қонған үйдің баласы «маңызды түрде» бұның «Сталин кемпірдің» баласы екенін жеткізер еді. Сосын жаңағы мұғалім де сұрағын тоқтататын. Сыныптағы балалар бұған дәл бір басқа планетадан келген адам секілді қызыға қарайтыны есінде. Қонған үйдің баласынан сыбырлап: «Сталин кемпір» деген кім?», – деп сұрасып жатады.  Баласының сабақ босатпай, «білім алып» келгеніне әжесі де мәз. Сөйтіп бұл бірер айдың ішінде төрт-бес ауылдың мектебінің босағасын аттап үлгеретін. Қазір ойлап отырса, соның барлығы ертегі секілді.

Ақыры ашуы тарқаған күні әжесі қайтамыз дейді. Бұны тағы да артына міңгестіріп, ұйықтаса,  құлап кетпесін деп, өзінің беліне ұзын шүберек белбеуімен шандып байлап алады. Сөйтіп қаракөк биенің жанға жайлы аяңымен анда-санда қалғып алып, әжесінің артында жабысып келе жататын. Әрі-беріден соң бұл әжесінен ананы-мынаны сұрап, мазасын ала бастайды. Өзі де сөйлесетін кісі таппай, зерігіп келе жатқан ол кісі ұзақ-сонар бір әңгімелерді бастайтын. Бұл оның бірін түсінсе, бірін түсінбейді. Ұққаны, арғы  бабасының атақты батыр болып, қалмақ деген біреулермен соғысып, оларды осы төңіректен қуып, елге қоныс қылып алып қалғаны.

-Сонда батыр болғанда Қажымұқаннан да күшті ме? – дейді бұл оқулықтан оқығандары есіне түсіп.

-Ой, Қажымұқан деген күреске түсетін балуан кісі ғой! – дейді бұның сұрағына кәдімгідей кейіген әжесі. -Сенің бабаң  жасанған жауға жалғыз шабатын көзсіз батыр болған адам!

-Көзі жоқ болса, қалай шабады?

-Сен өзің барып тұрған суми екенсің! – дейді әжесі бұған ыза болып. Көзсіз деген… былайша айтқанда, ержүрек, батыр деген сөз.

Бұл бәрібір түсіне алмайды.  Ержүрек болса неге солай деп айтпайды? Неге көзсіз? Бірақ әжесін тағы да ашуландырып аламын ба деп үндемейтін

-Өзіңнің атаң Абат жарықтық көрсетінді жылдары «халық жауы» болып ұсталып кетті ғой! Содан оралмады. Азаматым-ақ еді! Қай жердің топырағын жастанды екен? – деп күбірлеп бетін сипайтын.

-Содан қалған жалғыз тұяқ ана сенің жаман әкең ғой, тек Алла ғұмыр берсін! Содан соң сенсің, білесің бе, ей? Әкең өспеді. Енді сен өс! Қара шаңырақтың иесі, әулеттің ендігі қалған жалғасы сенсің, осыны ұмытпа! Аман-есен сегізді бітірсең, өзім үйлендірем ана Қадырбектің жалбыршаш қызына. Онысыз да саған жылтың-жылтың етіп күнде келеді өзі.

Бұл қаракөк биенің екі қабырғасын тепкілеп, ойбайға басады:

-Түу, кетші әже, үйленбеймін! Енді айтсаң жерге секіріп кетем!

-Жарайды, үйленбесең-үйленбе, өзің аман бол, қызы түскір қайда қашар дейсің, табылар. Ме..е…нен сұрарым дейсің бе, – дейтін сосын дауысын әндете созып,  -алып келерсің уақыты жеткенде бір шөпжелкені жетелеп!

Әңгіме осымен тамам болады.

         Әжесінің Қадырбектің қызы деп отырғаны – Құралай. Өзімен бір сыныпта оқиды. Әжесі айтса-айтқандай, бұған дегенде ықыласы ерекше. Шешесі ауылдағы жалғыз дүкенді ұстайтын болған соң ба, үйінен тәтті үзілмейді. Күнде қолына бірдеңесін қысып, ойнайсың ба деп келіп тұрады. Әке-шешелері екеуіне әзіл-шыны аралас, құдаласып қойған. Қыз бала есті келеді ғой, осыдан ба, Құралай бұған қашанда жақын жүреді. Бұл да оны кәдімгі қарындасы секіліді қорғаштап, жанынан тастамайтын.

Сол Құралай! Құралай десе-дегендей, ерекше сымбатты болып өсті. Бүкіл мектептің, мектептің емес-ау, ауылдың еркесі еді. Шешесі ауылдағы жалғыз дүкеннің сатушысы, әкесі шаруашылықтың қоймашысы. Не ішем, не жеймін дейтін емес. Ол кезде жұрттың түсіне кірмейтін киімдер осы Құралайдың үстінде болушы еді. Шіркін, сол кездегі ауылдың дәстүрі-ай! Жоғары сыныптарға жеткен соң-ақ, бар ауыл екеуіне болашақ жұбайлар деп қарайтын сияқты еді. Бұл да әкесіне тартқан бойшаң, қапсағай денелі, көзі тостағандай, кәдімгі қыз қарайтын жігіт болып өсті. «Құлыным, батыр бабаларына тартып туған, тек тіл-көзден аман болсын!» – деп отыратын әжесі бұны мадақтап. Еркелеу өскендігінен болар, әлде әжесі айтқандай, шынымен-ақ бабаларынан қанда қалған бірдеңе бар ма, бұл қыңырлау болып, біреулермен қақтығыса кетуге жақын тұратын. Осы мінезін білетін ауыл жастары бас қосылған жерде, Құралайды батып биге де шақыра бермеуші  еді. Өзінше қырындаймын деген көрші ауылдың жігіттері мен практикаға келіп жүретін екі-үш студент бұның жұдырығының дәмін татқан соң, Құралайды анадайдан айналып жүретін болған.

Құралай десе шешесінің де жаны бөлек. Кейде жоқ нәрсені сылтау етіп, қолқабыс қылып жіберші деп шақыртып алатыны бар-тын. Ол да соны тосып жүретін сияқты. Әп-сәтте келе қалып, үй ішінің азғана шаруасын лезде  реттеп тастайды. Сосын үшеуі отыра қалып шай ішеді. Негізі тәтесі Құралайды шаруаға емес, осылай шай ішуге шақыратын сияқты. Дастархан басында әрі-бері отырған соң, бірдеңені сылтау етіп, бұны далаға жұмсап жіберетін. Не айтатыны белгісіз, сосын екеуі өзара шүңкілдесіп, ұзақ-ұзақ отырып шай ішетін еді. Кейде аңдаусызда үстеріне кіріп қалғанда, тәтесінің көзіне жас алып отырғанын да байқайтын.  Ол кезде кім мән берген. Қазір ойлайды, сонда не айтады екен деп.

Осы бір алаңсыз жаймашуақ күндердің де аяқталатын уақыты жақындап келе жатқанынан бұл бейхабар еді. Тәттісін аямаған тағдыр шіркіннің  ащысын да ұсына білетініне еріксіз көзі жетті. Бұл тоғызыншыны орталай бергенде, аз күн ауырған әжесі «ана жаққа» аттанып жүре берді. Сүйегі асыл қария төсек тартып, ешкімді әуре-сарсаңға салған жоқ. «Осы кеудесі түскір қыса береді»-деп, қисайып жатуы жиілеп кеткен. Бір күні бұны жанына шақырды.

-Шарана күніңнен бауырыма салып едім,  шешеңе де жатбауырлау болып кеттің, Алла өзі кешірсін! Бірақ қайда барасың, өз анаң ғой. Мен енді көп жүрмеспін. Солардың қабағына қара. Жалғызымнан жалғыз боп туып едің, қайтейін, Алланың ісі шығар! – деді үзіп-үзіп сөйлеген әжесі.

-Әже, не болған саған, ертең-ақ тұрып кетпейсің бе! – деп бұл өзінше жұбатқан болды.

-Е…е, енді жазылып не болар дейсің, ана әкеңе серік бол. Қайдан білейін не күйге ұшырайтындарыңды, тоз-тоз боп кетесіңдер ме бір күні! – деп көзіне жас алды.

-Әже, не болған саған?!

-Бар енді, бара ғой, мен азғана тыныс алайын, – деп бұның қолының сыртынан сипап еді.

Сол әжесі бәрін де болжап айтқан екен. Бүкіл ауылға үлгі болған ақар-шақар отбасы аз уақыттың ішінде әлемтапырық болады деп кім ойлаған…

Әжесі өткен соң, соңынан жылға жетер-жетпес уақытта әкесі де пәнилік дүниемен қош айтысты. Ол да ұзақ ауырмады. Көп сөйлей қоймайтын, біртоғалау кісі еді. Сол қалпымен кетті. Бұл қатты қайғырды. Әжесінің барында біле бермейді екен. Әкенің орны бөлек болатынын жаңа сезді. «Әкеңнің өлгені-асқар тауыңның құлағаны» деп қазақ қалай тауып айтқан. Ештеңемен салыстыруға келмейтін ең қымбат бірдеңесінен айырылғандай, жан-дүниесі құлазып, қатты жүдеді. Тіпті әкесінен қалған сары ат бұған қазір ең бір жақынындай сезіліп, есіктің алдындағы атағашқа әкеп байлап қойып, ұзақ-ұзақ қарап отыратын. Ол байқұс та ием қайда дегендей, бұған мойнын бұрып, әлсін-әлсін оқыранып қоюшы еді…

Бірінен соң бірі келген екі қаза бұны шынымен есеңгіретіп кетті, есейтіп кетті. Әкеден қалған қара шаңырақтың ендігі иесі өзі екенін, оның бұдан былайғы тағдыры тек өзіне ғана байланысты екенін жан-дүниесімен түйсінді. Тек өзіне ғана! Шіркін бірнеше ағайынды болсақ, қазір дәл осылай құлазымас та едім деп ойлайды кейде. Ең қиыны, бірдеңені ақылдасып істейтін жақыныңның болмағаны ауыр екенін жаңа сезінді. Ойына әжесінің «жалғыздан туған-жалғызым» дейтін сөздері түсті. Егер қара жердің бетінен алда-жалда бұл кетіп қалар болса, Абатовтар әулеті біржола жоғалады екен. Тіпті бұл дүниеде ешқашан болмағандай. Қандай қорқынышты! Бұрын «жалғызсың» дегенге сондайлық мән бере бермеуші еді. Енді оның соншалықты қорқынышты сөз екенін жаңа ғана бар түйсігімен түсінді.

Сосын оңашада жатып алып, шексіз қиялға берілетін еді. Шіркін, Құралай екеуміз үйленіп, бірнеше ұлымыз болса дейтін. Дастарханның басында бір қауым ел болып, шуласып отырсақ дейтін. Ұлдарымның біреуі арқама асылып, біреуі мойныма шығып еркелеп, Құралай оларға: «Әкелеріңнің мазасын алма!» – деп зілсіз зекіріп жатса дейтін…

Дегенмен тірі адам тіршілігін істейді екен.  Әкесінің жылын берместен бұрын, өзінің алдындағы жалғыз әпкесі Ардақ біреумен қол ұстасып, «тәйт» деп қашып кете барды. Сөйтіп, дағырадай үйде шошайып, шешесімен екеуі ғана қалғанын бір-ақ білді. Осының бәрін көтере алмаса керек, шешесі де жиі-жиі жатып қалатынды шығарып еді. Бұған дейін тіпті туған анам деп есіне алып көрмеген шешесінің енді қас-қабағына шындап қарайтын болды. Үйдің ұсақ-түйек шаруасы түгелдей өз мойнына көшті. Апырмау, не қылған бітпейтін шаруа дейтін іштей. Ғұмыр бойы осының барлығын «қыңқ» деместен өз-ақ атқарып келген шешесіне аяй қарайды қазір. Ертең оқу қуып кетсем, бұл кісі не болар екен деп іштей оны да уайымдайды.

Осылай күнделікті тіршіліктің таусылмас күйбеңімен жүргенде, қыс өтіп, көктем де келді. Енді аз күннен соң, мемлекеттік емтихан. Сосын кәмелеттік аттестат алып, балалық өмірмен мәңгіге қош айтысып, арман қуып әр жаққа аттанбақ. Құралай Қарағандының медицина университетіне барам деп әлден-ақ шешіп қойған. Бұның да өзінше жоспары бар, бірақ артымдағы анам не болар екен деген ой жатса-тұрса маза бермейді.

Шешесі бұның осы жағдайын түсініп, әңгімені бір кеште өзі бастаған болатын

-Құлыным, маған алаңдап, қатарыңнан қалма. Ел ішіндемін ғой, өлмеспін. Тіпті болмаса, ана Ардақтың қолына бара салам. Өз болашағыңды ойла! –деген.

Бұл қатты қиналды. Оқу кемінде төрт-бес жыл. Ол екі арада шешесі не болмақ? Егер анасы Ардақтың қолына барса, мынау әкеден қалған қара шаңырақ біржола иесіз қалады ғой. Анда-санда оқудан келгенде, өз босағаңды аттап кіргенге жететін не бар? Шынын айтқанда, әбден басы қатты. Болмаса, баяғыда әжесі айтқандай, бір «шөпжелкені» үйге енгізіп, шешесінің жанында біржол қала ма? Бірақ бұның ойы Құралай ғой! Ол оқуын бітіріп алмай, әсте бұған көнбесі анық. Шешесі де басқаны үйге енгізбейтіні белгілі.

Сонымен әрі ойланып, бері ойланып, бұл бір жыл ауылда, анасының жынында қалмақшы боп шешті.

Оқуына аттанар күні осы ойын Құралайға жеткізген еді. Саналы қыз ғой.

-Түсінем, – деген сонда. -Түсінем, жағдайыңды, бірақ келесі жылы қайтсем түсем деп уәде берші.

-Әрине, түсем.

-Қайтсең де түсші, Арғын! Білесің ғой, ауылда бір қалып қойсаң, кейін шығып кету  қиын болады. Шынымды айтсам, мен сені трактор айдап, қой бағуға қимаймын! – деген бұның кеудешесінің түймелерін саусағының ұшымен олай-бұлай қозғап тұрып.

Екеуі сол түні ұзақ қыдырып еді. Айбаттың басына шықты. Көлбей созылған Құс жолына қарап Құралайдың:

-Қарашы, біздің болашақтағы жолымыз сияқты, – дегені есінде.

Бірақ бұның көңілін ерекше бір мұң басып, тіпті ашылып сөйлесуге де зауқы болмай, көбіне Құралайды тыңдап келе жатты. Бұның осы күйін сезген сұңғыла қыз мойнына еркелей асылып:

-Сізге не болған, Абатов жолдас, терең ойда отырсыз ғой, егер дұрыс деп санасаңыз, біз сияқты пенделермен де бөлісіңіз, – деді математика пәнінің мұғалімі Рауан апайдың дауысына салып. Бұл кейде сабақ үстінде бар дүниені ұмытып, өзімен-өзі бір қияли ойларға кеткенде, ол кісі үнемі осылай дейтін. Еріксіз күліп жіберді.

-Қай бір ой дейсің…

-Мен сені түсінем, Арғын! Ештеңені уайымдамашы! Ауылда мамаңның қасында бір жыл бол. Келесі жылы қайтсең де түсесің ғой. Міндетті түрде  Қарағандыға кел, бір жерде боламыз. Есіңде болсын, мен сені күтем! Тек хабарыңды үзуші болма! – деген бұның танауының ұшынан  саусағымен бір басып. -Әйтпесе, білесің ғой!

Бұл «білетінін» білдіріп, басын изеген.

Ертесінде қалаға жүретін автобусқа Құралайды шығарып салуға келді. Қолында шешесінің «аз да болса Құралайжанның жолына» деп берген шамалы ақшасы бар. Ретін тауып, соны қолына қыстырды.

-Рахмет! – деді ол шын көңілімен қуана сыбырлап.

Әрине, ақшасыз емес қой, бірақ кәдімгідей риза болғаны байқалып тұр.

Шығарып салушылардың ішінде Құралайдың да шешесі бар екен. Жайшылықта «Арғынжан» деп асты-үстіне түсетін ол кісі бұл жол бір түрлі суықтау қарағандай. Ешнәрсені түсінбеген бұл, жалғыз қызы сапарға кетіп бара жатқан соң, көңіл-күйі жоқ шығар деп ойлаған да қойған.

Сосын Айбаттың иығынан асып, аудан жаққа бет алған сары автобустың соңынан ұзақ-ұзақ қарап, бүткіл ауыл қаңырап бос қалғандай, жүрегі сазып, үйдің сыртында сәске түске дейін мең-зең боп отырып еді.

ЕМХАНАДА

         Оқыста шыққан медбике қыздың дауысынан селк ете қалды. Кешегідей емес, бұған басқашалау көзбен қарайтын сияқты.

-Кешіріңіз, бір-екі минутқа менімен жүрсеңіз…

-Қайда?..

-Жүріңіз, жүріңіз, мына көрші бөлмеге. Обходқа дейін үлгеруіміз керек.

Бұл сүйретіле тұрып, соңынан ерді.  Қарсыдағы есікке  кірген соң, медбике қыз үстелдің үстінде тұрған қомақтылау бір сөмкені нұсқап:

-Мынаның ішінде киімдер бар, ауыстырып киіп алыңыз. Өзіңіздің ескілеріңізді осыған саларсыз, – деді.

-Қандай киім, …кім берді?! – деді бұл түкке түсінбей.

-Кім бергенін қайтесіз, ауыстырып киіп алыңыз. Айтуға болмайды! – деді сосын қулана жымиып. -Мен шығам, есікті іштен іліп алыңыз.

Бірақ қанша дегенмен әйел аты бар ғой, қызығушылық жеңді білем, есікке жете бере, артына бұрылып, бұған тағы да қуақы көзбен қарап:

-Қадырбековна вам кто, родственница? – деп сұрады бұл жақтың қазақтарының орысшалап кететін әдетіне басып.

Е…е…е, енді түсінікті болды киімнің қайдан келгені. Өзінен-өзі тізесі дірілдеп, орындыққа келіп отырды. Ойын екіұдай сезім биледі. Бойына бір жылы сәуле келіп құйылғандай. Бұған әлдеқашан ұмыт болып кеткен, сондай бір қымбат жылылық қайтадан жан-дүниесін ақырындап жайлап бара жатқанын сезінді. Құдай-ау, бұны да елеп-ескеретін адам бар екен ғой! Және бөтен біреу емес, Құралай! Өзінің Құралайы! Бір кезде тірліктің тағдыр атты шым-шытырық жолы екі айырған Құралай! Қалған ғұмырында енді қайтып кезіктірмеспін деген Құралайы! Бірақ кездестірді. Тағдыр деген итіңіз пенде баласымен осылай да ойнай береді екен!

Екінші жағынан бойын ұят пен намыс биледі. Қайыршының күнін кешіп жүрген мені мүсіркегені ғой деді. Мен сияқты мүскінге қайбір әйелдік сезімі ояна қойды дейсің. Әйтеуір көзкөрген деп аяған ғой. Күйеуінің ескі-құсқылары шығар. Не деп айтты екен күйеуіне? Біздің ауылдың адамы еді, бишара «бомж» боп кетіпті деген шығар. Сұмдық-ай! Құралайға дәл осындай мүсәпір күйде жолығам деп кім ойлаған? Әнеукүні далада қатып-ақ қалғаны дұрыс еді бұдан да.

Осылай сан түрлі ойлардың сілеміне түсіп, мелшиіп ұзақ отырды. Есік сықыр етіп, тағы да медбике қыз жылтиып сығалады.

-Вы че, еще не переоделись?..

-Ә, қазір, қазір…

Есікті іштен іліп алып, сөмкені сілкілеп, үстелдің үстіне төкті. Екі-үш пар ішкиім, шұлық, жейделер. Спорт костюмы. Бәрі де дүкеннің ораулы қағазымен, сол қалпында. (Бәсе, Құралай маған ескі киім әкелуге тиіс емес қой деді іштей). Бұндай киім кимегелі не заман. Теледидардан күнде жарнамалап жататын, қырынатын ұстара да жүр ішінде. Қырынған соң жағатын иісмай, тіс тазалағыш шөтке, тіпті әтірге де салыпты. Қайран, Құралай! Қолы дірілдеп, осының бәрін әрі-бері аударыстырып біраз тұрды. Есіне медбике қыздың асықтырғаны түсті. Қой енді болмас деп, шешіне бастады. Құдай-ау, деді өзіне-өзі шешініп жатып, мынадай шоқпытпен қалай жүргем, қандай күй кешкем?! Не ойлады екен Құралай, өткен жолы  алғаш көргенде? Аяса, аяғандай екенмін ғой!  Бұл киініп болып, өзінің шоқпыттарын сөмкеге салуы мұң екен, аңдып тұрғандай есік те қағылды да, сығалай қараған медбике қыз бұған таңдана қарады:

-Охо, как вы изменились, красавчик впрямь!

Палатадағылар да бұған мынау кім дегендей жапырлай қарап, қозғалақтасып қалды. Орнына келіп жайғасқанымен, жүрегі құрғыр дүрс-дүрс соғады. Қазір таңертеңгілік обход басталады. Бүгін Құралайдың кезегі! Не дер екен бұған?!

Бұл енді оның берген шыт жаңа киімдерін киіп алып, шалжиып жатуға ұялатын сияқты. Адам түсінбейтін бір түрлі күй кешіп, біреудің бірдеңесін ұрлап алғандай, өз-өзінен қуыстанды.

Сәлден кейін, күндегі тәртіп бойынша, бір топ дәрігер келіп кірді. Әлде солай көрінді ме, Құралай бұл жаққа бір көз салып өткендей болды. Күндегіше науқастан-науқасқа жылжып, бұған жақындап келеді. Жақындаған сайын бұның денесін тер жуып, жүрегі алқына соғады. Міне, келіп жетті!

-Сәлеметсіз бе? Қалайсыз?

Бұл өзінше мұрын астынан бірдеңе деген болды. «Сіз» деп сөйлесті, әлде жанындағыларға көз қылып тұр ма екен деп ойлады сосын. Әрине, солай ғой! Сосын әдет бойынша қан қысымын өлшеуге қолын ұсынды. Құралайдың жүзіне қарамай-ақ қояйыншы деп, басын былай бұрып еді, көзі өзінің білегіндегі аймышталған не түрлі жазуларға түсті. Ұят-ай, әнеукүні қалай мән бермеген, бұ шіркіннің білегі осындай «көркемсурет» пен жазуға толы ғой! Темір тордың ар жағындағы кешкен тірліктен қалған «ескерткіш». Ұяттан қысылғаны сонша, білегі дір етіп, сәл жұлқып қалғандай болды. Құралай да жалт етіп бұған бір қарады. Жердің тесігі болса, кіріп-ақ кетер едім деп ойлады амалы құрып! Дәл де болса Құралай өткен жол-ақ бұның білегіндегі түрлі «шимайды» көріп, өткен өмірінен біраз нәрсені аңғарған шығар.

-Терлепсіз ғой, бойыңызда әлсіздік бар ма?

-Жоқ, мен… не… былай…

Айнала қоршаған медбикелер бұл екеуінің ара қатынасын біржола біліп алмақ үшін, айтылған әрбір сөзді, әр қимылды қалт жібермей бағып тұр.

Кеудесін тыңдап, басын шайқап, әнтек астыңғы ернін тістеді.

-Әлі ұзақ емделу керек!

Кімге айтқаны белгісіз.

-Кешке мен өзім кезекшімін, тағы да бақылаймын.

Бұл жолы да кімге арнағаны белгісіз…

СОЛ БІР КҮНДЕР…

          Құралайды оқуға аттандырып салғанның ертесінде күйеуін ертіп әпкесі Ардақ келді. Күйеу бала өзінің жасына лайықсыздау қозы қарны бар тығыншықтай біреу. Ауылдың мынау деген талай жігітін көзіне ілмеген әпкесі бұның неменесіне қызықты екен деп ойлаған алғаш көргенде-ақ. Оның үстіне әкесінің жылына қарамай кетіп қалғаны үшін бұның Ардаққа деген аздаған өкпесі де жоқ емес. Осыдан болар, тойларында да көп отырмай, бірінші дастарханнан соң қайтып кеткен. Әйтпесе бір үйдің үйелмелі-сүйелмелі екі баласы болған соң ба, бұлардың бір-біріне деген бауырмалдығы ерекше-тін. Бірақ аралары бес-алты жас. «Сені шешең ана қыздан соң көп кейін көтерді ғой, Алладан өзім сұрап алғам!», деп отыратын әжесі.

Ардақ анасының жолын қуып, пединститут  бітірген соң, көрші ауылдағы орта мектепке мұғалім болып орналасқан.  Сол жерде жүріп тауып алғаны ғой, мына жігіт. Бұның жездесіне қарап отырып күлкісі келді. Жастығына қарамай, сондай маңызды, ересек болып көрінгісі келе ме, әлсін-әлсін жөткірініп, галстугын түзей береді. Әрі-бері қипақтап отырып, сөз бастады:

-Арғын, біз саған келдік, оқуға барам десең, мамканы алып кетеміз…

Бұның қарап отырып қыңырлығы ұстады.

-Ал бармасам ше?

-Ну… онда…

Інісінің жағдайын білетін Ардақ сөзге енді өзі араласты:

-Арғын, текке бір жылыңды өткізіп аласың ғой, сен қалма, биыл қайтсең де бар. Жолың болып түсіп кетсең, оқуыңды бітіргенше мамам біздің қолымызда болады ғой!

Бұл бас тартты. Өзі кетсе, әкеден қалған мынау қара шаңырақ пен қаусап отырған анасынан біржола көз жазып қалатын сияқты. «Биылша шешейдің жанында болам, келесі жылы келесі жылы міндетті түрде барам» деп өзінше әпкесіне түсіндірген болды. Інісінің мінезін білетін Ардақ та көп қазбаламады. Бір шай ішкен соң, келіп тұрамыз деп аттанып кеткен.

Бір ай өтті ме, өтпеді ме, Қарағандыдан Құралай да қайтып оралды. Оқуына түсіпті. Әрине, қуанышында шек жоқ. Тіпті кейбір сөздеріне қарағанда, осы ауылға уақытша келген, енді қайтып оралмайтын адам тәрізді. Қалай ғана тез арада өзгеріп кеткен деп ойлады бұл.

-Қала қалай екен? – деп сұрады сөз арасында.

-Білесің бе, керемет! Бәрі басқаша. Қазір шынымды айтсам, ауылда тұрғым келмейді.

Бұның ызасы келді.

-Өзің ауылда тумаған кісі сияқты сөйлейсің ғой?

Құралай сәл артықтау кетіп қалғанын сезді білем:

-Ой, кешір, Арғын, жай айтам! Бірақ ғұмыр бойы ауылда тұрудың қиын екенін мен сонда барғасын түсіндім. Тіпті қазір мамамды аяймын. Ауыл деген жақсы ғой, бірақ қарашы, күн сайын өзгермейтін бір тірлік, қорадағы малың, жағатын пешің, таусылмайтын совхоздың жұмысы. Бар өмірің осымен өту деген қандай қорқынышты!  Жарайды, әке-шешелеріміз тұрды, бірақ біз кетуіміз керек, қазір уақыт басқаша ғой. Біздің болашағымыз білімде, ал білім қайда? Әрине, қалада!

Бұл қитығып үндемеген. Бірақ Құралайдікі шындық екенін үнсіз мойындаған еді. Осылай томаға-тұйық күйде тарасқан болатын.

Күзгі уақыт-ауыл тірлігінің нағыз қаурыт кезеңі. Қашанда жұмыс күші жетіспейді. Бөлімше меңгерушісінің сұрауымен, Арғын ауыл қырманына жұмысқа шықты. Күні бойы сол жерде. Тіпті Құралайды көруден де қалды. Кейде кешқұрым іздеп барады. Бір байқағаны бұрынғыдай емес, Құралайдың шешесінің бұған деген қабағы салқындау. Неге олай екенін түсіне алмай дал болды. Ол кісіні ренжіткен жері жоқ сияқты еді. Бірақ көңіліне кәдімгідей көлеңке түсіп қалғаны рас.

Сөйтіп жүргенде, Құралайдың аттанатын уақыты да жетті. Таңертең шығырып сала алмаспын деп, кешкілігінде барып, қоштасып қайтты. Көктемдегідей Айбаттың басына шықпаса да, екеуі ауыл ішінде әрі-бері жүріп қыдырыстаған еді. Тамыздың аяғы болғанымен, бұл жақтың ауа райына тән, түн әжептәуір салқындау. Айтатын сөз таусылғандай, екеуі үн-түнсіз келеді.

-Сен қалаға бір барғанан-ақ өзгеріп келдің, келесіде мені тіпті жаныңа жақындатпайтын шығарсың?

-Ақымақ! – деді Құралай бұның құлағының ұшынан тартып. -Қалада алғаш рет ұзақтау болып келдім ғой, соның әсері шығар.

-Шыныңды айтшы, – деді бұл сәл қипақтап, -бір-бірімізді жоғалтып алмаймыз ба?

Құралай әзіл айтардағы әдетінше сыңқ етіп бір күліп алды. Сосын бұның мойнына асылып, құлағына сыбырлай:

-Сіз не, менен айырып қалам деп қауіптенесіз бе? – деп сұрады.

-Енді ше, сіз қаладасыз, мен байқұс ауылдамын…

-Білесің бе, Арғын, – деді ол кенет салмақты түрге еніп. -Сені маған мамаң…  ой, кешір, тәтең өзі тапсырған.

-Қалай?

-Қайда жүрсең де Арғынымның қасында бол деген…

-Сен не дедің?

-Боламын дедім. Сондықтан есіңде болсын, мен сенсіз ешқайда кетпеймін. Тіпті оқуға түспесең де, бітірген соң, саған қайтып келемін.

-Шын айтасың ба?

-Менің өтірік сөйлемейтінімді өзің білесің ғой!

Бұл кенет Құралайды бас салып құшықтып, төбесіне көтеріп алып, шыркөбелек айналдырды.

-Жынды, жібер, құлатасың!

Сосын оны жерге қоя салып, бас-көз демей, сүйгені бар.

-Түу, өзіңіздің есіңіз шығып кетті ғой, – деді сосын Құралай шашын жөндеп жатып. -Сізге шындықты бекер-ақ айтқан екенмін, қап! – деді өтірік өкініп.

Сол түні бұл үйге төбесі көкке жеткендей болып  оралып еді.

***

        Бірер ай өткен соң,  үй ішінің ешқашан таусылып бітпейтін күйбең тірлігіне әбден үйреніп алды. Шешесі өзі ғұмыр бойы еңбек еткен ауылдағы орта мектептің директорымен келісіп, бұны сол жерге шаруашылық меңгерушісі етіп орналастырған. Шамалы жалақысы бар. Мейлі деді бұл іштей, көбінесе үйде, анасының жанында болады, соған риза.

Жаңа жылдағы демалысқа Құралай келмеді. Студенттердің туристік тобымен Ресей қалаларын аралап кетіпті. «Ренжіме, біраз ел-жер көріп, қыдырып қайтайын» депті хатында. Бұл ренжігенде не істейді. Сөйтіп жүргенде анасының сырқаты күн санап меңдеп, ақпан аяқтала біржола жатып қалатынды шығарды. Тіпті болмайтын болған соң, демалыс алып, Ардақ келді. Бұл қорадағы азғана малды жайғаған соң, әпкесі екеуі үнемі сол кісінің  жанында.

-Құлыным, қызығыңды көре алмай кетем бе? – дейді кейде бұған мұңая қарап шешесі.

-Тәте, өзіңді-өзің мүжи бермесеңші, – деп бұл басу айтқан болады.

-Қайдам… Мен ерте ме, кеш пе, бір кетем ғой, сен не боласың жалғыз қалып?! Анау Құралайдан айырылма, басыңды қор қылмайды, есі бар бала… Өзіне айтқам…

Бұл үн-түнсіз жер шұқыды.

…Айтып келген ажал болмайды екен, ақыры анасын алып тынды. Наурыздың іші еді. Ел-жұрт болып шуласып, қара жердің қойнына тапсырды. Бұл бұрын әкесі мен әжесін жерлегенде қанша қайғырғанымен, дәл бұндай күй кешпеп еді. Қазір өзін жапан далада жалғыз қалғандай сезінді. Аулақ кетіп қалып, ұзақ отырып, ағыл-тегіл жылап та алды. Тіпті ел тараған соң, үңірейіп бос тұрған өзінің үйіне кіргісі келмей, оны-мұныны сылтау етіп, далада жүріп алған. Бір ғана сәтте бұған осы тірлік деп аталатын дүниенің бар мән-мағынасы жоғалып кеткендей көрінді. Тіпті еш қызығы қалмағандай. Әжесі марқұм кей кездері: «Е…е…е, алды-арты бір-ақ тұтам жалған дүние!» – деп отыратын. Сол рас екен ғой. Бәрі де жалған. Бүгін бар, ертең жоқ. Айналасы бірер жылдың ішінде тұл жетім болып шыға келем деп кім ойлаған. Осындай бір ауыр ойлар еңсесін басып,  меңірейіп, ұзақ-ұзақ отыратынды тауып алды. Бірақ тағдыр атты билеушінің бұған деп дайындаған әлі де талай-талай соқтықпалы, соқпақсыз жолдардың жатқанынан хабарсыз болатын.

Тәтесінің жаназасына Құралай келе алмады. Бірақ ұзақ етіп хат жазыпты. Жылап отырмын депті. Жалғыз қалдым деп ойлама, мен бармын депті. Сөздері үлкен кісінікі сияқты, сондай орнықты. Соны көңіліне медеу етіп, жалғыз емес екенмін ғой деп ойлап қояды, кейде жан дүниесін бір белгісіз аңсау мен сағыныш жайлап алғанда. Осылай көңіл төрін мұң басқанда, сол хаттарды алып, қайталап оқып қоюды әдет қылып алды.

Анасының қырқы өткенше Ардақ әкпесінің жанында бірге қалғаны бұған   кәдімгідей  ес болып еді. Екеуінің көңілін ауламақшы болып, күн құрғатпай кіріп шығатын құрбы-құрдас, көрші-қолаң, алыс-жақыннан көңіл білдіре келген таныс-білістер әпкелі-інілі екеуіне бір сәт оңаша қалатын да мұрша бермепті. Тек аналарының қырық күндік дұғасына келген ел тараған соң, өздерімен-өздері қалған екеуі ұзақ отырып сөйлескен. «Жүр, алып кетем, қасымда бол!» – деді Ардақ. Әпкесі қанша жалынғанымен, бұның барғысы келмеді. Тіпті болмаған соң, жаз шықсын, тосайық деп құтылған. Шынын айтқанда, анасын жерлеген соң, осы ауылдан алыстау бір жерге кетіп қалсам деген бір ой бұны мазалап жүрген еді. Бірақ апа-жездесіне емес. Неге екені белгісіз, солай қарай барғысы келмейді. Бәрін ұмыттыратын, басқа бір алыс қиырға кеткісі келеді. Жарайды деген бұл өзіне өзі, жаз шықсын, көре жатармыз. Құралай келер ауылға, ақылдасармыз деп ойлаған. Қазір тіпті одан басқа сырын бөлісетін адамы қалмаған сияқты.

Сәуір аяқтала бере бұған әскерге шақырту қағазы келді. Ауданға, одан соң облыс орталығына барып, дәрігерлік байқаудан өтіп, шашын тап-тақыр етіп алғызып оралды. Не де болса, екі жыл әскери міндетін өтеп келем бе деп те ойлап қояды кейде. Құралай келсін деді іштей сосын, ақыл қосармыз.

Бірінші мамырда көптен күтіп жүрген Құралайы да келді. Керемет болып кетіпті! Адам танығысыз, нағыз қаланың қызы! Киген киімі де сондай жарасымды, басқаша!

-Ой, қандай болып кеткенсің?! – деген бұның шашын тақырлай алдырған түрін көріп.

Бұл біртүрлі тосырқап қалған сияқты. Тіпті бассалып сүюге де батпады. Құралай өзі келіп құшақтап, бетінен сүйді. Анасына көңіл айтты. Кеше ғана мектеп бітірді дейтін емес, кәдімгі ересек адам тәрізді. Бұның көңіліне қарады ма, өзінің оқуы мен қаланың өмірі жайлы сөз қозғаған жоқ. Дереу екі білегін сыбанып жіберіп, көптен бері әйел қолы тимеген үйдің ішін мұнтаздай етіп, ас үй жақты асты-үстіне келтіріп, тамақ әзірлеп жүр. Әлгіндей болмай, бір сыныпта оқыған бес-алты бала жинала қалды. Бұның көптен бері көңілде жүрген кірбіңі тарқап, барлығы у-шу болып отырып ас ішті. Құралайдың әрбір қимылына қарап отырып, қарадай көңілі  толып, шынымен-ақ біздер бір кездері ерлі-зайыпты болар ма екенбіз деп іштей қиялдап қояды. Тамақтан соң, бір топ болып, зират басына барып қайтқаннан кейін, барлығы ақырындап үйді-үйлеріне тарап, бұл Құралайды ұзатып салмақ болып бірге аяңдады.

-Енді не істемекшісің? – деп сұрады Құралай.

-Білмеймін, оқуға түсіп, бақ сынаймын ба…

-Әрине, түс, міндетті түрде баруың керек. Әйтпесе биылдан соң қарайып қаласың. Қарағандыға  келесің ғой?

-Шынымды айтсам, әскери училищеге барсам ба деп бір ойлағам.

-Енді өзің жақсылап ойлан. Сосын айтасың ғой маған, иә? – деп, бұның жүзіне еркелей қарады.

Бұл үнсіз басын изеді. Осылай Құралайды үйіне дейін апарып салып, ертең кездеспекші болып, уәделесіп тарасқан.

Бірақ бұның тағдыр-талайын әп-сәтте астан-кестен қылып жіберетін, тіпті талай жылдар бойы бір-бірінен хабар үзіп кетуіне себеп болатын алмағайып сәт жақындап келе жатыр еді.

Күндегі әдетінше таңертең үйдегі азғана малды ертелетіп өріске айдап, сосын мектептегі жұмысына барып, төбе көрсетіп келіп, жайбарақат кітап оқып жатқан. Құралайдың ауылға оралғандығынан болар, кейінгі кездері мұңды ойдан арылмай жүрген көңіл күйіне де шуақ оралғандай. Кенет ауызғы бөлменің есігі сықырлай ашылып, біреу кірген секілденді. Бұл дереу ұшып тұрып, кім болды екен деп қарсы шығып еді, босағадан аттап кіріп келе жатқан Құралайдың шешесі екен. Басқа кімді күтсе де, бұл кісі келе қалар деп еш ойламаған. Кәдімгідей қалбалақтап, сасып қалды. Апырмай, не қылып жүр екен деп қойды іштей.

-Сәлеметсіз бе?..

-Амансың ба, шырағым? – деп үй ішіне селқостау көз тастаған ол кісі төменірек тұрған орындықтың біріне тізе бүкті.

-Жоғары өрлеңіз…

-Болады, болады осы жер…

Сәл ыңғайсыздау үнсіздік орнады. Бұл кісінің тегін келмегенін, жайсыздау бірдеңе айтатынын іші сезіп тұрған секілді.

-Қарағым, саған әдейі келіп отырмын! – деді әлгі кісі, шамалыдан соң көзін басқа жаққа салып. -Құралай екеуіңнің жағдайыңды білемін. Иә, бірге өстіңдер, бірге оқыдыңдар. Кішкене күндеріңде ойынды-шынды қылып, атастырып қойдық деуші едік. Әрине, оның бәрі жай сөз ғой, ол кезде біздің де жас уағымыз… Қазір енді заман басқаша, Құралай оқуына түсті, Өмірде өз жолы бар деген сияқты, сен ауылдасың… Өзің түсінесің ғой… Құралай әлі бала сияқты, бәріне бұрынғыша қарайды. Бірақ өмір басқаша ғой қарағым. Кім біледі, қаладан өзіне лайық біреуді кездестіре ме…

Төбесінен біреу мұздай су құйып жібергендей, бұл жалт қарады. Ана кісі де оғаштау кеткенін сезді, білем, дереу жуып-шая бастады:

-Сен оған лайық емессің деп отырған жоқпын, ренжіме қалқам, өмірге әлі баланың көзімен қарайсыңдар. Ертең бәрі де өзгереді…

Бұның қаны басына тепті. Е, бұл Құралайға лайық емес екен ғой. Әрине, әке-шешеден жұрдай, тұл жетім қалған адам қайдан лайық болсын оларға. Бұл кісінің кейінгі кезде салқындау болып жүргенінің мәнісін енді түсінді. Бұндай намысы келмес! Орнынан қалай ұшып тұрғанын өзі де білмейді.

-Жарайды, апай, мен сізді түсіндім, енді мазаларыңызды алмаспын!

Әңгіменің бұдан әрі жараспайтынын білді ме, ана кісі де есікке беттеді.

-Ақылың бар баласың ғой, сөйт, қалқам! Мазасын ала берме. Сендей азаматқа қыз табылмас дейсің бе? Мен келді деп Құралайға айтпай-ақ қой, –деді шығып бара жатып.

…Бұндай қорланбас. Ыза болғаны соншалық, басы дың-дың етеді. Қандай ұсақ адам! Тіпті Құралайдың анасы деуге аузың бармайды. Сонда бұл оларға лайық емес екен ғой! Қалай ойламаған! Әрине, бұл болашағы бұлдыр, жетім бала. Олардың ойынша, Құралай өздеріне лайық, жақсы лауазымы бар, байлыққа белшесінен батқан адамның баласына шығуы керек. Қазақша айтқанда, «ат басын тірейтін жер» қажет. Мектепте «Қоғамтану» пәнінде көп айтылатын «әлеуметтік теңсіздік» деген термин есіне түсті. Иә, бұның әлуеметтік деңгейі олардын төмен екен ғой. Осыған ұқсас оқиғаларды бұрын кітаптардан оқушы еді, өз басында болар деп кім ойлаған! Көңілінің астан-кестен болғаны соншалық, үйге сыя алмай, далаға шығып кетті. Не істесе екен? Құралайға айту керек пе? Айтсам, мен үшін анасымен арасы ашылып кетуі мүмкін ғой. Ол кісі шамасы келсе, екеумізді мәңгі жақындастырғысы жоқ. Бірақ сенің анаң солай деді деп қалай айтады? Көңіліне келеді ғой!

Бұндайда адам байыз тауып, бір орында отыра алмайды екен. Не істеп, не қойғанын білмей, үйге бір кірді, бір шықты. Ақыл қосып, ой бөлісетін де ешкім жоқ. Ақыры Құралайға айтпай, кетіп қалмаққа бел байлады. Ертең кетуі керек. Ертең кетпесе, Құралайдың өзі іздеп келеді? Сонда не дейді? Не де болса көрінбей кетіп қалу керек!

Қазір қарап отырса, бұл оның өмірінде жасаған ең бірінші және ең үлкен қателігі екен. Ең үлкен! Егер ертеңінде Құралайға жолығып, мән-жайды баяндағанда, ол бұны сабасына түсіріп, басқаша ақыл берер ме еді? Онда бұның өмір соқпағы басқа бір арнаға бұрылып, тіпті басқа бағытпен жүрер ме еді. Бірақ жастық албырттық, намыс пен ыза бұны алды-артына қаратпап еді.

Кешқұрым өрістен келген азғана малды қораға қамап, екі дөңгелекті мотоциклына от алдырып, көрші ауылдағы Ардаққа тартты. Апақ-сапақта жетіп келген бұның түрін көріп, әпкесі кәдімгідей үрпиіп қалды.

-Не болды, тыныштық па?!

-Ардақ, мен әскерге кетем, ертеңге шақырту келді, – деп амалсыздан өтірік айтты. Құралайдың шешесіне өкпелеп кетіп барам деп қалай айтады.

-Қалай аяқ астынан, …не істейміз енді? – деп әпкесі әбігерге түсті. -Үйің не болады? Қайдан, осы үйден кетпексің бе?

-Неге, үйден кетем, енді өзің ие боласың, мен келгенше…

Сылқ етіп босағаға сүйенген Ардақ кәдімгідей дыбыстап тұрып жылады. Ордалы шаңырақтың аз күнде ойран-топыр болғанын айтып жылады, әкесі мен шешесі аман жүрсе, ел болып шығарып салар едік деп жылады. Не пиғылымыздан осындай болдық деп жылады. Бұның да әпкесіне қарап тұрып, жүрегі езілді.

-Ардақ, қойшы енді, әскерге кетпесем, оқуға кетер едім. Екі жылдан соң оралам ғой, қайтадан бірге боламыз сосын, – деп өзінше жұбатқан болды.

Әпкесі азырақ өз-өзіне келген соң, бұл шай ішпестен, қайтадан мотоцикліне мінді.

-Жездең екеуміз соңыңнан барамыз, – деді көзінің жасын жүре сүрткен Ардақ.

Үйге келген соң, өзінше жолға дайындалған болып жатыр еді, әрі-беріден кейін, апыр-топыр болып Ардақ пен жездесі де жетті. Көрші-қолаңға хабарлап, ас-су дайын болғанша, өзімен бірге оқыған, ауылдағы төрт-бес бала да жинала қалды. Солармен әрнені әңгіме етіп, көңіл жұбатып отырғанымен, ойы тіпті басқа жақта. Әлсін-әлсін Құралайды ойлай береді. Бірер мәрте ұшып тұрып, ертіп алып келгісі келді. Осыны түсінгендей, Ардақ та, сыныптас балалар да Құралай неге жоқ дегендей, бұған қайта-қайта қарай береді. Інісінің жолға алатын азық-түлігі мен киім-кешегін дайындап жүрген Ардақ тіпті шыдамады білем, оңаша қалған бір сәтте: «Құралай білмей ме?» – деп сыбыр ете қалды. Бұл үнсіз төмен қарады. Не деп айтады? Әлде бәрін Ардаққа айтып кету керек пе? Бәрібір Құралай бұның қайда кетіп қалғанын Ардақтан сұрайды ғой. Не де болса таң тезірек таң атып, аттанып кетсем екен деп тіледі.

Күн шығар-шықпастан әкесінің сары атын қорадан шығарып алып, құдыққа апарып суарды да, жайдақ мініп алып, ауылдың іргесіндегі қорымға беттеді. Атты зираттың шарбағына байлап, ішке кіріп, әкесі мен шешесі, әжесі жатқан бейіттің басына барып, үш құлпытасты кезек-кезек сипап шықты. Аят оқу білмесе де, өзінше іштей күбірлеп, бетін сипады. Көкірегін ап-ащы бірдеңе тырналап, көмекейіне тас тұрғандай болып, екі көзіне жас үйірілген еді. Кенет осы үш төмпешіктің астында жатқан бұның ең жақын үш адамы бұған дүниедегі нағыз бақытты жандар сияқты болып көрінді. Ешқандай уайым-қайғыдан, осы дүниенің қулық-сұмдығынан ада. Түк те керек емес оларға. Әлде соларға кетіп қалсам ба екен? Өзінің осы ойына таң қалды. Тіршіліктің адам баласына ешқандай құны қалмайтын сәттері болатынын жаңа түсінді. Кейде біреулер өзіне-өзі қол жұмсап, жазым кешіп жатқанда, басқалар бас шайқап, неге өйтті екен деп жатады ғой. Солай болады екен, жаңа ғана түсінді. Бір сәттік қана сезім жеңсе. Сосын жалғыз ғана сызық. Содан әрі аттап кетсең болды, басқа бір әлем…

Қой құрысын, не ойлап кеттім деді сосын өзіне-өзі келіп. Неге сонша күйректеніп тұрмын, кім ауылдан ұзап кетпей жатыр? Ертең-ақ оралып келмеймін бе?! Жанымда әке-шешемнің жоқтығы болмаса, кім әскерге барып-келмей жатыр? Еңсеңді көтер деді өзіне-өзі сосын іштей. Сөйтіп, топырағы томпайған үш қабірге соңғы мәрте бір рет көз салып, сыртқа  беттеді.

Үйге келгесін сары атты да сауырынан бір сипап, жүгенін сыпырып: «Бар енді сен де, тос мені, жарай ма?» – деді сосын саусағын безеп. Жануар, бұл да бірдеңені сезетіндей. Күндегі әдетінше бірден өзен бойына тартып  кетпей, үйді төңіректеп, атағашқа барып, қасынып ұзақ тұрды. Бұған кенет дүниедегі ең жақын осы сары ат секілді көрініп кетті. Шіркін, мүмкіншілік болса, өзіммен бірге алып кетер едім деп ойлады. Әкесіне кейінгі оншақты жылда серік болған сары ат осы үйдің бір жаны секілді еді. Алғаш мініп келгенде, ауыздығымен алысқан, жүзіктің көзінен өтердей әсем тұрықты дөнен еді. Ол кезде бұл да сарыауыз бала болатын. Енді мен қайтып келгенше сары ат не болар екен деп ойлады. Әлде біреу-міреу соғымға сойып алар ма екен? Мен келгенше ешкім тиіспесін, соны ұмытпай Ардаққа айтайыншы деді іштей.

Ардақ тағы да ебіл-дебіл боп жылап жүр. Бір топ болып автобус аялдамасына барды. Құралай қазір тәтті ұйқының құшағында жатқан шығар, тұрған соң іздейді ғой, не істесем екен деп тағы да қинала ойланды бұл.

Әйел баласы қашанда сезімтал ғой. Бұның осы күйін түсінген Ардақ сәл оңаша шығарып алып, қадала сұрады:

-Шыныңды айтшы, не болды Құралай екеуіңе, неге келмеді шығарып салуға?!

-Ол білмейді, менің кететінімді…

-Қалайша?!

Бұл амалсыздан шынын айтты. Мәселенің мән-жайын енді түсінген Ардақ бір күрсініп алып, басын шайқады:

-Неге маған айтпадың, жалғыз әпкең емеспін бе?! Ақылдасып, бірдеңе етер едік қой! Қателік жасаған екенсің!

-Сонда не, барып аяғына жығылмақшысың ба ол кісінің? Жарайды, қайтесің текке уайым жеп, барғасын Құралайға өзім хабарласып, мән-жайды түсіндіріп айтам ғой.

-Сөйтші Арғын, хабарыңды үзбеші одан, – деп әпкесі жалына қараған.

Шығарып салушылармен едел-жедел қоштасқан бұл, дар-дұр етіп келіп қалған сары  автобусқа топырлай мінген жұрттың соңын ала кірді. Аудан мен екі арада талай жылдар жолаушы тасумен тозған ескі көлік әупірімдеп Айбаттың иығынан аса бергенде,  бұл кейін бұрылып, артқы терезеден туған ауылына соңғы рет көз салды. Өзінің осы уақытқа дейінгі азғана өмірі өткен, жанына сондай ыстық осы бір бұйығылау момақан мекенді бұл осыдан кейін ұзақ-ұзақ жылдар бой көрмейтінін білмеп еді.

ЕМХАНАДА

        Ымырт үйіріле кітап оқып жатып, көзі ілініп кетіпті, біреу иығынан түрткенде, селк етіп оянды. Санитар келіншек екен.

-Кешіріңіз, сізді бөлім меңгерушісі шақырып жатыр.

-Кім? – деді бұл бірден түсіне алмай.

-Құралай Қадырбековна шақырады!

-Ә…ә, иә, қазір…

Ұйқысы шайдай ашылды. Жүрегі құрғыр тағы да дүрс-дүрс соғып, аузына тығылды. Неге шақырып жатыр екен? Мынадай күйге қалай түскенсің деп сұрайтын шығар. Әрине, сұрайды ғой! Бұл не деп жауап береді?! Не айтады?

Құралаймен арамызда бір әңгіме қайтсе де болады ғой деп өзінше ойлап жүретін. Жасыратын несі бар, соны болса-болса екен деп іштей қалайтын да еді. Енді міне, жеме-жемге келгенде оның алдына баруға кәдімгідей жүрексінетінін сезіп тұр. Дәл мынадай жағдайда кез болған соң, өйтпегенде қайтеді? Біреумен терезесі тең адамша сөйлесе алмаудың қиындығын жаңа ғана шындап сезінді. Осыны ойлап аз-кем отырды да, жуынатын бөлмеге қарай беттеді. Қолы-басын шайып, шашын түзеп, айнаға көз салды. Түрі әнеукүнгідей емес, кәдімгідей өңі кіріп қалыпты. Біраз уақыт емхананың күтімін көрген соң, бет-жүзі шырайланып, кейінгі жылдары пайда болған әжімдері де жазылып, білінбей кеткендей. Тіпті самайына сәл буырыл рең беріп тұрған ақ шаш та бұрынғыдай емес, азайып кеткен секілді, әлде солай көрініп тұр ма?… Қой деді, сәлден соң өзіне-өзі, барайын не де болса!

«Бөлім меңгерушісі» деген жазуы бар шыны тақтайша қағылған есікті бірер мәрте тықылдатқандай болды да, баяу итеріп, ішке аттады. Құралай үстел басында бірдеңе жазып отыр екен, бұны көріп, ұшып тұра келді. Дәрігерлік ақ халатын шешіп, жай киіммен жүр екен. Шашын екі иығына бос қоя беріпті. Құдай-ау, деді ішінен, мұнша сұлу болар ма?! Баяғы талдырмаш денелі қыз Құралай емес. Қазір қазақша айтқанда, нағыз толған айдай толықсып, кемеліне келген келіншек болыпты. Әйелдік нәзіктігіне қоса, бойынан бір ақылдылықтың, ұстамдылықтың лебі есетіндей. Тек көздері еш өзгермепті, баяғы сол ешкімге ұқсамайтын, адамға тек мейірім төгіп қарайтын көздері.

-Кел, кел, Арғын, жоғары шық, – деді бұған күлімсірей бұрылып. -Отыр!

Бұл біртүрлі жасқана басып, қарсыдағы орындыққа барып тізе бүкті.

Бұның жүзіне аз-кем көз салған Құралай:

-Сен мені танып жүрсің бе, Арғын, әлде мүлдем ұмытып қалдың ба? – деп басын бір жағына сәл қисайтып, тағы да күлімсірей қарады.

-Неге, неге, – деді бұл абдырай жауап қатып, -таныдым ғой..!

-Қайдан білейін, танымайтын адам секілді түр көрсетесің, – деді дауысына сәл наз араластырып.

-Не деймін енді?…

Құралай үстелді айналып, бұның қасына келді.

-Жүр, ана диванға барып отырлық, Арғын, біздер сөйлеспегелі не заман, әңгімелесейік, – деді сәл күрсініп. -Қайда жоқ болып кеттің сонша жыл? Қай жақта жүрдің?

-Мына күйге қалай түскенсің дейсің ғой?

-Иә, оны да айт!..

-Айтатын не қызығы бар дейсің, Құралай! – деп бұл да жеңіл күрсініп, төмен қарады.

-Саған қатысты нәрсенің бәрі де қызық маған, Арғын? Басқа біреу болса, шаруам қандай, сен болған соң сұрап тұрмын ғой. Әйтеуір әйелдік қызығушылық екен деп ойлап қалма. Олай емес! Сен мүмкін нанбассың, қай жақта, не істеп жүр екен деп сен туралы үнемі ойлайтынмын. Тіпті бір кездесерміз деген үмітім де жоқ емес еді. Ақыры міне, кездестік!

-Бірақ қандай жағдайда…

-Арғын, ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді деп отырушы еді ғой бұрын ауылдың үлкендері, есіңде ме? Сондай бір жағдайда жүрген шығарсың. Кімнің басында болмайды қиындық. Әлі қаншама өмір бар алдыңда! Сені басқа біреу түсінбесе де, мен түсінем,  тек бекерге қысылмашы, өтінем, баяғыша еркін отыршы, – деді бұның әлі де өзіне-өзі келе алмай отырғанын байқаған келіншек.

-Құралай.. , не.., – деді бұл кенет сәл қипақтап отырып, -сұрайын дегенім… отбасың, …күйеуің бар ма?

Бұның түйеден түскендей сөзіне Құралай баяғысынша сыңқ етіп бір күліп алды.

-Немене, күйеуім келіп қалып, мені алып кетеді деп отырсың ба? Ех, Арғын, Арғын, байқаймын, екеуміздің де өмірде жолымыз онша бола қоймаған сияқты. Осы уақытқа дейін мені жалғыз басты жүрді дейсің бе, тұрмыста да болғам, ажырасып та үлгергем. Қазір бір қызым бар. Осы менің жағдайым, білгіңіз келсе. Енді қорықпай әңгімелесе беруіңізге болады, – деді бұрынғыша әзілдегенде «сіз» деп сөйлейтін әдетіне басып.

Сосын сәл-пәл отырып, есіне бірдеңе түскендей:

-Ой, кешір, сені көріп таза есім шығып кетті ғой деймін, жүр мына бөлмеге кірелік, – деді жанындағы есікті нұсқап.

Бұл түкке түсінбей, бажырая қарады.

-Қорықпа, жүр, тиіспеймін, – деді тағы да әзілдеген Құралай бұның аңтарылған түрін көріп. -Сіз бүгін қонақсыз ғой, сондықтан ең әуелі жақсылап тұрып бір шай ішіп алалық.

Бұл жер дәрігерлердің шай-пай ішетін бөлмесі болса керек, шағын үстел мен үш-төрт орындық тұр. Құралай әдейілеп дастархан әзірлеген сияқты.

-Кел, отыр, Арғын, сен бүгін менің қонағымсың, әлі үйден де сыбағаңды   жей жатарсың, әзірше осыған риза бол!

-Неге сонша әуре болғансың, – деді бұл шағын да болса, талғампаздықпен жасалған дастархан үстіндегі түрлі тағамға қарап.

-Олай демеші Арғын, қанша жылдан кейін көрісіп тұрмыз…

Өзіне-өзі әлі де келе алмаған бұл әлемтапырық күй кешіп, тура басқа бір әлемге кіріп кеткендей, аузына айтар сөз түспей қиналды. Әсем қимылмен шайын демдеп, дастархан үстіндегі ыдыс-аяқты әрі-бері қозғап жүрген Құралайдың әрбір қимылына қарап, еріксіз іштей сүйсініп отыр. Баяғыда шешесі қайтыс болғаннан кейін, Құралайдың үйге келіп, тамақ әзірлеп бергені қайтадан көз алдына келді. Қанша уақыт өтті одан бері? Сол күні Құралай бір кезде шынымен менің жарым болып, осылай  ас қамдап жүрер ме екен деп қиялдағаны есіне келді. Бір қызығы, қазір де сол қиялдың жетегінде отырғанын өзі енді аңғарды. Мынадай әйелге жар болған адамның да арманы бар ма екен деп ойлады іштей сосын.

Тамағын бір кенеп, батылсыздау сұрақ қойды.

-Құралай, …айтшы, сенімен ажырасып жүрген ол не қылған ақымақ адам?

Еңкейіп, дастарханды реттеп жатқан Құралай көзіне түскен шашының бір шетін  шынашағының ұшымен әрі қайтарып, бұған қарап, тағы да бір рет әдемі жымиды.

-Бәрін де естисің ғой, асықпа. Мүмкін мен ақымақ шығармын, қайдан білесің? Кел тамақ ішейік, саған деп барлығын үйден өз қолыммен пісіріп әкелдім.

Расында да бес-алты адамға еркін жетерліктей етіп дайындап әкеліпті. Туралған қазы-қарта, құстың еті, түрлі көкөніс дейсің бе, барлығы бар. Жылқының етін көріп, еріксіз сілекейін жұтты. Татпағалы не заман! Әркімнің қолына түсе бермейтін бір қымбат шишаның да басы қылтиды. Бұл ішпеймін де үзілді-кесілді бас тартты. Құралай да көп қыстаған жоқ.

-Жарайды, әбден сауығып ал, сосын мықтап тұрып жуамыз.

Бір таң қалып отырғаны, бұның үй-күйсіз, тіпті құжатсыз жүргенін біле тұра, Құралайдың көңілі ешқандай қалтқысыз, сол баяғыдай. Тіпті кеше ғана жолығысып, тарасқан адам сияқты. Сонда бұған сонша сенгені ғой. Басқа біреу болса, анық-танығын біліп алмай, маңына жуытпас еді.

Бұның тағы да өзімен-өзі болып кеткен түрін көрген Құралай:

-Не ойлап кеттің тағы, тамақ алсайшы! Арғын, сен әлі де біртүрлі болып отырсың. Тағы да айтам, еш қысылмашы. Біз сол баяғы Арғын мен Құралаймыз деп ойлашы. Мен саған… мен саған шын ниетіммен көмектескім келеді, қолымнан келсе. Шын ниетіммен, түсінесің бе? Мені өзіңнің ең жақын адамың деп ойлашы қазір!

-Құралай, – деді бұл оның жүзіне алғаш рет тіктеп қарап. -Қайран Құралай, қалай өзгермегенсің! Сол баяғы маған деген мейірімің асып төгіліп тұрған қалпыңнан еш айнымапсың? Менің тіпті кім екенімді, нені бастан кешкенімді, қандай жағдайда жүргенімді де сұрамадың. Қайдан білесің, мен қазір тіпті басқа адам шығармын?

-Жоқ, Арғын, қандай жағдайда жүрсең де, мен сені жаманшылыққа қимаймын. Мүмкін қазір уақытша бір қиындықтарға кездесіп жүрген  шығарсың, бірақ жеңілмейтін қиындық жоқ, солай емес пе? Жарайды, Арғын, текке таусылмайық, өмір ғой барлығы, мүмкін ол сонысымен де қызықты шығар. Енді міне, сонша жылдан соң қайта кездестік. Бұны да бір тағдырдың сыйы деп білейік. Кел, әуелі жақсылап тұрып тамақтанып алайықшы, әйтпесе аш адам ұрысқақ болады, шынымды айтсам, күні бойы жүгірумен жүріп, қарнымның ашқанын жаңа біліп отырмын.

Осыдан кейін бұның көңіліндегі құрсау алынғандай болып, екеуі кәдімгіше шүңкілдесіп отырып, тамақ ішті. Сонау алыста қалған балалық шақты, Айбаттағы ауылды, бұрынғы бастан өткен талай-талай қызықты жайларды еске алып, біраз күлісіп алды.

Бір байқағаны, Құралай керемет психолог екен. Бұны сөйлетіп, күлдіру үшін, осыған ұнайды-ау деген әңгімелерді қозғап, еріксіз жетелеп әкетеді. Талай оқиғалар еске алынды, ұмытуға айналған талай адамдардың аттары аталды. Әрі-беріден соң, бұл тіпті басқа бір сиқырлы дүниеге кіргендей, жан дүниесін керемет шуақ жайлап, талайдан бері бастан кешпеген күйге еніп еді.

Дастарханнан тұрған соң, Құралай ыдыс-аяқты жиыстырып, бұл келесі бөлмедегі диванға жайғасып, теледидар қараған болып отырған. Сәлден соң Құралай да келді.

-Сіздің мазаңызды алған жоқпын ба, ертең ұйқыңыз қанбай жүрсе, мен кінәлы болам ғой! – деді наздана әзілдей.

-Ұйқым қанбаса, бөлім меңгерушісінің өзі рұхсат берген деп, түске дейін тырайып жатам, – деді бұл да өзінше әзілдеген болып.

-Жарайды, келістік, ендеше сізден жауап алуға рұхсат етіңіз! Айтыңызшы, сонша жыл хабар-ошарсыз қайда болдыңыз?

…Иә, қайда болмады бұл! Шамасы келсе, өзінің Айбаттан кеткеннен кейінгі өмірін еске алмауға тырысатын. Тіпті сол туралы ойлағысы да келмейтін. Бұған дейін оны ешкімге әңгімелеп айтып та көрмепті. Енді міне, Құралай үшін бәрін қайтадан еске түсіру керек болды. Неден бастаса екен? Есіне сонау бір қиырда қалған күндер түсіп, іші-сыртын шаң басқан сары автобуспен Айбаттың иығынан асып кетіп бара жатқан кезі оралды.

 СОЛ БІР КҮНДЕР…

         Аудан орталығына жетісімен, бұл қапшығын арқалап, бірден әскери комиссариатқа тартты. Үнемі көзі кілегейленіп, шала мас болып жүретін мосқал капитан бүгін эшалонға мінетіндердің тізімінен бұның аты-жөнін таба алмай, әжептәуір әуреге түскен соң,  уақытты соза бермей, өз еркімен кеткісі келіп тұрғанын айтты.

-Интересно, – деді мас капитан бұған ежірейе қарап, -так и сказал бы сразу, добороволец, значит?

Сосын әлде бір қағаздарды әрі-бері төңкерістіріп шамалы отырды да, бұған тұманданған көзімен тағы бір қарап:

-Хорошо, пойдешь служить, но сначало ты сходи в магазин, видишь, человек болеет, – деді аузынан анадайдан арақ исі мүңкіген капитан өзінің шекесін саусағымен нұсқап.

             Бұның түкке түсінбей, аңырып қалғанын көрген соң, басы зеңгіп отырған ол ыза болды білем:

-Болван, что стоишь, иди, беги за пузырем! – деді барқ етіп.

Мәселенің мәнісін енді ұққан бұл, жолқапшығын қайтадан иығына аса салып, жақын маңдағы дүкенге тартты. Әскери комиссариаттың маңы ығы-жығы халық. Үстеріне ескі-құсқы киім киген, әскерге бүгін аттанбақшы бозбалалар, оларды  шығарып салушылар, болашақ жауынгерлерді алып кетуге келген офицерлер (бұларды «покупательдер» дейді), әйтеуір ала-құла топ. Көбісі масаң. Жалпы бұл аймақта қазақтар ежелден аз қоныстанған, сол себептен бе, осы жерге жиналғандардың көбі орыс ағайындар екен. Бұл анау тұстағы дүкеннен жаңағы капитанға деп алған жалғыз шөлмегін қапшығының ішіне жасырып, шуылдасқан осы топты айналып өте беріп еді, әжептәуір қызып алған  төрт-бес орыстың баласы алдынан кес-кестей берді. Әскерге бүгін аттанатындар болса керек, шаштарын тақырлай алдырыпты. Бұл бір-екеуін шырамытты. Ауылдан келген момын қазақ балаларының тиын-тебенін тартып алып жүретін осы жердің белгілі бұзақылары. Бұлардан енді жайдан-жай құтыла алмайсың. Не қалтаңдағыны қағып беруің керек, не әлің жеткенше қарсы тұруға мәжбүрсің. Біреуі масаңдау дауыспен, саусағын бүгіп, бұны шақырды.

 -Ей, зема, кел мунда, акча бар ма? – деді өзінше қазақшалаған болып.

Жақындай берген секпіл беттеу біреуі арқа қапшығына қол жүгіртпекші болып еді, бұл шалт қимылдап, қағып жіберді.

-Смотри, дергается еще! – деді ол жанындағыларға ыржия қарап. Енді байқады, өздеріне сенімді, араққа бөрткен бұзақы топ бұны ақырындап қоршай бастаған сияқты. Лажсыз бір төбелестің боларын сезген соң, тездетіп  аналарға айнала көз салып өтті. Көбінің дене тұрқы өзінен әжептәуір төмен, тек біреуі ғана бойшаң, сом денелі көрінеді. Мыналардың басшысы сол болуы керек, сыңарезулей күліп, жайбарақат тұр. Не болса содан бастау керек деп түйді ішінен. Секпіл беттен ығысқан болып, шегіне бере, жаңағы қамсыз тұрған ұзын бойлыны бойдағы бар күшін жинап, иектің астынан жақсылап тұрып ұрды. Бұндайды күтпесе керек, екі аяғы көктен келіп, серең етіп құлаған ол қайтып тұрған жоқ. Енді сәл бөгелсе, көптің күші асатынын білген бұл, қапшығын лақтыра салып, барынша қимылдап, тағы да екеуін жалпасынан түсірді.

Әп-сәтте ту-талақайы шыққан бұзақылардың қалған екі-үшеуі қас пен көздің арасында не болғанын түсіне алмай, шегіншектеп, қалың топтың ішіне қарай ығыса берді. Бұнымен бетпе-бет келуге жүрегі дауаламаған манағы секпіл бет:

-Козлы, че стоите, наших бьют! – деп айналадағы тұрғандарға ұран тастап жүр. Сол-ақ екен, тұрғандардың ішінен жанжал іздеген төрт-бесеуі қосылып, аналардың қатары қайта көбейді. Енді жабылса оңдырмасын білген бұл не де болса сыртымнан келтірмейін деп, жерде жатқан қапшығын іліп алып, шегініп барып, арқасын әрірек тұрған қоршау дуалға тіреді. Ең бастысы, аналардың бетін бір қайтарып алған соң, өзіне-өзі сенімді. Алғашқыда жүрегінде азғана сескену бар секілді еді, қазір оның қайда кеткенін де білмейді. Екі көзіне қан толып, келсең-кел деп тұр. Аналар бұны айнала қоршап алғанымен, енді қол салуға бата алмай, тек алыстан дөңайбат жасауда. Кенет:

-Так, все, хватит, хлопцы! – деген әмірлі дауыс шықты.

Бұл жаңа аңғарды, «покупатель» болса керек, бағанадан бері бір сұлу мұрт майор бұлардың «қызығын» тамашалап тұрған секілді еді, дауыс иесі сол екен. Қоршағандардың бір-екеуін былай серпіп тастап, бұған таяй берді. Аналарға болыспақшы болып келе ме деп ойлаған бұл бойын жинап, жұдырығын түйіп дайындала бастап еді, оны сезген майор күліп, анадайдан басын шайқады:

-Спокойно, спокойно! Ну ты молодец, парень, где научился так драться, а? В какую команду тебя записали?

Бұл өзінше бірдеңе деген болды.

-Хочешь десантником стать? Слышал такое? Элитная воиска!

Не дерін білмей, тағы да төмен қарады. Бұның әлі өз-өзіне келе алмай тұрған түрін көрген майор соңымнан ер дегендей иығынан бір қағып,  ішке бастады. Бұны араққа жұмсаған манағы капитан қашан оралады деп мазасы кетіп отырса керек, сұлу мұрт майормен бірге кіріп келгенін көріп, әжептәуір сасып қалды.

-Так, куда парня записал? – деді майор кіре сала өктем дауыспен.

-Хм… так… в стройбат, куда же еще? – деді кілегей көз капитан өп-өтірік қағаздарын қопарыстырып, бұның құжаттарын іздеген болып.

-Нет, запиши в мою команду, я его забираю! – деді тағы да әмірлі дауыспен.

-Хорошо, хорошо, как скажете, – деп қалбалақтаған капитан тағы да алдындағы қағаздарын қопарыстыра бастады.

-Ровно в час отьезжаем, чтобы я тебя не искал, понял меня?! – деп бұған тағы бір бастан-аяқ қараған майор сөз осымен бітті дегендей, тарс-тұр басып шығып кетті.

Әп-сәтте мастығы тарқап, маңдайынан тері бұрқ ете түскен капитан есікті нұсқап:

-Кто он тебе, знакомый? – деді.

Бұл үнсіз басын изеді.

-А че ты сразу не сказал, я тебе и сам записал бы, жалко что ли? – деді ол ренішті дауыспен.

Сосын әрі-бері қипақтап тұрып:

-Ты это самое, принес, да? – деп кеңірдегін шерткен.

Бұл тарс ұмыттып кеткен екен, дереу қапшығын ашып, жаңағы жартылықты алып ұсынды. Капитанның тіпті ат мінгізгендей есі кетті.

-Ох какой ты молодец, а! Теперь иди, гуляй, я сам все оформлю.

Бұны есікке жете бере тағы тоқтатты:

-Ты хоть фамилию свою скажи…

Сөйтіп бұл әп-сәттің арасында, екінің бірінің қолы жете бермейтін элиталық әскери бөлімнің болашақ жауынгері болып шыға келді. Аяқ астынан  не болғанын өзі де түсіне алмағандықтан ба, сыртқа шығып, ойын жинай алмай біраз тұрып қалған секілді. Жаңа байқады, бағанағы басбұзарлар алыстан одырайып қарағанымен, жақындап келуге бататын емес. Өздерінше бұны байқамаған болып, өзара гуілдесуде. Сәл тұрған соң, поезд аттанғанша жүрек жалғап алмақ болып, асханаға қарай беттеді. Кенет аяқ астынан бір қиямпұрыстық ой келе қалды. Не де болса беттерін біржола қайтарып алайын, азар болса бір таяқ жермін деді де, бағанағы өзімен шекісіп қалған бұзақылар тұрған тұрған тұсқа қарай беттеді. У-шу болып жатқан масаң топтың біразы  сәл тынышталып, тағы да бір қызық болар ма екен дегендей, назарлары әп-сәтте бұған ауған. Дегенмен айнала тұрғандардың кейбіреулері бұған сәл сескене, тіпті құрметпен, қызыға қарайтын сияқты. Бұл ешбір тайсалмастан, жайбарақат басып, манағы бұзақыларға таяй берді. Егер жанжал бастала қалса, қамсыз болмайын деп, қапшығын сол иығына асып алуды да ұмытпаған. Манағы төбелесті тағы да жалғастыруға келе жатыр деп ойласа керек, үш-төрт қадам қалғанда, беттері кәдімгідей қайтып қалған масаң топ еріксіз қақ жарылып жол берді. Темекілерін тістеп, көздерінің астымен өшіге қарағаны болмаса, ешқайсының батып бірдеңе дейтін сыңайлары байқалмайды. «Солай ма екен!» – деді ішінен. Бұл жеңіс дегеннің, жеңімпаздық дегеннің не екенін сол сәтте алғаш рет түсінгендей болып еді. Жан дүниесін белгісіздеу мақтаныш сезім билеп және ап-ауыр, жағымсыз бірдеңеден құтылғандай керемет жеңілдік жайлап алғанын байқады. Бұдан былай да осылай болу керек екен деді іштей өзіне.

…Түс ауа бұлар мінген эшалон солтүстіктегі Ақ теңізді бетке алып, ағып бара жатқан еді.

ЕМХАНАДА

     Күнделікті қабылданатын күшті дәрі-дәрмектің арқасы шығар, уақыт өткен сайын жағдайының жақсарып келе жатқанын кәдімгідей сезіп жүр. Оның үстіне, санитар келіншек күнара бұның ыдыс-аяғын жаңалап, емхананың тамағынан басқа, қолдан дайындалған үйдің ас-суын жеткізіп отырады. Өзі ештеңе деп айтпаса да, бәрі Құралайдың жұмысы екенін біліп жүр. Қазір  бұрынғыдай емес, Құралайдың кезекшілікке шығатын күнін асыға тосатын болды. Жұрт ұйқыға кеткен соң, екеуі дәрігерлер бөлмесінде шай-пайларын ішіп, шүңкілдесіп ұзақ-ұзақ отырар еді. Көбінесе сөйлейтін Құралай. Әңгіме не туралы болса да, бұл оның әр сөзін қалт жібермей, бар ынта-ықыласымен тыңдайтын. Тыңдап отырып , ойға кетер еді. Апырмау, қандай ақымақ болғанмын дейтін, өзіне-өзі. Пәленбай жылдар Құралайсыз қалай ғана жүргенмін?! Бұның өмірдегі бар қымбаты, сүйеніші, жанын түсінетін жалғыз адамы осы Құралай екен ғой! Қазір тіпті қалған өмірін Құралайсыз елестете алмайтын сияқты.

Айтар әңгіме таусылмайтын ұзақ-ұзақ кештерде бұл да Құралайдың нендей шырғалаңды бастан өткергеніне қанық болған.  

-«Әйел жолы-жіңішке» – деп қазақ қалай тауып айтқан?! Институтта жүргенде байқағаным, беті жылтыр қыз көрсе, курстас жігіттер түгілі, мұғалімдердің өзі бірдеңеге дәмеленіп тұрады екен. Өзіңді дәл бір кілең жыртқыштардың ішінде жүргендей сезінесің. Әйел адамның қорғансыз болатынын сонда түсіндім, – дейді Құралай әңгіме үстінде. -Ажырасып кеткен күйеуім менен бір курс жоғары оқушы еді, өзі Қарағандыдағы бір үлкен мекеменің бастығының баласы болатын. Жо-жоқ, мені оның дәрежесі мен байлығына қызықты деп ойлап қалма! Мен шарасыз болдым, сенен ешқандай хабар жоқ. Тіпті жанымда ақылдасар кісі де қалмады. Жаңағы жігіт сондай жылпос еді, маған анды-санда  келіп-кетіп жүретін шешеммен де ретін тауып танысып алыпты. Бара-бара тіпті ол кісіні вокзалдан өзі күтіп алатын болды. Әрине, шешеме де ондай адамның ұнайтыны белгілі. Оның үстіне әкесі үлкен қызметте, – деген Құралай бұның жүзіне ақырындап бір қарап қойды.

-Оқуды аяқтаған соң, бір жыл интернатурада жүрдім. Сенен бір хабар болатын шығар деп сонша күттім. Із-түзсіз жоғалып кеттің. Кей кездері, өзімді жапан дүниеде жалғыз қалғандай сезінетінмін. Ақыры тұрмысқа шығуға тура келді. Шынымды айтсам, маған бәрібір болды. Бір жағынан мамам…

Сүймеген адамымен амалсыз тағдыр жібін байлаған Құралайдың жұбайлық өмірінде жылылық болмағаны өзінен-өзі белгілі. Дегенмен ақылы бар келіншек болар іс болған соң, амалсыздан сүйікті әйелдің бейнесін жасауға тырысады. Сол екі арада өмірге қыз бала келеді. Армандаған адамына қол жеткізген соң, күйеуі енді өз білгенін істей бастаса керек.

-Кезінде әке-шешенің арқасында ақшаны судай шашып, емін-еркін жүріп қалған адам ғой. Үйленсе де, сол әдетінен қол үзгісі келмеді. Тіпті бірнеше күн үйге қонбастан, қыз-келіншектермен сауық-сайран құрып жүре беретін. Сонымен қоймай мені қатты қызғанатын болды. Тіпті жұмыс орнымда сырттай бақылап жүріңдер деп, әркімдерге тапсырып та қояды екен, оны да соңынан барып білдім. Ақыры осының аяғы ұрыс-керіске ұласатыны белгілі. Келе-келе қол жұмсайтын да болды. Ортақ қызымыз үшін 4-5 жыл шыдадым. Бір өкінішті жері, ата-енем маған ара түскеннің  орнына, балаларының сөзін сөйлейтін. Тіпті мені ауылдың қызы, баласына лайық емес деп те айтатынын құлағым шалып жүретін, – дейді Құралай сол бір сұрықсыз күндерін еріксіз еске алып.

Ұзын сөздің қысқасы, бұлар ақыры ажырасып тынады. Әрине, оның Құралайдан оп-оңай қол үзе қоймасы белгілі. Әбден ашынған келіншек жұмыс орнынан ешкімге білдірмей есеп айырысып, осы қаладан бір-ақ шығып, сосын барып қана ажырасуға сотқа өтініш береді.

Иә, деді бұл өзінше, талайлардың басынан өтетін отбасылық драма. Егер осылай болмаса, Құралай маған қайта кездеспес те еді деп қояды іштей.

Осындай сыр бөліскен түндерден кейін бұл палатасына келіп, ұйықтай алмай, дөңбекшіп ұзақ жататын еді. Енді алдағы күніміз не болар екен деп толғанатын. Қара басының азаматтығын айғақтайтын бірде-бір құжатының жоқтығын ойлайтын. Өзінің мағынасыз өтіп кеткен өмірін еске алып, сонша ақымақ болғанына өкініп, бармағын шайнардай күйге түсетін еді.

Өткен өмірі демекші, жуықта болған мына бір аса ыңғайсыз жағдай есінен шығар емес. Ыңғайсыз емес-ау, тіпті таза масқара!  Ойлаған сайын, ұяттан жерге кіре жаздайды. Бұл тағы да қаннен-қаперсіз, кітабын оқып жатқан. Кереуетінің жанына келіп, бірдеңені айта алмай, қипақтап тұрған санитар келіншекті әрі-беріден соң байқады. Аңтарылып оның жүзіне қарады сосын.

-Кешіріңіз, кім екенін білмеймін, сізді астыңғы жақта бір әйел шақырады, –деді.

Апырмау, ол кім екен, қалада менің таныс әйелім жоқ еді ғой деген ой санасынан зу етті. Не де болса білейін деп, аяғына емхананың шәркесін іле салып, төменге түсті. Ол жердегі шағын дәлізде көбінесе сырқаттарға тамақ, дәрі-дәрмек әкелгендер тосып отыратын. Бұл сол тұсқа барып, кім болды екен деп сырттай көз салып еді, өзара сөйлескен төрт-бес адамнан бөлектеу отырған Клаваны көріп, төбесінен жай түскендей болды. Арақтан қызара бөртіп іскен бет-жүзі, үстіндегі біреудің иығынан түскен, ер адамның көнетоз былғары күртесі, қолындағы кір-қожалақ пакеті оның кім екенін айтпай-ақ танытып тұрғандай. Бұл сасқаныннан есі кетіп, жан-жағына қарап еді. Шынын айтқанда, жақындар-жақындамасын біле алмай, айран-асыр болып сәл тұрды. Апырмау, бұл байғұс қайдан жүр бұнда, қалай құтылсам екен?… Тезірек жанына барып, кет демесе, өз бетімен кетпесі белгілі. Олай-былай жүрген Құралайдың көзіне түссе, шын масқара болғаным ғой деді іштей. Сәл тұрды да, не де болса сыртқа алып кетейін деген оймен, жылдам басып, Клаваның жанынан танымайтын адамша өте беріп, сыртқы кіреберіс бөлмеге шық деп ымдап белгі жасады. Әйтеуір ол да түсініп, бірге ілесіп ере берді.

-Ну, как ты?  — деді ауызғы бөлмеге шыққан әйел әр жерде бір тісі бар қызыл иегін жалаңаштай күліп. Шала мас әйелдің ұсқынына көзі түскен бұның жүрегі айнып, масқара-ай, талай уақыт мыналармен қалай жүргем деді өзіне өзі.

-Знаешь, Клава, ты сюда больше не ходи, поняла меня?! – деді түсін суытып.

-А, че случилось?..

Енді тұра берсе көзге түсетінін білген бұл әйелді күштеп иығынан ұстап, сыртқы есікке бұрды. Бір жағынан мас әйел айғай шығара ма деп жаны  мұрнының ұшына келіп тұр. Не де болса алдап, бірдеңе деу керек.

–Уходи быстро, и больше сюда никогда не возвращайся, меня тут менты «пасут»! – деп алдаусыратты.

–Хорошо, – деді ол бұған масаң көзімен қарап, -я к тебе по доброму…  Вижу, ты тут не плохо устроился, фраером стал…

–Ладно, иди, иди!..

Бұл оны итергендей қылып шығарып, есікті жауып алды. Әрі-беріден соң терезеден сыртқа көз салып, түймесіз көнетоз күртесін қаусырынып алып, тәлтіректей басып, ұзап бара жатқан әйелді көріп барып, «уһ» деді.

Қайта кіріп еді, дәлізде отырғандардың жүзіне қарауға тіпті беті шыдамады. Жаңағы әйелмен бұның қандай байланысы бар деп бұлар да таң қалып отырғаны айтпаса да белгілі. Жылдамдата басып, жоғарыға шығып, төсегіне барып құлады да, бетін газетпен жауып алып, ұзақ жатты. Масқара-ай! Құралай естісе, не ойлайды екен? Ана санитар келіншек оған барлығын жеткізетін шығар.

Құдай-ау, Клава секілділермен қалай ғана бірге жүрген?! Баяғыда әжесі жүдеу-жадау жүрген әлде бір көзтанысты көрсе: «Әжептәуір азамат еді, байқұс азынып кеткен екен!» деп отыратын. Бұл да солай боп кеткен екен ғой! Талай жыл бұның жүрген ортасы жаңағы Клава сияқты үйсіз-күйсіз ішкіштер болды. Олардың сыртқы бейнесі адам болғанымен, жан дүниелері хайуанға айналып кеткен. Ең бастысы, ар мен ұят деген түсінікті жоғалтқан. Ар мен ұят жерде адам қолма-қол хайуанға айналып жүре беретінін жаңа байқап жүр. Аяқ астында домалап мас болып жату, ел-жұрттың алдында абыройыңды ашып, тұттай жалаңаш жүре беру бұларға түк емес. Себебі оны ұят деп түсінбейді. Есін сәл жиғанда, тауып ішетін бірер тостаған арақ болса болды. Құрысын, енді ол ортаға өлсем де жоламауым керек деді өзіне-өзі іштей.

СОЛ БІР КҮНДЕР…

       Темір жол арқылы бір аптадан аса сапар шеккен болашақ жауынгерлер солтүстіктегі Ақ теңіздің жағасына жақын орналасқан әскери бөлімге жетіп бір-ақ тоқтады. Жол бойы пойыздың ішінде кәдімгідей танысып, білісіп, бір үйдің баласындай болып қалған бұлар, бөлімге келіп, моншаға түсіп, әскери киім киіп шыққан соң, тіпті бірін-бірі танымай қалды. Оған өздері мәз болып күлісіп жатыр. Тағы бір байқағаны, елден былай шыққан соң, жерлестік дегеннің маңызы тіпті ерекше болады екен. Жанында бір ауданнан шыққан ешкім болмаса да, жолшыбай қосылғандардың ішінен қазақстандықтар ұлтына қарамастан, бірін-бірі іздеп тауып, кәдімгідей шұрқырасып жатты. Әскери бөлімге келіп түскеннен кейін де, бір-бірін қара тұтып, жолығысып, шүйіркелесіп жүретін.

Ана жолы сұлу мұрт майор десанттар бөлімін «элиталық әскер» деп текке айтпаған екен, бұл жерге қай ұлттан болмасын,  кілең бір қапсағай денелі, бойшаң бозбалалар жиналыпты. Қалалы жерден шақырылғандардың дені спортшылар екен. Бұлар ауыл балаларындай емес, аса ширақ, тілге де жетік, ең бастысы қаладағы жиі болып тұратын көше төбелесінен шынығып шыққандар. Тіпті әскерге шақырылдық-ау, бөтен жерге келдік-ау деп, айылын жияр емес. Кімге де болсын келсең-кел деп тұрады.

Бұрын әскерге барып келгендер көп айтатын әлімжеттік, зорлық жасау деген бұл жерде байқалмайды. Оған тіпті уақыт та жоқ. Жексенбі күні аз-маз демалғаны болмаса (оның өзінде сяси сабақ жүреді), қалған уақытта жаттығудан босамайды.

Дегенмен мына бір оқиға есінен кетер емес. «Учебка» деп аталатын оқу-жаттығу мерзімінен кейін, әскери бөлімге біржола келіп түсті. Яғни, толық құқықты жауынгер болдың деген сөз. Әскери өмір болғанымен, бұл жерде солдаттарға әр ай сайын сол кездегі тілмен айтқанда, 3 сом 80 тиын айлық беріледі екен. Жалпыға ортақ советтің ақшасын қазақ ол кезде «рубль» деп тілін бұрап жатпай-ақ, «сом» дей салатын. Міне, бәрі сол ақшадан шықты.

Аталмыш айлықты алған күні асханада кезекшілікте жүрген. Бұлардан басқа ол жерде өздерін «шалдар» деп атайтын, әскери өмірдің дәмін бір жыл бұрын татып қалған 4-5 жігіт те бар. Түр-түсі азиаттық болғасын ба, әрі-беріден соң осылардың екеуі шеткерек тұрған бұны айналдыра бастады. Бойы өзімен шамалас, шөткешаш біреуі:

-Жауынгер, қайдан боласың? – деді орыс тілінде бұған менсінбей қарап.

-Қазақстаннан…

-Ә, өзіміздің туысқан Қазақстаннан едім де? Айлығыңды алдың ба?

-Иә…

-Мында әкел! – деді әмірлі түрде.

-Неге? – деді бұл түкке түсінбей.

Мынау неқылған нақұрыс еді дегендей, қасындағы ұзынтұраға қараған шөткешаш бұған қайта бұрылып:

-Неге, неге, Вьетнамдағы ашыққан балаларға көмек үшін! – деді.

Бұл алғашында шынымен нанып қалып, қолын қалтасына сұға берді де, ана екеуінің ыржыңдаған түрлерін байқап, мазақ екенін түсіне қойды. Ыза болғаны сонша, өзі білетін орысша бір боқтық сөзді қойып қалды. Шөткешаш бұндайды күтпесе керек:

-Не дедің? – деді көзі алайып.

-Несіне созып тұрсың, соқсайшы жақсылап! – деп артындағысы дем беруі мұң екен, шөткешаш бұның тура шықшытын көздеп ұрды. Бір ұрарсың-ау деп бұл да өзінше дайындалып тұр еді, шамасы келгенше жалтарып үлгерді. Шөткешаштың жұдырығы құлақшекесінің тұсынан зу ете қалды. Өз екпінімен үстіне қарай төніп кеп қалған шөткешашты бұл да иек тұсынан бір ұрмақ болып, қолын сілтеді. Бірақ жұдырығы тайып барып, тура жұтқыншағынан тисе керек, шөткешаш әп-сәтте қырылдай дем алып, артындағының қолына құлай берді. Айнала тұрғандар істеп жатқан жұмыстарын тастай салып, бұлардың қызығына енді шындап назар аудара бастаған. Кенет:

-Кәне, тоқтаңдар, бұл не бассыздық?! – деген дауыс шықты. Қараса сержант шеніндегі біреу таяп келеді екен.

Е, араша түсер біреу табылды-ау деп жайбарақат бұрыла бергені сол еді, сержанттың көз ілеспес қимылмен бұны қалай соққанын байқамай да қалды. Маңдайдан тиген соққыдан артындағы қабырғаға басының сақ етіп соғылғанын біледі. Көзі қарауытып кетті. Бетін екі қолымен басып, еңкейе беріп алақанына қарап еді, мұрнынан қан кетіпті. Неге екені белгісіз, енді аяқпен тебетін шығар деген ойлап үлгерместен, бір жағына қарай құлай берді. Айтқандай бұның жаңағы тұрған орнына керзі етіктің сарт етіп тигенін сезді. Орнынан тез тұрып кетпекші болып, енді ұмтыла бергенде, тағы да біреудің «Отставить!» деп саңқ еткен дауысы шықты. Кім болды екен деп, көз қиығын салып еді, өзі күнде сырттай көріп жүрген, бойы екі метрге жуық, азиат пішінді жігіт екен. Бұл оны алғашында қазақ па, әлде қырғыз бен өзбектің бірі ме деп жүрген. Бірақ кешкі бір тексерісте фамилиясының Дадулагу екенін естігесін, апырмай қай ұлттың өкілі болды екен деп ойлап қойған. Әлгіні көрген жаңағы үшеуі кәдімгідей қипақтап қалды.

-Мен сендерге тиіспеңдер деп едім ғой, қане тараңдар!

Сосын бұған қарап:

-Ништяк, братишка, считай, что это боевое крещение, – деді.

Соңынан білді, Дадулагудың ұлты Сібірдегі ненец халқынан екен. Шынын айтқанда, алғашында қатты таң қалды. Бұның бұрындары кітаптардан оқыған түсінігі бойынша, ненецтерді бойлары тапал, бұғыларын бағып, сонау адам аяғы жетпейтін тундрада жүретін халық деп ойлайтын. Тіпті олардың әскер қатарына шақырылатынын да білмепті. Бойы атан түйедей Дадулагуды көрген соң, өзінің сонша қараңғылығына ұялды. Ротадағы бойы ең биігі латыш Янис деген болса, Дадулагу одан сәл ғана төмен еді. Спортпен қай жерде жүріп шұғылданғанын өзі біледі, бұлшық еттері қолмен өріп қойғандай білем-білем. Соңынан жақын танысып, әңгімелесе жүріп білді, Дадулагудың тек спортшы ғана емес, орысшаны таза сөйлейтін, оқыған-тоқығаны мол, жан-жақты білімді азамат екенін байқады. Алғашқы жарты жылда апта сайын ондаған шақырымға жүгіртіп, дене тәрбиесімен тұрақты түрде жаттықтырып, бұларды әбден жүйрік атша жаратып алған командирлер, енді оқытудың негізгі бөлігіне көшкен. Бүгінде ойлап отырса, соның барлығы тек адам өлтіру өнері екен. Тіпті тірі кісіні өлтірудің соншама тәсілдері бар деп еш ойламапты. Мылтық пен пышақ секілді суық қару қолданбай-ақ, саусақтың ұшымен бір түртіп-ақ, кісіні өлтіруге болатынын осында жүріп үйренді. Екі жылдың ішінде соның бәріне шама келгенше жаттығып шықты.

Қашықтықтан пышақ лақтырып, қалай дөп тигізуге болады, қарауылда тұрған дұшпан әскерінің сыртынан сыбысыңды білдірмей барып, қалай мойынын бұрап тастау керек, ағып келе жатқан көліктен қалай секіріп кетудің айла-тәсілі дейсіз бе, әйтеуір осы «ғылымының» біразын игерді. Өзі бұрын кинолардан ара-тұра көріп жүрген, бір адамның бірнеше кісіні қырып тастауын қиялдан туған нәрсе ме деп ойлайтын. Тіпті олай емес екен. Түк қиындығы жоқ екеніне, үйренгесін көзі жетті. Бұның осыған берілгені сонша, кейде келе жатып, анадайда жерде тұрған бес-алты адам көрсе, ортасына кіріп кетіп, қалай жайпап тастайтынын өзінше көз алдына елестететін.

Бұларды Қазақстаннан алып келген сұлумұрт майордың ныспысы Субботин болып шықты. Бойы бұның өзімен шамалас, бірақ латыш Янис пен Дадулагудың тура  иығынан ғана келеді. Жауынгерлерді жекпе-жек қол ұрысына жаттықтыратын осы Субботин еді. Бір ғажабы, ақырып-зекіруді білмейтін, мінезі сондай биязы адам. Небір ашу шақыратын сәттерде, өзін-өзі бір қалыпта ұстай білетініне таң қалатын. Соңынан Cубботинның әңгімелерін тыңдай жүріп түсінді, бұл туа-бітті мінез емес, көп жылдар шығыс жекпе-жегі өнерімен айналысқан адам ұрыс тәсілдерімен бірге, өзінің мінез-құлқын меңгеруді де үйренеді екен.

Мына бір оқиға есінен кетпейді.  Алғашқы жаттығуларда баяу сөйлеп, өзін қарапайым ұстайтын Субботинды кейбір жауынгерлер менсіне қоймайтын мінез танытты. Әсіресе, спорттан хабары бар қалалы жерден келген мықтылар. Субботин осыны өзі де байқап жүрсе керек. Бір күні жаттығуда жекпе-жек өнерінің теориялық тұстарын түсіндіре келіп, осыны іс жүзінде жасамақ мақсатпен:

-Қане, маған қарсы екі адам шығыңдар, қайсың дайынсыңдар? – деді де, қатар-қатар тізіліп отырған жауынгерлерге көз салып өтіп, ортаға Янис пен Дадулагуды шақырды. Басқа жауынгерлерден ерекшелігі, бұлар спорт шеберлері. Оның үстіне, бойлары екі метрге жуық, кәдімгі алыптар. Мынау шын айтып тұр ма дегендей, екеуі еріне басып, ортаға шықты. Бұларға сәл қарап тұрған Субботин:

-Өздерің таңдаңдар, екеуіңді біріңнің үстіңе біріңді әкеліп жығайын ба, әлде қатар жатқызайын ба? – деп сұрады.

Бұл сөзге латыш Янистың намысы келді білем:

-Жолдас майор, Дадулагу екеуміз құшақтаса қалсақ, ортамызда езіліп қалмайсыз ба? – деді қиқарлана. Отырғандар мәз болып күліп жатыр.

-Ол да мүмкін, – дейді жайбарақат қана Субботин.

Өзімсінген майорды тез орнынан қоя қояйық деген екеуі екі жақтан жақындай бергені сол еді, қарап отырған бұлар тіпті не болғанын аңдай алмай қалды. Әлгілердің ортасына кіре берген Субботин, екеуін әп-сәтте бірінің үстіне бірін дүрс-дүрс еткізіп құлата салды. Отырғандар у-шу болып қол соғып жатыр. Мынадайды күтпеген екі алып ызадан жарылардай болып, енді Субботинды жеп тастауға дайын тұр.

-Енді екеуіңді қатар жатқызам, – деді ол жайбарақат қана. Тағы да жаңағы жағдай қайталанды. Ызалана ұмтылған екеуінің арасында сәл қырындап тұрған майор бар болғаны екі-үш-ақ шалт қимыл жасағандай болып еді, барынша зер салып қарап отырған бұлар, екеуінің қатарласа келіп қалай жығылғанын да байқамай қалды.

Міне, осыдан кейін-ақ, Субботин бұлардың алдында кәдімгі тірі құдайға айналып жүре берген. Екі жылдың ішінде бұл одан тек қол ұрысы өнерін ғана емес, не бір қиын-қыстау немесе ашу шақыратын сәттерде өзін-өзі қалай ұстау керек екенін де үйреніп еді.  

Екі жыл бойында жалғыз бұған емес, барлығына қиындық туғызған ұшақтан парашютпен секіру болды. Ең алғашқы жаттығу әлі есінде. Гуілдеп ағып келе жатқан ұшақтың ішінде нұсқаушының: «Дайындалыңдар!» – деген әмірлі дауысы шыққанда, селк ете қалғаны есінде. Арнаулы люк ашылып, ішке лап етіп суық жел енді. Алдында парашютті қалай пайдалану жөнінде сан мәрте жаттығудан өткен.  Сондықтан ойланып тұратын мұрша жоқ. «Бірінші, екінші» деп секіріп кетіп жатыр. Бұның да кезегі келді. Үңірейген қап-қара қуыстың алдына жүрексіне жақындап, ұшақтың қанатындағы тынымсыз жыпылықтаған қызыл шамға, сосын өзі енді аттамақшы болып тұрған түпсіз құрдымға қарады. Іштей «бисмилла» деп күбір етті. Есіне әжесі түсті. «Құлыным, байқап секір, бір жерің ауырып қалмасын!» – деп тұрған секілді. Сосын нұсқаушының үйреткеніндей, түпсіз қараңғылыққа бар денесімен құлай кетті. Бір байқағаны, алғашқы секіру тура өзіңді-өзің ажалға айдағандай болады екен. Не өлермін, болмаса тірі қалармын деген сияқты. Себебі қашан, қай жерде табаныңның қара жерге тиерін білмейсің. Секірісімен-ақ бұл жанталасып парашют шығаратын шығыршықты ізеп тауып, тартып қалды. Қалай ашылғанын да білген жоқ. Тек парашюттың аспа жібі екі шабын солқ еткізіп тартып қалғанда, бір сәт аспанның төсінде асылып қалғандай күй кешкен болатын. Дереу жоғарыға көз салып еді, жайылған аппақ шатырды көрді. Сосын шамалы сәттен соң, табаны қара жерге тигенін біледі. Жүгіре басып, құлай кеткені есінде. Осыдан кейін сап-салқын жерді құшақтай жатып, өмірдің соншалықты тәтті екені жалғыз-ақ сәтте сезінгендей болып еді.

 Әскери тірліктің аласапыранға толы  күндерін бастан кеше жүріп, Құралайды бір сәт жадынан шығарған емес. Бір қызығы, елден алыс жерде жүргенде, біреуден, әсіресе жаныңа ерекше жақын адамыңнан үздігіп хат-хабар күтеді екенсің. Оның үстіне Ардақ әпкесі хат жолдаған сайын бұның дегбірін алып, Құралаймен хабарластың ба деп сұраудан жалықпайды. Алғашында алған  бетінен қайтпай, хабарласпай-ақ қояйыншы, мүмкін  уақыт өте келе арамыз суынар деп ойлаған. Бірақ ұмыта қою оп-оңай емес екен. Кей түндері талай уақытқа дейін ұйқысы келмей, жатып алып Құралайды ойлайтын. Мектептегі алаңсыз балалықты, Айбаттың басына шығып, қол ұстасып жүрген күндерді сағына есіне алатын еді. 

Ақыры бұдан ештеңе шықпасын білді ме, Ардақ Құралаймен өзі хабарласып, бұның әскери бөлімінің мекен-жайын беріпті. Ұзамай-ақ, Құралайдан хат келді. Бұларға келген хат-хабар «қызыл бұрыш» деп аталатын бөлмеге келіп түсетін. Саған хат жатыр дегесін барып еді, қолма-қол тани кетті. Өзіне сондай ыстық, сондай етене Құралайдың маржандай жазуы. Хат емес, Құралайдың дәл өзімен кездескелі тұрғандай, жүрегі аузынан шыға соғып кетті. Бір бұрышында «авиа» деген жазуы бар әдемі конвертті қолына алуын алғанмен, апырмай, не жазды екен деп, ашуға батпай біраз толқып отырды. Сосын көпшіліктен оңаша, казармадан әрірек, оңашалау ағаштың ішіндегі сәкіге барып отырып, бірдеңесін бүлдіріп алмайын деген адамша, конвертті еппен ғана ашып, ішіндегі екі бүктелген хатты аялай сипап, ақырын ашты. Бір таңқаларлығы, Құралай өз хатында хабарласпай кетіп қалдың-ау деп бұған  ешбір өкпе-реніш білдірмепті. Дегенмен аяқ асты айтпастан кетіп қалуында бір сыр барын сезетін секілді. Бірақ оны қазбалап сұрамапты. Сөз арасында ғана: «Неге үн-түнсіз кетіп қалдың, шығарып салар едім ғой» – депті жай ғана. Қарның ашып, тоңып жүрген жоқсың ба, ауылды сағындың ба депті тағы. Оқуым ойдағыдай дейді. Тез хабарлас, не керегіңді айт, сәлем-сауқыт жіберем депті. Ең бір жақын адамы сияқты сөйлейді. Құралайды шын сағынғанын жаңа білді. Елден алыс жүргесін бе, хаттағы әрбір сөз жанына шуақ нұрын құйғандай, тіпті ауылға барып, елмен жүздесіп тұрғандай күй кешіп, керемет толқыды. Тіпті әпкесі Ардақтан хат алғанда дәл осындай сезімді бастан  кешпейтін.

Қой деді сосын өзіне-өзі ақыл беріп, шешесіне өкпелегенмен, Құралайда не жазық бар, енді кергігенімнің жөні болмас деп, апыл-ғұпыл хат жазуға отырды. Өзінің жағдайын қысқаша баяндап, хабарласпай кетіп қалғанына кешірім сұрады. Солай етуге тура келді, барғасын бәрін түсіндірем деді. Егер Құралайға хат жаза қалсам, айтатын сөзім таусылмас деп ойлаушы еді алдында, енді бірер ауыз амандықтан соң, жазар ештеңе таппай, қаламын тістеп отырып қалды. Дегенмен ананы-мынаны айтып, бір беттен аса толтырғандай болды. Хатты пошта жәшігіне салғасын, үлкен бір шаруа тындырып тастағандай, көңіліне кәдімгідей шуақ кіріп, емен-жарқын бір күйге түсіп еді. Тіпті мына сүреңсіз әскери өмір де керемет болып өзгеріп, айналасындағы күнде араласып жүрген роталас солдаттар да көзіне ең бір жақын адамдары секілді боп көрінгендей. Өзінен-өзі қанат біткен адамша жүгіріп спорт алаңына барып, беліне дейін шешініп тастап, турникке асылып, бірнеше мәрте шыркөбелек айналып түсті. Сосын әбден ащы тері шыққанша жаттығу жасады. Сосын сәл-пәл тыныстап алды да, казармаға қайта оралып, отыра қалып, әкпесі Ардаққа бір ауыз сәлем жолдады. Менен басқа кімі бар, ала көңіл болып жүрген шығар деп, қысқаша амандығымен бірге, Құралайдан хат алғанын да айтуды ұмытпап еді.

Бір-бірінен еш айнымайтын  әскердің тынымсыз тірлігі  ақырындап жылжуда. Бұл қазір әбден ысылып, алдыңғы қатарлы жауынгерлердің бірі болып алды. Берілген тапсырманы мүлтіксіз орындап, жылдам игеретін болғасын, командирлері де бұған басқаша көзбен қарайтын болған. Қатарлас жүрген солдаттардың алдында да абырой-беделі кәдімгідей жоғары. Тіпті кейде, ауылға қайта барғанда не істеймін, біржола осы тірлігімді әрі қарай жалғастырып, арнаулы білім алып, әскери кадр болып қалып қойсам қайтеді деген ойға да келеді. Ана майор Субботин секілді болса, жаман ба? Құралайды да шақырып алар едім, оқуын бітіргесін деп қиялға беріледі. Өзім офицер, ол әскери дәрігер болар еді дейді іштей армандап. Бұрын Құралай жайлы жаттығудан босап, қалт еткен кезде ғана ойлаушы еді, енді хат-хабар алысқасын тіпті ойынан шықпайтын болды.

Дегенмен күнделікті дүрбелеңге толы әскер тұрмысы, үздіксіз өтіп жататын жаттығыулар, көп нәрсені ұмыттырып жібереді. Тіпті апталап орман кезіп, күндіз-түні ұйқы көрмей жүрген кезде, ешнәрсені ойлауға мүмкіндік бола қоймайды.

Осындай жаттығулардың бірінен шаршап-шалдығып, жаңа оралып, казармаға кірген беті еді, кезекші солдат бұған хат келгенін хабарлады. Дәлде болса Құралайдан шығар деп ойлаған бұның кеудесін бір жып-жылы сезім шарпып өтіп, жаңағы шаршағанының барлығын қалай ұмытып кеткенін білмей қалды. «Қызыл бұрышқа» жүгіре басып кіріп, көкшіл матамен тысталған үстелдің үстідегі көп хаттың ішінен өзіне дегенді тауып алып, сыртына көз жүгіртіп еді,  жазуы бейтаныс. Апырмай, бұл кім болды екен деп ойлады. Әлде елдегі жамағайын, туыс-туғандардың бірі ме екен. Жарайды, кім де болса, жуынып, демалғасын оқырмын деп, қалтасына сала салған.

Топырласып моншаға барып, одан кешкі тамаққа сапқа тұрып жүргенде, манағы хат ойынан тарс шығып кетіпті. Тек жатар уақытта есіне түсіп, ашып көрді. Парақтың бас жағына көз салып еді, «сәлем хат», «амандық хат» деген секілді үйреншікті жазуды көре алмады. Тек жолдың басынан еш амандық-саулықсыз «Әй, Арғын!» деп басталыпты. Түкке түсіне алмаған бұл көзін әрі жүгіртіп еді, хат Құралайдың шешесінен екенін біле қойды. Кәдімгідей жүрегі мұздап кетті. Бұл жолы өткендегідей қарағым, шырағым деп мәймөңкелемей, турасынан кетіпті. «Баламның мазасын алма, сенің теңің емес, сөз байласып жүрген адамы бар» – депті. «Мен тұрғанда саған әйел болмайды» – депті. Тағы да көңілге келерлік біраз сөздер айтыпты. Жүрегі мұндай қараймас. Біреу кеп басынан салып кеткендей, хатты уыстай умаждап біраз отырды. Негізі ана жолғы Құралайға жазған хаты мына кісінің қолына түскен сыңайлы. Әлде Құралай аңқаулықпен бір жерге қоя салып, содан оқып қойды ма екен.

Апырмай, бұл кісіге мені сонша жек көретіндей не істедім екен деп ойлады. Әке-шешесінің тірі кезінде сыйластығы үзілмеген қос шаңырақ сырлы аяқтан бал жаласып дегендей, екі күннің бірінде шақырысып жататын. Тіпті бұның атын да атамай, «Арғынжан» деп үзіліп отырушы еді. Не деген алдамшы адам деді іштей. Бұны сонша жек көретіндей не жазды? Бар айыбы әке-шешесінің өмірден ерте озғаны ма? Не істесем екен енді?  Бұл кісінің жазғанына қарағанда, Құралайдың маңына тірілей жолататын емес секілді. Әлде барлығын жасырмай Құралайдың өзіне айтсам ма? Егер енді жолықпайтын болсақ, мені кінәсіз екенімді білсін.

Осылай ұшы-қиыры жоқ ойдың жетегінде отырғанда, түннің де біразы болып қалған сияқты. «Неге жатпайсың?» – деген жолдастарының сөзін керек етпей, мең-зең болып ұза-а-қ отырып еді.

(жалғасы бар)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *