Жұмабек РАХЫМБЕКҰЛЫ, өлкетанушы, Ақмола облысы, Ерейментау аудынындағы Ажы ауылында тұрады.
ҚОЗҒАН БЕКШЕ МЕРГЕН ЖАЙЛЫ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР. ТҮРКІСТАН САПАРЫ
Бір жоғыңды іздесең, екінші жоқты табасың демекші, кейде бір нәрсенің екінші бір жағдайға себі тиіп жатады ғой. Абылай хан заманының айтулы батырларының бірі болған бабамыз Бекше мерген Жайлаубайұлы жайлы бала күнімізден естіп, кітап бетінен оқып біліп жүрсек те, ол туралы жан-жақты жазып, дәріптеу жағы кемшін болып жататын. Бұл әрине, кезінде ескерілмей, тарихи деректердің болмауына байланысты.
Дегенмен, мына бір жағдай батыр бабаның есімін Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген тұлғалар тізіміне енгізіп, кейін ол туралы мақала жазып, қалың бұқараға таныстыруға себеп болды.
2014 жылдан бастап «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Орталық-Шығыс бағытындағы Астана-Павлодар-Қалбатау-Өскемен автомагистралді тас жолы салына басталғаны белгілі. Осы тас жолдың бойымен Павлодар қаласынан Астанаға қарай сапарлаған адамдар аңғаратын шығар, Шідерті кентінен елу үш шақырым қашықтықтықта, Өлеңті өзеніне жарты шақырымдай қалғанда оңға қарай кететін ерекше жол бұрылысы бар. Оны «ерекшелігін» айтып өтейін. Автобан бойындағы өзге жол нысандары, жол бұрылыстары, мал айдап өтетін жол асты өткелдері, автокөлік қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін айналма жол қиылыстары жобалық-сметалық құжаттармен бекітіліп, талапқа сай жасалған десек те, Ажы ауылына бұрылатын бұрылыс жабылып қалды. Яғни бұл бұрылыс жобалық саметада қаралмаған деген сөз. Осы жағдай ауыл адамдарына қиындық туғызатыны айтпаса да белгілі. Міне, Ажы ауылы үшін аса қажетті болған осы мәселемен айналысып жүріп, бірде ауылдық әкімшіліктің кеңсесіне келдім. 2018 жылдың 9 сәуірі күні «ҚазАвтожол» ҰК АҚ Басқарма төрағасы А.Е.Қизатовтың қабылдауына жазылған едім. Сол үшін қағаздарды реттеу керек болды. Ауыл әкімі Шәку Тойтықызынан тиісті қағаздарды алып болған соң, ол кісі маған: — Сіз газет оқисыз ғой, мына газетке жазылуға болады деп, Көкшетау қаласында басылып шығатын «Бұқпа» деп аталатын газетті ұстатты. Газет, кітап көрсем оқып шығуға асығып тұратын қашанғы әдетімше үйге келе салысымен көз жүгіртіп өттім. 2017 жылдың 28 желтоқсанындағы №49 саны екен. Газеттің алтыншы бетінде еңбек ардагері, ақын Айдос Әбутәліпұлының «Ғалымның хаты өледі – жалған болса» деген тақырыппен мақаласы жүр екен. Автор өз мақаласында Қарауыл руынан шыққан Дүйсен саятшы хақында ой өрбітіп, осы тарихи тұлғаның мәйіті Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде екенін, бірақ бір себептермен оның есімі сонда жерленген тұлғалар тізімінде жазылмағанын айтып өтіпті. Бірақ автор осыдан соң бабасының есімін жерленгендер тізіміне енгізу мәселесімен айналысып, 2010 жылы Дүйсен саятшыны кесенедегі киелі тізімге енгізгені туралы жазады.
Осы мақаланы оқып шыққан соң, менің мазам кетті. Әр қазақтың отбасында өз әулеттерінен шыққан атақты тұлғалар жайлы түрлі әңгімелер айтылып жатады ғой. Апыр-ай, біздің де батыр бабамыз Бекше мерген Түркістандағы Әзірет Сұлтанда жерленген дегенді естуші едік бала күнімізде ел үлкендерінен, осыны неге қолға алып, анықтамасқа деп ойладым. Дереу Баянауылдағы көргені мен түйгені мол абыз ағамыз Мүкарәм Тиыштықбайұлына телефон шалып, ол кісіге газеттен оқыған мақала жайлы айтып, Бекше баба мәселесімен айналыспақ ойым бар екенін, Түркістанмен хабарласпақ ниетім барын жеткіздім. Сол уақытта қатты сырқаттанып жүрген ағамыз: «Бастаған істеріңе сәттілік тілеймін!» – деп аталық батасын берді. Сонымен қатар ол кісі Бекше бабамызға қатысты мынадай бір аңыз әңгімені айтып берді.
Бекше батыр Жайлаубайұлы, ХVІІІ ғасырдың қаһарманы. Суреттің авторы – Өсербай Шоранов
Қазақ- қалмақ соғысының біраз уақыт саябырсып, ел ішінің тынышталған кезі екен. Сөйтсе де, бір айдың тоғызыншы жұлдызында Бекше мерген қасына тете өскен Өтеміс деген інісін ертіп, бір топ адаммен жоңғарға жорыққа шығуға дайындалады. Олардың бұл ойын аналары құптамай: «Балам, бүгін түнде жаман түс көрдім, ініңді қатер тосып тұрған секілді. Жаныңа Өтемісті ертпе, жаманшылықты жүрегім сезіп тұр!» – депті. Бірақ жауға бет түзеген Бекше мерген анасының сөзіне онша мән бере қоймай, аттанып кетіпті. Шынында да ана жүрегі сезсе сезгендей екен. Жорықтан соң үстіндегі сауытын шешіп тыныстап отырғанда, топ арасында жүрген жансыз Өтемісті аңдаусызда атып өлтіреді. Ана сөзін ескермей, інісінен айрылып назаланған Бекше батыр: «Бұдан былай ұрпақтарым айдың тоғыз саны бар күндерінде жолға шықпасын, үлкен істі бастамасын!» – деген өсиет қалдырған екен. Міне, бүгінгі күндерге дейін батыр ұрпақтары осы сөзді көкейге түйіп, әр айдың тоғызыншы жұлдызында сапарлап жолға шықпайды, қандай да бір шаруаны бастамайды. Бабадан қалған бұл ырымның мәнісін Мүкарәм аға маған осылай түсіндіріп еді.
Сөйтіп, араға күн салып Айдос Әбутәліпұлы ақсақалдың қалта телефонының нөмірін тауып, хабарластым. Ол кісі бұндай шаруаны бабалары қасиетті Түркістанда жерленді дейтін ақпараты бар барша жұрт жасап жатқаны жайлы айтты. Қазақ қоғамында батырлардың алар орны ерекше ғой. Сол кезде Дүйсен саятшыдан бөлек, Көкшетау өңіріндегі ұрпақтары Жеке батырдың, Қарауыл Жәпек батырдың Түркістанда жатқанын дәлелдеп, басына белгі орнатыпты.
Айдос ағамен әңгімелесіп алған соң, ол кісіден естіген әңгімеден әсерленіп, жеке мұрағатымдағы Бекше бабамызға қатысты деректерді тағы бір шолып өттім. Өйткені өзімде алдыңғы толқын ағалардан естіген, кітап-журнал бетінде жарық көрген бірсыдырғы мағлұматтар жыюлы еді.
Бекше бабамыз туралы деректер негізінен Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының «Абылай аспаған сары бел», «Абылай заманындағы батырлар» атты еңбектерінде жазылады. «Абылай аспаған сары бел» әңгімесінің мазмұнын көзі қарақты оқырман білетін шығар деп ойлаймын. Дегенмен, оқымаған адамдар біле жүрсін деп, аталмыш әңгімені назарларыңызға ұсына кеткенді жөн көрдім.
Абылай хан Алатаудағы қырғыз, қалмаққа аттанып бара жатып, Қаз дауысты Қазыбек бидің еліндегі бір асқа кез болады. Сол жерде Шаншар елінің желбас бозбалалары: «Анау тұрған ханның басындағы бөркін қағып түсірер ме еді, не қаһар қылар екен?» – десіпті. Сонда Қазыбек бидің інісі, Мөртаңдайлы Балапан деген арт жағынан барып, аңдаусыз тұрған ханның басындағы бөркін қағып жерге түсіреді. Хан жерге түскен бөрікті алып киместен, жүре береді.
Замандардан заман өткенде, Қаракесек, Төртуыл қалашылап Қызылжарға барғанда, ішіне кек сақтап жүрген Абылай хан Төртуылдан Ботақан, Қаракесектен Жанай деген екі адамды ұстатып алып қалады.
Қазымбеттің баласы – Қанай, Жанай,
Ортаншысы – Атымбай, кенжесі – Анай.
Қараұзақ пен Сарыұзақ – қара қалған,
Қол тигесін сұраймын әлдеқалай, – дейтұғын өлеңге қосылған Жанай – соқыр Бибаланың әкесі, Қаз дауысты Қазыбектің немересі. Ботақан байлауда ызыланып ас-су ішпей, тұтқында жатып өліпті. Жанай байлауда отын оттап, суын ішіп жата беріпті.
Базаршылар елге келген соң, Төртуыл, Қаракесек намыс қылып, көтеріле атқа мінді дейді. Қаз дауысты Қазыбектің баласы Бекболаттың алпыс бестегі күні екен, Едігенің жиырма бестегі күні екен. Сол күнде Бекболаттың қыстауы Жаман Далбада, Батырдың Бейсені қыстап отырған Қаратомарда дейді. Едіге бидің қыстауы Қарағайлы бұлақ деген жерде, үлкен тоғайдың түбінде екен. Бекболат пен Едіге атқа мініп, Бес Мейрамның баласына ат шаптырды, қол жиды дейді, «Абылайды шабамыз!» деп.
Күлік-Шобалай Жаңабатыр биге кісі жіберді дейді, «дуагер болсын» деп. Жаңабатыр бидің қартайған кезі екен, өзі жүрмей, баласы Жанақты жіберіпті дейді: «Бекболат пен Едігеге сәлем айт, ханын жаулаған қалмақ оңбаған, ханын шайқаған қара оңбайды. Абылаймен ұрыс қылмасын, бітім қылып жарассын. Арашашы бол!» – деп қосты дейді.
Үш мың кісі жиылып, Мейрам боп атқа мінді дейді. Бұл хабарды естіген Керей-Уақ дүрлігіп үркіп, ішке түсіп кетті дейді. Көп замандар өткеннен кейін, Тұрлыбек атқа мінгеннен соң, Керейді көшіріп алып келіп, қалың Шұбарды қоныс қылып берген. Сонда да уақтың бәрі іште қалды дейді.
Мейрам болып атқа мінді деген хабарды естіп, сескенген Абылай Көкшетаудан қозғалып, Жолдыөзекке қарай көшті дейді. Көшіп жатқанда, Абылайдың ханымы айтты дейді:
–Кеше өзің көрген Қаз дауысты Қазыбектің баласы Бекболат алпыс бесте атқа мінді. Жай мінген жоқ, «Не Абылайдың басын алмасам, не қатынын ат көтіне салмасам, қара қазанын қақ айырмасам, әкем Қазыбектің аруағы ұрсын!» – деп мінді. Қара қазанды асулы бойымен жұртта қалдырыңыз. Сиыр атаулыны айдатпай жұртта қалдырыңыз. Бір күн қарыны ашқаннан, қырық күн ақыл сұрама деген. Аш атасын танымас деген сөз бар емес пе? Сиырды топырлатып айдап кеп сояр да, даяр тұрған асулы қазанға асып жер. Тамақтары тойған соң, сабаларына түсер. Ұрысамыз, соғысамыз дегендерін қояр, – дейді.
Бұл да жобалы сөз екен деп, қара қазанды асулы, үш жүз қаралы сиырды жұртқа тастап, көшіп кетеді. Жасанған қол көшіп кеткен жұртты, асулы тұрған қазанды, жайылып жатқан сиырды көріп, сонда Бекболат ат үстінде тұрып сөйлепті:
–А, жұртым, Абылай текке жаралған жан емес, хас әулие! Ондай кісіге соқтығу жарамайды. Үйден шыққанда үш ойым бар еді: «Абылайдың басын кессем, қатынын ат көтіне салсам, қара қазанын қақ айырсам» – деген. Жазығы жоқ қазанды қалай қақ айырайын. Ана жатқан сиырды шетінен әкеліп сойыңдар да, аппақ майға бір кенеліңдер, – дейді. Сөйтіп, сиырларды сойып, туларын қандап, тамаққа тойып, мәре-сәре болысыпты.
«Бұл Абылайдың басын аман алып қалған қара қазан» деп Бекболат қазанды үйіне алып келіп, қанша жыл асып, онан соң баласы Тіленші би асыпты. Кейін Абылайдың қалмақ қатынынан туған Шама төре Тіленшіге қара нарға қалы кілем жауып апарып, «бабамның жолы» деп, қазанды сұрап алыпты.
Бекболат пен Едіге: «Кел, енді бұнымен елдесейік, елші жіберейік» – десіп, Орманшы Ақсары-Шотананың Шотанасын жібереді. Бұл Шотана қандай кісі болғанын сөйлейік. Әулиелі Қызылтауда «Шотана тасы» деген биік тас бар. Шотананың қорасы сол тастың түбінде болады. Бір қараңғы түнде Шотананың екі өгізін ұрылар алып кетіпті. Таң атқан соң қараса, қорада өгіз жоқ, сонда Шотана үйдің сыртындағы тастың үстіне шығып айғай салыпты:
–Атым – Шотана! Екі өгізімді алған кім де болсаң, іннің түбіне кіріп кетсең де жаныңды қоймаймын! – деп. Алған ұры екі кісі екен. Артымыздан келіп қалған екен деп, өгізді тастай қашыпты.
Осы Шотана елшілікке бармақ болғанда: «Айтатұғын сөзді біз үйретейік пе, әлде өзің айтасың ба?» – деп сұрапты.
–Екеуің азар болса он бес ауыздан, отыз ауыз сөз үйретерсің, ол таусылып қалған соң, немді айтам? Құдайдың ауызға салғанын өзім-ақ айтармын! – деп Шотана жүріп кетіпті.
Абылай ханға барып келген соң, Бекболат пен Едіге алдарына тұрғызып: «Не дедің Абылайға?» – деп сұрапты. Сонда Шотана:
–Хандарыңа бардық, алдияр тақсыр деп сәлем бердік. «Мейрам болып атқа міндік, үш мың кісі қол келдік. Бекболат пен Едіге жіберді. «Бақ деген бір қу таяқ. Оған сүйеніш болуға ырыс, құт керек. Көдедей көп сарттың ортасында жүріп хан болатұғын болсаң, көзің көрмеді ме, қолың тимеді ме?! «Дүние бұзылса, Бұхарға сыяды, Бұхар бұзылса, дүниеге сыймайды» деуші еді. Бұхарға сыймай, жалаң аяқ, жалаң бас қашып кеп едің. Қара басың қаңғып жүріп, Сарыарқаға сыймағаның ба?! «Ер толқыса, ел сүйейді, су толқыса, жар сүйейді». Ел – толқыған су емес пе, хан деген – оған сүйеу боларлық жар емес пе? Лақтың ойнағанына құлаған жар, елге сүйеу болуға жарай ма? Ботақанның құнын берсін, Жанайды босатсын! Мың кісінің жолына «жетім» бастатқан «тоғыз», мың кісінің жолына түйе бастатқан «тоғыз», мың кісіге ат пен шапан. Оны қылмаса, тұрысатын жерін, ұрысатын ерін айтсын! – дедім» – дегенде, Бекболат: «Айтқан аузыңнан айналайын, сені көтеріп тапқан қатынның ана жерінен айналайын!» – депті.
Хан: «Ертең Жолдыөзектің бойынан табысайық» – депті. Сонда Олжабай: «Мені бұл қосынның ішінде бар ма деп сұрады ма?» – депті.
–Сұрады. –Ендеше бұл бізбен ұрыса алмайды.
Бір ұрыста алтын қақпаны дал-дұл қылғанымда, Абылай қалш-қалш етіп, түсі қашып, дірілдеп тұрды, – депті Олжабай. Сонда Шотана: «Ханның өзі де айтты, ту көтермеңдер, ту көтерсеңдер, Олжабайдың жыны қозып, көтеріліп кетеді деп» – депті.
Абылай Жолдыөзектен өтіп қонып, бір жағынан бұлар да барып, тосып жатты. Ертеңінде қараса, желкілдеген ту жоқ, жер қайысқан қол жоқ, бір-екі аттылы келеді дейді. «Бұл не қылған жан?» деп таңырқап тұрса, Абылай хан мен Балтакерей Тұрсынбай батыр екен. Екеуден-екеу келе жатқанын көрген соң, Бекболат пен Едіге де атқа мініп, алдынан шығыпты. Сонда Қозған Құлыке-Бекшенің Бекшесі – оғын құралайдың көзінен өткізетін мерген екен.
«Бұл сартты жалп еткізейін!» – деп, мылтығының сирағын жерге қадай бастағанда, Жанақ жүгіріп келіп, ұстай алыпты.
Хан бәрін көріп келеді. Аралары жақындай бергенде, Едіге: «Көтерген де өзің, көтіме қолды салған да өзің…» – дей бергенде, Күлік Көтеш ақын бала күні екен, көлденеңдеп барып, өлеңді қоя беріпті:
Абылай, Ботақанды сен өлтірдің,
Есіл ер, жазығы жоқ, неге өлтірдің?!
Хан басың қарашаңмен даулы болып,
Үстіне ақ орданың қол келтірдің.
Абылай, күйдірді ғой салған налаң,
Мейрамға қандай еді жапқан жалаң?
Жанайды дәл бүгін күн босатпасаң,
Болады ертең жесір қатын-балаң!
Сөз құрыды, сол жерде бітім, тыным болып, жарасты. Абылай кейін: «Мылтық құрған кім еді?» – деп сұрапты.
–Қозған Бекше мерген.
–Талай жорықта бірге жүріп, бір торсықтан малта, бір табақтан ет жеген жолдас едік. Кісі кісіні жоқ жерде өлімге қия береді екен-ау! – деп, «мылтығының аузы қырсықпасын» деп бір түйе байлапты.
«Жүгіріп келіп, ұстай алған кім еді?» дегенде, «Күлік Жаңабатыр бидің баласы Жанақ» депті.
–Жаңабатыр Құдай жаратқан шын би ғой, баласын арашашы бол деп қосқан ғой! Қазақ ортасында ат шаптырған ұлы жиын, ас болса, Жаңабатыр бидің босағасына түйе бастатқан «тоғыз» байлансын. Жаңабатыр: «Осы ас – ас-ақ!» десе ғана, ат шауып, ас тарқасын. Әйтпесе, шабылмайтұғын болсын да, ас тарқамасын! – депті.
Ол заманда қаралы үйдің босағасында бір найза шаншулы тұрады екен. «Кісісі өлген қаралы үй екенін жұрт біліп, бата қылсын» деп. «Жыл өткенде сол найзаны Жанақ сындырып, ат-шапан оның жолы болсын! – деп Абылай хан осы кесімді билерге кестіртіп, жол-жора қылыпты. «Бекболат пен Едігенің жолы» деп екеуіне екі қыз сыйлапты. Бірінің аты Кішік екен. Осы Кішікті Бекболат өзі тоқалдыққа алып, одан туған балалар өздерін «Кішікпіз» деп атаған. Бірінің аты – Ұмсын. Оны Едіге ағасы Жоланға байлап, одан туған Далабай атанып, Далабайдан – Мұсабай қажы атанып, Мұсабайдан – Мақажан, Тақыш туған. Тақыш балалары бар, өсіп-өнген жоқ. Сөйтіп, хан – баяғы хан, қараша – баяғы қараша болып, масайрасып қайтыпты. «Абылай аспаған сары бел» атанған жер осы.
Аталған аңыз желісі бойынша ой пайымдасақ, Бекше мерген ата намысын қорғаған рулық деңгейдегі батыр сияқты боп көрінетіндей. Дей тұрсақта, «Жанталас» романында Ілияс Есенберлин бұл аңыздан бөлек, Қоқан ханы Әлім ханның алпыс мыңдық қолымен болатын шайқастарды жазып өтеді. Одан бөлек қазақ жасақтарының бірде жоңғар, бірде шүршіт әскерлерімен шайқастарының бел ортасында Бекше батыр қатысады. Бұдан бабамыздың жалпыұлттық межеге көтерілгенін, сол кездегі ел мен жер үшін болған алапат шайқастарда аты белгілі талай баһадүрлермен үзеңгілес жүренін байқаймыз. Бұл сөзіміздің дәлелін Мәшһүр Жүсіптің «Абылай заманындағы батырлар» атты еңбегінен де оқи аламыз. Мәшекең: «Абылай ханның заманындағы қазақ жұртынан шыққан батырлар: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Көкжарлы көкжал Барақ, Шанышқұлы Бердіқожа, Сырым Малайсары, Балтакерей Тұрсынбай, Тарақты Байғозы, он сан Орта жүзге ұран болған ер Олжабай, Малай-Жәдігерден Жауғаш, Биғаш, Бөрі тонды Бөрте атты Бөрібас батыр, Орманшы Ақсары, Шотана, Қозған-Бекше мерген, қарауылшысы Әлтеке Жидебай батыр, Уақ Сары, Баян… Бұл айтылғандардың бәрі де Ербекейше бұзау жарып батыр атанған емес, жалғыз жүріп қалмақтың қамалын бұзған батырлар…» – дейді. (Алматы, «Ел-шежіре»-2009 ж).
Айта кетейік Ілияс Есенберлин романында Бекше мергеннің есімін Қапан мерген деп жазады. Егер Мәшһүр Жүсіп Көпеев 1931 жылы қайтыс болғанын ескерсек, «Абылай аспаған сары бел» оқиғасын қағаз бетіне одан ертерек түсіргені белгілі. Ал І. Есенберлин «Жанталас» романын 1973 жылы баспадан шығарған. Мәшекең жазатын «Абылай аспаған сары бел» оқиғасындағы Олжабай батыр, Көтеш ақын, Қаз дауысты Қазыбек бидің баласы Бекболат би, Тұрсынбай батыр, Жанай, Ботақан есімдері Есенберлин романында өз аттарымен аталады да, тек Бекше ғана «Қапан мерген» деп жазылған. Ендеше Қапанды Бекше мерген деп түсіну қажет және бұл еш талас тудырмауы тиіс. Өзім «Қазақ батырлары» атты кітапты, осы аттас газеттер тігінді-топтамасын қаншама рет қарап шықтым. Бірталай тарихи кітаптар оқыдым. Бірақ Қапан мерген атты қазақ батырын кездестірмедім. Тек қана Алматы облысындағы Сарқант қаласында Қапал батыр ескерткіш-бюстін көрдім. Ілекең шығармасында жазылатын Арқа өңірінің Қапан мергені емес, жетісулық Қапал батыр! Газет тігінділерінің бірінде жазушы Қалмұқан Исабаев өз атасы Шоқпар батыр атты мақаласында Баянауылдан шыққан батырлар туралы айтып өтеді. Солардың ішінде Бекше батыр есімін бала күнінен бері білгенін, талай рет естігенін жазады. Демек Бекшенің ата қонысы Баянауыл өңірінде екенін растай түседі.
Енді ата-тек сызбасын тағы бір қайталай кетсем, Бекше батыр шежіресі мынадай болады: Мейрам сопы – Бегендік – Оразгелді (Қозған) – Тәңірберді – Ораз – Құрманәлі – Баймұрат – Жайлаубай – Бекше. Бекшеден – Қожаназар, Жапатай, Өтен, Қонат атты төрт ұл тараған.
Бекшенің зерделі ұрпақтарының бірі жазушы Зейін Шашкин 1963 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауидің мазарына әдейі барып, батыр бабамыздың басындағы құлпытасты көреді. 2002 жылы Зейін Шашкиннің 90 жылдығына орай «Жұлдыз» журналында жазушының немере ағасы Дайырбай Шашкиннің 1975 жылы жазған «Асқар тауым еді» деген естелік-мақаласын Мәкиза Дайырбайқызы Шашкина-Райымқұлова бастырыпты. Қазақ әдебиетінің өрелі тұлғаларының бірі Зейін ағамыз Дайырбай көкесіне екеуара әңгімеде: «Қожа Ахмет Яссауи мазарына бардым. Әдейі барып бабамыздың басындағы құлпытасты көрдік. Аштырдым, тазарттырдым, жазуын жаңарттырдым. Тіршілік болса, сол заманға бір оралып, бір үлкен шығарма жазсам деп жүрмін. Жинаған материалым жеткілікті! – деген екен. Батыр бабасы жайлы жазып, есімін тарихта қалдырам деп жүргенде, Зейін ағамыз өзі де айықпас дерттен мезгілсіз қайтыс болады. Дайырбай ағамыздың жазып қалдырған қолымыздағы шежіре-дерегінде Бекше бабамыз туралы былай деп жазылған:
Садағы кісі бойы құрандалы,
Жебесі сала құлаш бұрандалы.
Атамын деп ханекеме садақ тартты,
Жас Жанақ хас мергеннің қолын қақты.
Енді осы Бекше бабамыздың Түркістанда жерленгенін дәлелдеу жұмысын қолға алып, Астана қаласында ішкі істер бөлімінде қызмет атқарып жүрген тағы бір Бекше ұрпағы полиция полковнигі Марат Бегім бауырыммен хабарласып, ол Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық- музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат пен оның орынбасары Бүркінбаев Серіктің байланыс телефонын алып берді.
Енді қолдағы бар мағлұматтардың басын құрап, бұл жақтағы батыр ұрпақтарының атынан хат дайындаймыз, сосын Түркістанмен хабарласамыз деп жоспарлап жүргенде, 13 сәуірде Баянауылдан Мүкәрам ағамыз өмірден озды деген қаралы хабар жетті. Тірісінде аты аңызға айналған ағамызды ақтық сапарға шығарып салуға бардық.
Жақсыдан шарапат демекші, қаралы жиынға мәдениет министрлігінде лауазымды қызмет атқаратын Мәкиза апамыздың қызы Ақтоты Райымқұлова да келді. Қысылтаяң қарбаластың арасында уақыт тауып, жиен апамызға Бекше бабамызға қатысты атқарылар шаруалардың жайын құлағдар қылдым. Біз мына жақтан хат жолдаймыз, сіз қосымша Түркістанмен сөйлессеңіз деп едім. Ол кісі келісім берді.
Ауылға жеткесін Түркістандағы музей директорының орынбасары С.Бүркімбаевпен телефонмен сөйлесіп, ол жіберілетін қағаздардың, жасалатын шаруалардың ретін түсіндірді. Ақтоты апай да хабарласқан екен. Содан араға бірер ай салып «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи- мәдени қорық-музейі жанынан құрылған Ғылыми сараптамалық кеңесінің 2018 жылғы 3 қыркүйектегі отырысында күн тәртібіне қойылған: «Арғын Қозған Бекше мерген, онымен бірге Сіргелі Шоңай, Арғын Барғана батырлар кесенеде жерленгені туралы» Қаулы қабылданып, бабамыздың кесенеде жатқаны дәлелденді. Астанадағы Марат Бегім бауырымыз Түркістанға арнайы барып, бабамызға құран бағыштап, құжаттардың көшірмесін алып келді.
Одан кейін батыр бабамызды елге кеңірек таныту мақсатымен түрлі шаруаларды қолға алдық. «Ақбеттау» тарихи-танымдық, әдеби-көркем журналында, Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінде менің «Бекше мерген Жайлаубайұлы» атты мақалам жарық көрді. Мақаламен танысқан оқырмандар хабарласып, жақсы пікірлерін білдірді. Енді батыр бабамыздың бейнесін (портретін) салу қажет болды. Керекулік суретші ағамыз Өсербай Шорановпен хабарласып, ол кісі келісімін берді. Өз ортамызда аттары танымал алты ағамыздың суреттерін жіберіп, олардың жалпы ұқсастығын біріктіру арқылы, ортақ бір образды таңдадық. Сөйтіп батыр бабамыздың портреті де дайын болды. Мүкарам ағамыздың жылдық асына орай естеліктер кітабы құрастырылды. Мен де естелік ұсынып оған қоса Бекше бабамыздың портретін де жібергенмін. Сол сурет алғаш рет осы «Бекзат болмыс» атты кітапта жарық көріп, көпшілік назарына ұсынылды.
Ендігі кезекте Ахмет Ясауи кесенесіне барып, бабамыздың басына зиярат етуді ниет етіп, ол жаққа хат жаздық. Кесене басшылығы келетін делегацияны күтетінін және мовзолей маңайындағы нысандарды тегін аралауға, ақысыз негізде экскурсиямен қамтамасыз етуге рұқсат беретінін айтып хабар жіберді. Алдын-ала құрметті қонақтарға батыр бабамыздың суретімен безендірілген шақыру қағаздарын жіберген едік. Топ мүшелерінің бәріне тапсырыспен «Арғын Қозған Бекше мерген батыр» деген жазуы бар және суреті салынған ақ түсті жейделер мен осындай логотиппен көмкерілген бас киім-бейсболка, жалаушалар, батырдың суреті салынған көлемді баннер тігілді. Кәдесый ретінде ішінде блокнот, қалам және Бекше мерген бабамыз жайлы жазылған мақаласы бар газет салып, сыртына Бекше батырдың суреті жапсырылған пакет дайындадық. Түркістандағы ағайындар арқылы мейрамханаға тапсырыс беріп, сонда берілетін асқа бір жылқы сойылып, жіліктеп артып алған едік. Қадірлі қонақтарға, ғылыми сараптама кеңесі мүшелерінің иығына жабу үшін бір түсті әдемі оқалы шапандар, т/б сый-сыяпат алынды.
Сөйтіп 2019 жылдың 24 қазаны күні арнайы көлікпен Түркістан қаласына сапарға шықтық. Еліміздің әр аймағынан, атап айтқанда, Баянауыл, Екібастұз, Атбасар, Астанадан жиналғандар арнайы көлікпен Астана-Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда-Түркістан маршрутымен жүріп, Арыстан баб кесенесінің басында түйістік. Жезқазған мен Қызылорда арасы бес жүз шақырымға таяу. Бетбақдаланың ен іші, елсіз жатқан жер екен. Жол азабын жүрген біледі демекші, екі арадағы жолдың жағдайын жазбай-ақ қояйын. Елден шығарда бір апта бұрын біздің жақта алғашқы қар жауып күн суытып еді. Шіркін, оңтүстік жаздың күніндей жаймашуақ жылы екен. Біз елге қарай қайта оралғанша аспанда шөкімдей де бұлт көрінген жоқ.
Түркістан қаласында облыстық маслихаттың депутаты Баймахан Сүлейменов пен Нұрмахан Сүлейменов бастаған ағайындар қарсы алды. Алдын-ала броньдалған қонақ үйге орналасып, жуынып-шайынып алғасын, жанымызға арнайы гид-жол бастаушы қосылып, кесене төңірегін аралап көптеген мағлұматқа қанық болдық. Арыстан баб мазарының жанындағы құдықтан су ішіп дәмін таттық. Суы кермек дәмді, ащылау екен. Бір кездері кесенеде тіреуіші боп тұрған алты ғасырлық ағаш-бөрене осы күнге дейін сақтаулы. Көріп таң қаласың. Кеңес өкіметі заманында Қазақстан мәдениетін басқарған тұлғалар арасында Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков есімдері ерекше аталады ғой. Солардың бірі, қазақтың біртуар ұлы Өзбекәлі Жәнібековты өзінің өсиеті бойынша осы жерде жерлеген екен. Мазарының басына барып құран бағыштадық. Көне Отырар қаласының қазба орындарын аралап, реставрациялық жөндеуден өткен сол замандағы моншаны тамашаладық. Заманауи үлгіде жаңадан музей салынып жатыр екен. Кешкісін құрамында Атбасар қаласындағы шежіреші ағамыз Сабыржан Кенжебаев, алматылықтар шежіреші Бақытжан Ысқақов, кәсіпкер Дәулет Жақыбаев (бұл жігіт жуырда қайтыс болып кетті), Асқар Иманбаевтар бар, атақты Сабыржан Махметов бастаған ынталы топ Алматы қаласынан келіп қосылды.
Келесі күн азаннан Укаша ата, Гаухар ана мазарларына зиярат етіп, дұға қылудан басталды. Көп бөгелмей қалаға жол тарттық. Облыс орталығы мәртебесін алғалы Түркістанда жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде екен. Ізінше Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне келіп, ата жолымен осында жерленген барша аруақтарға арнап Бекше ұрпақтары атынан қан шығарып, бір қой құрбан шалынды. Музей қызметкерінің жетекшілігімен мовзолей ішін аралап, біраз нәрсеге қанықтық. Әулие қабірінің жанына қазақтың жиырма бір ханы, жиырма екі биі мен елу жеті батырлары, барлығы үш жүзден аса игі жақсылары жерленіпті. 1999 жылдың 3 маусымында кесенеге алты жыл бойы жүргізілген реставрациялық жұмыстар кезінде табылған мәйіттер кіші Ақсарай деп аталатын бөлікке қайта жерленген екен. Осы қабірстан бөлігі тұсында қабырғаға ілінген тізімде бұнда жерленген қазақтың игі жақсыларымен бірге бабамыз Бекше мергеннің есімі 165-інші болып жазулы тұр. Ғимараттың шіне еніп, Баянауылдан әкелінген бір уыс топырақты қоюға рұқсат алдық. Әлімжан молла арнайы құран-хатым түсіріп дұға оқыды. Кесененің Ахмет Яссауи жерленген бөлмесінің дәл алдында осы мовзолейді салғызушы Ақсақ Темірдің жорық туы сақтаулы екен. Сырығының биіктігі он метр шамасындай. Бір көруге арман боп жүрген тайқазанды тамашаладық, суретке бастырып алдық. Тайқазан 1399 жылы құйылыпты. Сыртына қазанды жасатушы Әмір Темір деп және құюшы ирандық шебердің аты жазылған екен. Алдын ала жоспарлағанымыздай, Қылует жер асты мешіті-музейін, Яссауи заманынан бері бар Шығыс моншасы музейін араладық. Жұма мешіті музейі ішінде іргеде арнайы орында сақталып тұрған Қаз дауысты Қазыбек бидің жасыл түсті шапаны ілулі тұр. Шапанды бидің алтыншы ұрпағы Алтын Қожахметұлы 2008 жылы 3 мамырда өткізіпті. Шығыс монша құрылысы да күрделі жөндеуден өткен екен. Жөндеуге дейін бу беретін бөлмелері бір ғана май шаммен жылытылыпты деген әңгіме естідік. 1975 жылдарға дейін істеп тұрды дейді. Сол кездері Д.Қонаев осы моншаға Алматыдан арнайы келеді екен. Зиярат етіп жүрген адамдар қарақұрым. Жұма мешіті алдындағы құдықтың суын ішеміз дегендер кәдімгідей кезекте тұр.
Түскі сағат 13.00-де Кенесары көшесіндегі «Империал» мейрамханасында асқа жиналдық. Болатұлы Әлімжан орындаған Бекше батырға арналған арнау-жырымен ашылған дұға ретімен жалғасып жатты. Асты басқарып, асабалық жасап жүрген Серік Бәкірбаба әсем әндерімен құлақ құрышын қандырды. Арамызда бабасының есімін иемденген батырдың сегізінші ұрпағы тоғыз жасар Бекше мен сексеннің сеңгіріне шыққан қадірлі ақсақал, академик Зайролла Дүйсебеков бар еді. Өз сөзінде Зайролла аға бала Бекшеге аталық батасын беріп, батыр бабасы жайлы мынадай аңыз айтты. Жаугершілік күндердің бірінде Бекше мерген Абылаймен даулы болып, арты ерегіске жетіп, ханға мылтық кезеніпті. Осыған ренжіген хан: «Жұрағатыңнан жеті атаңа дейін қол жинайтын батыр, ел бастайтын адам шықпасын! –деген теріс бата беріпті-мыс. Сол батаның теріс уыты тарқап, қазіргі ұрпақтары ел қамын ойлайтын азаматтар болғанын тілейтін айтты академик ақсақал.
Ұлттық спорт түрінің бірі – жекпе-жек федерациясының президенті Сабыржан Махметов, Халықаралық сәулет академиясының академигі Саматбек Бөкебай, қадірлі ақсақалдар Жұмажан Паруов, Қабдолла Айтмағанбетов, Заманбек Әлкеұлы және түркістандық ақсақалдар жүрекжарды тілектерін айтты. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аға ғылыми зертеушісі Б.Байболов өз сөзінде: «Бабалары Түркістанда жерленді деген ақпараты бар адамдар осында хабарласып, дәлелді әңгімелерін айтуы тиіс. Егер титтей де ақпарат болса, кесенедегі тізімге енгізе аламыз» – деп құлағдар етті. Асты жөн- жоралғысымен атқарып болғасын, сол жерде тұратын Арғын ұрпақтары басқа мейрамханада біздерге дастархан жайды. Сол мәжілісте Қаз дауысты Қазбек биге Сарыағаш маңында зәулім ескерткіш орнатпақшы ойлары барын естідік.
Мұндай ауқымды шаруаны бір-екі адамның атқаруы қиындау ғой. Ел болып қолға алатан шара. «Бегендік батыр ұрпақтары» қоры аясында біріккен аталас-рулас ағайындар бұған барынш а қолдау көрсетті. Айта кетейік, жоғарыда аттары аталған аға- бауырлардан бөлек ұйымдастыру шаруаларының басы-қасында жүрген Қайдар Беляев, Ғарифолла Кенжетаев, Мылтықбай, Сәрсенбай Әлтаевтар, Қанат Мәжитов, Ерболат Ысқақов, Тоқсанбай Омаров, Даржұман Солтаналин, Нұрлан Әбдірахманов, Садық Шайкенов, Қадыр Мақашев, Оразбай Кенжебалин және Тоғжан апайымызға айтар алғысымыз шексіз.
Алатаудан Алтайға, Алтайдан Атырауға дейінгі дарқан даланы жаугершілік замандарда «елім үшін – жан пида» деп қолына қару ұстаған батырлар басқыншылардан қорғап қалмаса, бүгінгі күнге жете алар ма едік? Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын бермей, ұрпағына мирас етті» – деп нақтылап айтқан. Ендеше бүгінгі ұрпақ сол батыр бабаларының есімдерін ұмытпай, ерлік істерін ардақтай білуі қажет. Алдағы уақытта қазақ жерінің бір түйірін жатқа бермес үшін ат үстінде өмір кешкен Жайлаубайұлы Бекше мергеннің тарихтағы алар орны туралы ғылыми конференция ұйымдастыру міндеті тұр. Оқымысты ғалымдардың, өлкетанушы-шежірешілердің басын қосып, батырдың қазақ тарихындағы алар орнын анықтап алмақ ойдамыз. Жаз жайлауы, қыс қыстауы болған Баянауылдың көрікті бір жеріне ескерткіш тұрғызу үшін қазірден бастап қаражат жинастыру басталып кетті. ХҮІІІ ғасырда жасап, бар өмірі халықтың бостандығы үшін ат үстінде өткен батыр бабаны ұлықтау міндетіміз.